jasqazaq.kz

Бөшкедегі текетірес

07 қазан 2022, 11:13

Кеше «қара алтынның» құны 93 доллардан асты. Бұл өткен айдағы бағадан 11 долларға артық. Бұған сәрсенбі күні Венада өткен OPEC+ (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен оған кірмейтін мемлекеттер қауымдастығы) жиынында алынған шешімнің ықпал еткені анық. Осы басқосуда энергетика министрлері бір ауыздан өндіріс мөлшерін тәулігіне 2 млн баррельге (1 баррель – 159 литр) азайтуға уағдаласты.

OPEC+ құрамында біздің еліміз де бар. Австрия астанасындағы кездесуге энергетика министрі Болат Ақшолақов қатысты. Қазақстан алдағы қараша айынан бастап тәулігіне 1,628 млн баррель қара май өндіру жөнінде міндеттеме алды. Айта кеткен жөн, қыркүйектегі көрсеткіш 1,710 миллион еді. Көрініп тұрғандай, бөшкедегі (159 литр) май ернеуден сәл ғана төмендейді. Есесіне, Brent маркалы мұнайдың әлемдік нарықтағы орташа бағасы 90 доллардан жоғары болады деген болжам бар. Қазына қоржыны дәл осы қара майға қарайлайтыны әркімге белгілі. Содан болар, Үкімет биылғы бюджеттің есеп-қисабын жасағанда «қара алтын» құны 90 доллар болады деп жоспарлаған. Сол есеп қиыс кетпесе, биыл Ұлттық қорға 3,9 трлн теңге түсуі тиіс. Басқасын былай қойғанда, мемлекеттің түрлі әлеуметтік міндеттемелері бар екенін ескерсек, тиімді баға бізге ауадай қажет.

Бірақ дүрбелеңге толы дүниедегі қазіргі геосаяси ахуал әлгі бөшкедегі текетіресті де өршітіп тұр. Бейнелеп айтсақ, саясат шоқпарымен соққылап, нарықты өз дегеніне көндіруге тырысу белең алып барады. Бұл тауарға шекті баға белгілеу (капитализмге мүлде жат құбылыс), тасымал жолдарын бөгеу, табиғи газ толы құбырды жару, отын импортынан бас тарту сияқты саяси сипаты басым әрекет арқылы көрініс табуда. Таяқтың екінші ұшы өзіне тиіп, зардабын тартып жатқандар бар. Айқайға қиқу қосып, гретатунбергтерді қолдан қаһарман жасап, дәстүрлі қуат көзін тәрк еткен, атом және көмір стансаларын жауып, іргедегі орыстан келетін «көгілдір отынның» орнына мұхиттың арғы жағынан жеткізілетін қымбат сұйытылған газды жөн көрген Кәрі құрлықтың бүгінгі мүшкіл халі осыған айқын дәлел.

OPEC+ шешімі мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекетті де әбіржітіп тастады. Бензин тағы да қымбаттауы мүмкін. Биыл көліктегі отын құны шарықтап, тұрғындардың наразылығын туғызды. АҚШ президенті Жо Байден Сауд Арабиясына барып, осы елдің басшылығымен мұнай өндірісін арттыру жөнінде келіссөз жүргізді. Бірақ үміті ақталмады. Тығырықтан шығу үшін стратегиялық қордағы «қара алтынға» қол салуға мәжбүр болды. Осыдан кейін баға тұрақталған сияқты еді. Енді әлгі қордан тағы да мұнай алуға тура келеді. Олай етпесе, алдағы қарашада өтетін Конгресс сайлауында демократтардың жеңіске жетуі екіталай.

Ғаламдық көмірсутегі нарығындағы қазіргі аумалы-төкпелі ахуал экономика заңдарының саясатқа бағынбайтынын тағы да көзге шұқып көрсеткендей.

Срайыл Смайыл

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті