ҰБТ-2016: үш мүмкіндік және шартты студент

13 мамыр 2016, 18:35

1

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл ұлттық бірыңғай тесті (қысқаша ҰБТ) сынағы бұрынғыдан өзгерек болмақ. Өзгеше болатыны, биылғы түлекке студент атануға екі емес, үш мүмкіндік беріледі. Үшіншісінде «шартты студент» атанған мектеп бітіруші жоғары оқу ордасының 1 семестрін оқи алады. Сәті түсіп, 2017 жылдың қаңтарындағы кешенді тестіні тапсыратын болса, 2 семестрді жалғастырады. Бүгін Астанада арнайы мәжіліс өткізген Білім және ғылым министрлігі өкілдері осы жаңалықты жария етті. Түсінікті болуы үшін, толығырақ тоқталайық.

 

«Қазақ тілінде оқыған бала орыс тілді түлектен 1,5 жылға қалып қояды» деп қазақтілді қауымды кемсіткен Ерлан Сағадиев тізгінін ұстаған ведомство тағы бір жаңалығын жар салды. «ҰБТ тапсыруға биыл үшінші рет мүмкіндік береміз» деп мәлімдеді Астанадағы баспасөз мәслихатында құзырлы министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Серік Өмірбаев. Жиында бар-жоғы 7,5 минут орысша зуылдаған Секең өзінше ҰБТ-дан «құлайтындарды» қуантып, биыл ҰБТ мен кешенді тестілеуді тапсыруға үшінші мүмкіндік берілетінін хабарлады. Сөзінен ұққанымыз, ҰБТ-ны биыл мектеп тәмамдаған, ал кешенді тестіні колледж студенті мен мектепті бұрын бітірген түлек тапсырады. «Студент» атанғысы келгені бірінші сынақтан сүрінсе, екінші және үшінші мүмкіндікті пайдаланады.

Серік Мәуленұлы алқалы жиында: «Сынақты қайта тапсыру 19-24 тамызда өтеді. Екінші кезекте шекті деңгейге жеткен абитуриент университеттің ақылы бөліміне оқуға қабылданады. Ал екінші рет сүрінгендер жоғары оқу орнына шартты түрде тіркеледі. Сөйтіп олар басқа студентпен 1 семестр оқиды. Бұған қоса, университет оларға қосымша тестіден өтуге 4 пәнді береді. 2017 жылдың қаңтарында осы санаттағы үміткер қосымша тесті тапсырып, 2 семестрден оқуға алынады. Оның 1 семестрдегі оқуы ескеріледі. Ол ештеңе де жоғалтпайды» деп түсіндірді. Қош делік. Бірақ… сынақтан «сұлап», алды тұманданған түлекті құтқарамын деген министрлік шенеунігі екінші және үшінші мүмкіндікті пайдаланатын пақырдың «қалтасының тесіктігін» ұмытқан сыңайлы. Ақшасы жоқтың студент болуға да мүмкіндігі жоқ. Серік Өмірбаев: «Қайта тапсыратындар грантқа түсе алмайды» деп дүйім түлектің дәмесін сап тыйды.

Ал «шартты студент» деген қай студент? Жарайды делік, үшінші мүмкіндік арқылы түлек 1 семестрді оқып шықсын… 4 пәннен тесті тапсырған соң, бәрібір ақылы бөлімге түсуі керек. Ол түсемін деген мамандыққа 1 жылға 1 млн. теңге төлеу керек болса ше?!. Кезкелгеннің қалтасы көтермесі анық. Себебі әр жоғары оқу орны білім ақысын өзі белгілейді. Айтпақшы, С. Өмірбаевтың өзі биыл мемлекет бар-жоғы 31 700 грант бөлетінін жасырмады. Салыстырып қарасақ, биыл елімізде 121 092 түлек мектеп бітіреді. Соның ішіндегі 86 991-і ғана ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Сонда қалған 55 291 түлектің бәрі ақылы бөлімге «топ ете» түсе ме? Бәрінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ емесі айдан анық. Ендеше шикі ойлы шенеуніктер: «Осы мүмкіндік арқылы ҰБТ-ның түлек өміріне төндіретін қаупін жоямыз» деп несіне күмпиеді?!. Қалай десек те, бұл ҰБТ осы форматымен 2016 жылы соңғы рет өтпекші. Келер жылы ҰБТ-ның тағы бір «сюрпризіне» дайын болайық, ағайын!

 

Төлен Тілеубай

Астана

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген