Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында бопсалаушы блогерлерді әшкерелеуге білек сыбанып кірісті, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Polisia.kz. мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері осындай 20-дан астам фактіні анықтап, жолын кесті.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс бірнеше дерек келтірді.
Мәселен, көлік полициясының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына теміржол компаниясының қызметкерлері шағымданған. Оларға қоқан-лоққы көрсетіліп, жүйелі түрде бопсалауға ұшыраған. Өзін «блогер» ретінде көрсеткен күдікті жолсеріктердің әртүрлі бұзушылықтарын олардан ақша бопсалау мақсатында түсіріп отырған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 48 млн теңгеден асты. Ол бопсалаудың 60 эпизоды бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жуырда Жетісу облысында жедел уәкілдер құрылыс саласындағы кәсіпкерден 10 млн теңге талап еткен «блогерді» ұстады. Ол тұрғын үй құрылысындағы құқық бұзушылықтар туралы жарияланыммен қорқытқан.
Күні кеше Алматы қаласында сотталған адамнан 10 млн теңге бопсалау бойынша күдікке ілінген «блогерлер» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Супермаркеттер желісіндегі бұзушылықтарды түсіріп, 27 млн теңге бопсалаған «блогер» де тұтылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда.
Осыған ұқсас жағдайлар Атырау, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталды. Барлық күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Түркістан облысында «блогерлер» қаралайтын мәліметтерді жариялау туралы қоқан-лоққы жасай отырып, оқу орындарының басшыларынан үлкен көлемде ақша бопсалаған. Сот оларға 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ІІМ бопсалау үшін заңнамада мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.
JQ-Aqparat
Сурет: polisia.kz