Бүгін Шымкент қаласының Орталық коммуникация алаңында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды jasqazaq.kz. Ол Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы сауалдарға бүкпесіз жауап берді.
21 сәуірде Шымкент әкімі, орынбасарлары, бүкіл аппарат басшылығы қалалық әкімшілік ғимаратында болған. Үш рет оқ тиген Руслан Берденовтің, сондай-ақ өзге де әкімдік басшыларының жеке күзеті жоқ.
«Шаһар басшысы Ғабит Әбдімәжітұлының да күзеті жоқ. Біз халықпен емін-еркін араласамыз, ашық жүріп-тұрамыз. Бұған өздеріңіз де күнделікті куәсіздер», — деген әкімнің орынбасары оқ атқан адамның қалай ұсталғанына тоқталды: «Әкімдіктің айналасында камералар толып тұр. Шабуыл жасаған адам әкімдіктің автотұрағындағы көлікте отырған. Ол жерден қашып шыққан. Күдіктіні ұстауға жүргізушінің де рөлі болған шығар. Бұл тергеу аясында нақты анықталатын мәселе. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші көлігімен күдіктіге жақындап, ұсталуына жәрдемдескен. Бірақ тікелей ұстау әрекеті полиция қызметкерлері тарапынан жүзеге асырылды».
Сондай-ақ Сарсен Құранбек әкімдік пен баспасөз қызметі оқиғаға қатысты шұғыл пікір білдірмегенін айтып өтті:
«Себебі қылмыс болған жерде біздің өкілеттегіміз жүзеге аспайды, ол жерде полиция органдары жұмыс істейді. Сондықтан қылмыстық іс бойынша барлық пікір полицияның құзыретінде, ал денсаулығы бойынша пікір денсаулық сақтау саласының құзыретінде. Қазір тергеу жүріп жатыр. Барлығы прокуратураның бақылауында. Сұрақтарыңыз барын түсінеміз, бірақ ол адам неге қылмыс жасағанына пікір білдіре алмаймыз. Тергеу барысына әсер етпеу үшін ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа берілген сәтте Полиция департаментінен барлық қажет ақпаратты ала аласыздар».
Сәрсен Құранбек тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
«Қылмыскер мұндай әрекетті не үшін жасағаны туралы әр түрлі қауесет тарап жатыр. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды деп санаймыз. Қайталап айтамын, тергеу бұл мәселенің нүктесін қояды. Оның психикалық жағдайы нашар болуы мүмкін, психотроп заттардың әсерінен болуы мүмкін — оны айта алмаймыз», — деді әкімнің орынбасары.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Орталық коммуникациялар алаңы