Принстон университетінің халықаралық құқық бойынша құрметті профессоры, кезінде БҰҰ-ға Таяу Шығыстағы ахуал хақында арнайы баяндама дайындаған Ричард Фолк (Richard Falk) бір басылымға осы ғаламдық құрылымның бүгінгі беделі жөнінде пікір білдіріпті. Американдық оқымысты БҰҰ-ның әу бастағы миссиясы әлсіз мемлекеттерді шектеу немесе ірі державалардың әлемдік тәртіпті өз қалауынша құруына еркіндік беру болған сияқты деп топшылайды. Ол мұны бейнелі тілмен тышқанды торға қамап ұстап, арыстанның ну орманда алшаң басуына теңейді. Ричард Фолк, сондай-ақ, күштілер әлсізге тізе батырғанда, соғыста жазықсыз жандар қырылғанда ұйымның шарасыз қалатынын да жасырмайды. Рас, халықаралық құқық аяққа басылғанда айыптайды. Тиісті қарар қабылдайды. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының нақты шара қолданатын жалғыз органы — Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты бес мүше мемлекеттің біреуі вето қойса, әділетсіз әрекетке қарсы санкция салынбайды. Оның үстіне, жаһандық саясаттың беталысын айқындауда ықпалы зор АҚШ-тың кейінгі кезде ЮНЕСКО, Париж Климат келісімі және Дүниежүзілік денсаулық ұйымына теріс қабақ танытуы да БҰҰ беделіне көлеңке түсіріп отыр.
Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, міне, дәл осы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау толғағы жеткен түйін екенін мәлімдеді. Айта кету керек, Мемлекет басшысы осындай көзқарасын таяуда Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының отырысында ортаға тастаған болатын. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып қызмет атқарған Қ. Тоқаев аталған ғаламдық ұйымның басым тұсын да, осал жерін де жетік біледі. Содан болар, айтылған пікір пайымды, ұтымды ұсыныс көкейге қонымды.
Қ. Тоқаев жиналған қауымның назарын БҰҰ-ны жан-жақты реформалау талқылауы таусылмайтын тақырып емес, нағыз стратегиялық қажеттілік екеніне аударды. Бұл бағытта батыл қадам Қауіпсіз Кеңесін жаңғыртудан басталуы тиіс. Сол мақсатпен нақты ұсыныс дайындайтын, оны еш ойланбай ортаға тастайтын, күмілжіп, кідірмейтін кәсіби біліктілігі биік пікірлестер тобын құру қажет.
Бұған қоса, Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері алмасу (ротация) тәртібімен осы органның құрамына ұсынылуы керек. Қазақстан, сондай-ақ, жауапкершілігі мол орта державалардың үні БҰҰ мінберінен анық естілуі тиіс деп санайды. Өйткені, қазіргі алмағайып заманда дәл осы мемлекеттер әлемдік геосаясат сахнасында тепе-теңдікті сақтау мен өзара сенімді нығайтуға іс жүзінде үлес қосып жүр. Бұл олардың халықаралық қаытнаста оң рөл атқара бастағанын айғақтайды. Алпауыт елдердің басы бірікпей, адамзатты алаңдатқан түйткілді шешуде қауқарсыз қалғанда, нақ осы орта державалар ұйым аясында дәнекерге айналады.
XXI ғасырдағы сын-қатерге сай болсын десек, ұйымның абырой-беделін көтеретін, бейбітшілік пен қауіпсіздік іргесі бекемдейтін қарышты қадам жасалуы тиіс. Әйтпесе, түйткілдің салдарымен күресу жалғаса береді. Ал проблеманың туындауына әкеп соққан себеп көбейе түседі.
Президенттің пікірінше, жаңару мен жаңғыру үрдісі бүгін басталғаны абзал. Соған бел бусақ, БҰҰ Жарғысына құрметіміз қалтқысыз екенін растап, егемендік, жер тұтастығы және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаты мүлтіксіз сақталуы қажет. Ал осы Жарғыны әркім өз мүддесін күйттеп пайдаланса, ұйымның беделіне нұқсан келері күмәнсіз. Бұл, әсіресе, Жарғыдағы екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ұғымына қатысты. Қ. Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі осы ереже ескірген деп санайтынын атап өтті. Осы орайда, Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылау кезек күттірмейтін міндет екенін айтқан жөн.
Атом тажалынан өз еркімен бас тартып, баянды бейбітшілік жолында көпке үлгі көрсеткен Қазақ елі БҰҰ мінберінен ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуға, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі агенттік құру туралы өз ұсынысын жүзеге асыруға шақырды. Биоқауіпсіздік демекші, 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде осы салада арнайы заң қабылданды. Бір жылдан соң тәжкеселдің кесірінен кейін биологиялық қауіпсіздіктің бүкіл әлем үшін маңызын ескере келе, халықаралық агенттік құруды ұсынған болатын.
Бүгінгі ғалам — жаппай қарулануға алаң. Қ. Тоқаев осы орайда былтыр түрлі мемлекеттердің тек қару-жарақ сатып алуға 2,7 триллион долларды жұмсағанын тілге тиек етті. Адамзат тарихында болмаған көрсеткіш! Зорлық-зомбылық, әлсізге күш көрсетуінен келген зиян 20 триллион долларға жеткен. Украина мен Газадағы ахуал, бейбіт халықтың қырылуы жаһандық сенімге селкеу түсіріп отыр.
Әлгінде сөз еткен Ричард Фолк ұлы державалар халықаралық құқықты бәрінен жоғары қойып, өзара міндетеме алса, соғыс қасіретіне тосқауыл қойылар еді деген пікірде. Бірақ олар ежелгі дәуір тарихшысы Фукидид пен бергі замандағы Макиавелли ұсынған «саяси реализм» соқпағымен жүріп келеді. Мұндай доктринаның көздегені – күш тепе-теңдігі, бірін-бірі тежеу, одаққа бірігу және стратегиялық мүддені көксеу.
Ал бүгінгі тұрақсыз әлем тұрақты һәм қауіпсіз қоғамға зәру. Міне, сондықтан Қазақстан Президенті басынан бағы ұшқан мына заманда әлемдегі сенімді қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру адамзаттың көкейкесті міндеті екенін мәлімдеді. Оның өзегінде жер шарын мекендеген барлық жұртқа жақын Тепе-Теңдік, Ынтымақтастық, Бейбітшілік сияқты асыл ұғымдар бар.
Срайыл Смайыл
Сурет: aqorda.kz