Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко мемлекеттік қызметкерлердің қымбат автокөлік сатып алуына қатысты пікір білдіріп, журналистерді бұл мәселемен «бас қатырмауға» шақырды деп хабарлайды NUR.KZ.
«Халықпен бір дәрежеде болу үшін мемқызметкерлердің барлығын арбаға немесе автобусқа отырғызып қояйық ендеше. Сонда сіздер барлығының жоғары лауазымды шенеуніктерге сай келмейтін көлікпен жүргенін қалайсыздар ма? Күллі әлем осындай автокөліктермен жүретінін түсіну керек», — деп мәлімдеді Божко.
Төраға орынбасары қымбат көлік аса сыйлы қонақтарды күтіп алу үшін қажет екенін алға тартты. Оның пікірінше, мұндай жауапты сәттерде қарапайым темір тұлпармен жүрсе, елдің атына кір келеді екен.
«Мемлекеттік қызметкерлер — еліміздің бет-бейнесі. Сіздерге ұнамады екен деп шетелден келген билік өкілдерін және Араб Әмірлігінің шейхтарын «Калина», «Приора» секілді көліктерге отырғызып тасиық ендеше», — деп кейіді Божко журналситерге.