Жақында бір танысым аударма жасап беруді өтінген еді. Аударманы жасау барысында оның қандай аудиторияға, кімдерге арналғанын шамалағандай болдым. Анығын сұрағанымда, жұртқа әлеуметтік желі арқылы психологиялық тренингтер мен марафон өткізіп жүрген танысының кітабы екен. Бұл сізге де түсінікті болар. Қазір кейбіреулер аударманың арқасында кітаптан кітап шығаруда. Қысқасы, өзгенің ойын ұрлайтындардың дәурені жүріп тұр. Олардың өзге тілде, өзге менталитетке арнап жазылған дүниелерді саралап, жақсы мен жаманды талдап жатпастан аударып, жұртқа ұсына салатыны түсініксіз. Бұл санамызға теріс әсер етіп жатқаны жасырын емес. Кейбіреуі ғана болмаса кітап шығарғыштардың көздегені қазақтың болашағы, руханияты, ұлттық болмысы емес, көк қағаз деп ойлаймын.
Сонымен, өзім аударған дүниенің кітап болып шығатынына көзім жеткен соң, оның оқырмандары кім деген сұрақ мазалады. Алдымен кітап авторларының аудиториясына, яғни семинар-тренинг өткізіп жүргендердің әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылып, біраз уақыт бақыладым. Сонымен…
Олардың жазбалары жандүниеңізді жаулап алады: «Riches Company-ға жазылыңыз. Тіркелу – 10500 теңге. Ақшаны өміріңізде бір-ақ рет саласыз, басқа салмайсыз. Тауар сатпайсыз, балл жинамайсыз», «Байлық кодыңызды есептеп беремін, 2000 теңге. Аффирмациялар мен Сегиланы жасап беремін. Методика үйретемін, бағасы – 5000 теңге», «Ақшадан қиналып жүрсіз бе? Бәрі өз қолыңызда. Біздің тренингке қатысып, қаржылық қиындықтан құтылыңыз», «Жеке өміріңізде бақытсыз ба? Біздің марафоннан кейін махаббат пен бақытқа кенелесіз!». «Үш күн сайын 15 000 теңге тапқыңыз келе ме? Сізді портал-МК жобасына шақырамын. Портал өте оңай, тіркелу құны – 3750 тг. Бірінші үстелге 2 адам әкелесіз, шотыңызға бірден 2000 теңге түседі. Екінші үстелге тағы екі адам әкелесіз, карточкаңызға 13 000 теңге түседі. Басқа ештеңе істемейсіз». Әлеуметтік желіде түрлі тренингтер өткізіп жүргендердің ұраны, жарнамалары осылай жалғаса береді. Осындай жарнамаларды оқып отырып, бір сәтке дүниенің бар жаңалығынан, жақсылығынан құр қалғандай күйге түстім. Түсінбеген соң, өздеріне тікелей хабарластым:
– Сәлеметсіз бе? «Мастер кит» туралы білейін деп едім? Ол жайында ақпарат бере аласыз ба?
– Әрине. «Мастер кит» – телефоныңызға қондырылатын «жеке психологыңыз». Оны алдымен сатып алуыңыз керек. Бір айға – 30 мың теңге. 3 айға – 160 мың теңге. Бір жылға 350 мың теңге. Сізге тез көмектесу үшін бірден үш айлығын алуыңызға кеңес береміз.
– Сонда ақшаны сізге аударам ба?
– Маған немесе Ресейдің Қазан қаласында тұратын С. есімді келіншекке аударасыз.
– Мен орысша түсінбеймін. Қазақтарға арналғаны бар ма?
– Жоқ. Бізде бәрі орысша. Бірақ алдағы уақытта дүниежүзінің барлық тіліне аударылады.
– Сатып алғаннан кейінгі міндетім не?
– Сізді вацап желісіндегі тобымызға қосамыз. Онлайн сабақтар аласыз. «Голосовой смс» арқылы сұрақтарыңызды қоясыз. Сіздің «блоктарыңызды» ашып, «установкаларыңызды разблокировать» етіп, жеңіл өмір сүруге үйретемін.
– Маған қай жағынан көмектеседі?
– Бәріне көмектеседі! Өмірде не қалайсыз, соның бәрін береді. Ақша ма, үй ме, көлік пе? Жұмыс па? Бақытсызсыз ба? Тұрмысқа шыға алмай жүрсіз бе? Күйеуіңіз іше ме? Қысқасы, бағыңызды ашып жібереді! Ақша туралы айтпай-ақ қояйын. Өзімнің басымда несием болған, сондай қаржылық қиындықта жүргенде «мастер кит» сатып алдым. Қазір айлық табысым – орташа 500 мың мен 800 мың теңгенің арасында!».
Бұл әңгіменің шет жағасын білген соң, екінші адамға шықтым:
– Сәлеметсіз бе? Оқырмандарыңыздың барлығы «финкод» туралы пікір қалдырыпты. Мені де қызықтырды. Ол туралы толығырақ мәлімет бере аласыз ба?
– Әрине. Менен 8 мың теңгеге код сатып аласыз. Ол сіздің қаржылық кодыңыз. Егер тек психологиялық тұрғыдан ғана көмек аламын десеңіз, 4 мың теңге. Бұл төлемге нумерология кірмейді. Егер жолыңызды ашқыңыз келсе, міне, реквизитім, ақшаны осында аударыңыз.
Интернеттен мұндай ақыл-кеңес айтқыштарды мыңдап табуға болады. Бір ғана қоңырау арқылы бәрі де егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге, тауарын сатып алуыңыз үшін сізге сағаттарын жұмсауға дайын. Әрқайсысының оқырмандары 10 мыңнан бастап, миллиондардан асып жығылады. Дені – қыз-келіншектер. Олардың бақыт пен байлықтың кілтін өзінен емес, шетелдік түрлі бағдарламалар мен олардың түрлі тәсілінен іздейді. Ауадан ақша жасағысы келгендердің арасында елімізге танымал сахна жұлдыздары бар. Өздерінің әпке-сіңлілері немесе туыстарының саудасын жүргізуге ықпал еткісі келген әншілер сізді байлыққа әп-сәтте көміп тастайды.
Алайда өз тірліктерінің рахатын көріп жүргендер де баршылық. Солардың бірі – Шолпан Тоқтарханқызы (суретте). Ол былайша ой өрбітті. «Екі жыл сал болып, төсек тартып жаттым. Біреудің ауласында пәтер жалдап тұрдым. Сол уақытта қатты жалғызсырадым. Жанымда да өзім сияқты пәтер жалдап тұратындар көп еді. Олардың тек бір күнмен өмір сүріп жүргенін байқайтынмын. Ақылымды айтайын десем, менімен ешқайсысы сөйлеспейді. Кейін ізденіп жүріп, инстаграмға тіркеліп, айтар ақыл-кеңесімді осында сала бастадым. Қазір 14 мың оқырманым бар. Мен өткізетін скрам сабақ 46 жыл сүрген өмірімнің қате тұстарынан алған сабағым. 8 ай оқыған психолог мамандығымнан алған тәжірибем мен әдіс-тәсілім. Ақыл-кеңесіме жүгініп, менен бағыт-бағдар алушылар 14 пен 60 жасқа дейінгілер. Мен көмектескен жандардың санында есеп жоқ».
Яғни «жүгіргенге жөргем ілігеді» демекші, алғыс арқалап жүргендер де бар. Парақша оқырмандары қалдырған пікірлер біржақты боп кететіні де шындық. Бұл да түсінікті. Себебі бақытты ешкімнің көмегінсіз табуға ұмтылатындар мұндай парақшалардың барынан да хабары жоқ. Сонымен пікірлер былайша ой толғайды:
Әсел Мардан: «Қайырлы кеш, финкод дегенді мен де алып едім. Не ақша жоқ, не басқа жоқ. Құр уақытымды жіберіп, қайта бұрынғыдан да тарығып кеттім. Біз бұрын сондай тренингтерге көп барушы едік. Жұмыс істемей, тек соның ізіне түскен құрбыларым бар. Қазір, соларға қойыңдар, нан беретін жұмысқа, шынайы өмірге оралыңдар деп жүрмін».
Мереке Албанова: «Саламатсыз ба, кеш жазып отырсам, кешірім сұраймын. Сізден байлық кодын алғалы, ақшам үзілмейтін болды. Сізге сеніп жазып едім, күйеуім жұмысында «начальник отдела» болды осы аптада бұйрық шықты. Айтпақшы, осы жылға Сегила жасатып едім, келесі жылға тағы жасатып алайыншы».
Қарашаш Смайылова: «Қайдағы ақша? Қайдағы көмектескен? Бостан-босқа ақшамды салдым. Негізінде, өзім мұндай нәрселерден аулақ жүруші едім. Ақшадан қиналып жүргенде, осылар жолықты. Басында тыңдап отырып, кейін пәленбай теңгеге қарызданып, әлгі айтқан программаларын қалай сатып алғанымды білмеймін. Өкінемін».
Гауһар Кәменова (суретте): «Шолпан Тоқтарханқызының парақшасын оқи отырып, өмірде де өзім сияқты психологиялық тұрғыдан қиналып жүрген қыз-келіншектердің көп екеніне көзім жетті. Кейін, вацабы арқылы өзімен тілдесіп, шер тарқаттым. Сосын, 5000 теңге төлеп, екі күн әлеуметтік парақшасында өткен «мастер кит» деген сабағына қатыстым. Сабақ тікелей эфирде жүргізілді. Сол арқылы өзіме керемет қолдау таптым».
PS: Дипломы, арнайы білімі жоқ болса да, әлеуметтік желілерде түрлі тренингтер мен марафондар жүргізу сәнге айналған уақытта елімізде олардың қызметін қадағалайтын бірде-бір мемлекеттік мекеме жоқ. Негізі өзгелерге рухани көмек беруден ләззат алатын, соған кеткен уақыты үшін ғана ақша талап ететін әрі ешқандай теріс ниеті жоқ жекелеген тұлғалардың қыз-келіншектерді осындай онлайн-кеңестерге тәуелді еткеннен басқа зияны жоқ. Нағыз зиян – ақша табуды бұны алаяқтықпен ұштастыру.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, сананы тұрмыс билеген мына заманда әркім өз қабілетіне қарай ақша табуды көздейді. Немен айналысамын десе де, әркімнің өз құқы бар. Біздің мақсат – біреуді ақтап, біреуді қаралап, жеп отырған нанынан айыру емес, әрбір отандасымыз, соның ішінде қыз-келіншектер интернет-тренингтердің шектес тыс «табынушысы» болып кетпесе, бақытты алдымен өз жүрегінен іздесе деген ой. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді» ұмытпағанымыз жөн.
Нұргүл ЖАМБЫЛҚЫЗЫ,
журналист
Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:
«Қыз-келіншектеріміздің интернет арқылы ақша табуға деген ұмтылысын әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің жоғары екендігімен байланыстыруға болады. Өйткені, қыз-келіншектердің жұмыспен қамтылу деңгейі төмен.
Жалпы, бүгінде лайфспринг, коучинг, вебинар, марафон дейсіз бе, түсініксіз әрі қазаққа жат терминдермен тіліміз де бұрмалауда. Тренингтердің кең таралғаны сонша, қазір екінің бірі уыс-уыс ақшаны көз алдыңызда санайды. Жалпы, бұл құбылыстың соңы жақсылыққа апармайды.