Болгардың басын шайқағаны құптағанын, келіскенін білдіреді. Бұрын осы тұжырымды естігенде, күлетін де қоятынбыз. Сөйтсек, шынымен сондай екен. Ел астанасы София қаласының халықаралық әуежайында шөлді басайық деп шағын кафеге кіргенбіз.
Кирилше жазылған сусын арасынан шай көрінбеді. Сатушы бозбаладан сұрадық. Ол басын шайқады. «Е, жоқ екен ғой» деп кері бұрыла бергенде екі бүйірінен бу атқылап тұрған самаурынға көзіміз түсті.
– Мынау шай емес пе?
– Иә, шай.
– «Жоқ» деп едің ғой жаңа.
– Қашан?
Осылай, бір-бірімізді ұқпай тұрғанда бізді күтіп алуға келген жергілікті журналистер әңгімеге дер кезінде килігіп, мән-жайды түсіндірді. Сатушыға сырттан келген туристі бұлай «шатастырмау» жағын сыпайы түрде ескертті.
Болгар халқы жайдары, қонақжай. Әлемнің 30 елінен SCIJ Meeting-ке (Халықаралық шаңғышы – журналистердің басқосуы) келген 150 әріптесіміздің көзі бұған анық жетті. Дәстүрлі жиын биыл Пловдив қаласы мен Пампорово шаңғы демалысы орталығында өтті. Пловдивтің тарихы тым әріде. Шаһар – алдағы жылы Еуропаның мәдени астанасы. Ежелгі заманғы стадионға апарар жолда адамның бойындай әріптермен жазылған TOGETHER деген жазу көзге шалынады. Кәрі құрлық осы арқылы «Біргеміз. Берік іргеміз» деген ұстанымын аңғартқысы келгендей. Бұлай дейтін де жөні бар. Brexit-тен кейін бірліктің сөгілмеуі Еуропаға өте-мөте қажет екені түсінікті.
Шаңғы орталығы бұл жерден 80 шақырымдай жерде, Родопи тауының етегінде. Шылымды көп шегіп, тісі сарғайғандардың есінде шығар. Кеңес заманында осындай атаумен темекі болатын. Ол құрғырдың осы таудың құрметіне қойылғанын енді біліп отырмыз. Родопи қазір керісінше, салауатты өмір салтын насихаттайды. Елдегі инфрақұрылымға Еуроодақ стандарттары енді орнығып келеді. Кеңестік сәулет стилімен салынған ғимаратты модерн үйлер ығыстырып жатқан жайы бар. Жол сапасы да сондай. Соған қарамастан турист көп. Әсіресе, ағылшындар. Ұлыбританиядан келгендер мұнда өзін жайлы сезінеді. Саяхат сервисін былай қояйық, көлік, тамақтану, қызмет көрсету жүйесіндегілер халықаралық тілге судай. Оның үстіне Тұманды Альбионмен салыстырғанда, мұнда бәрі арзан. Айырбас бағамы да қолайлы. 1 фунт стерлингті жергілікті ақша – левке алмастырып, талай дүние алуға болады. ТМД аумағынан барғандар үлкендермен орысша тілдесе алады. Жергілікті тұрғындар болгарша сөйлегенде жұрнақ пен жалғауды таппай қаласың. «Шұжық», чал (шалу) сияқты түркі тілінен енген сөздер де баршылық.
Сонау 1955 жылдан бері әлемнің әр түкпірінде өткізіліп келе жатқан SCIJ Meeting медиа форумына болгардың ықылас танытуы тегін емес. Мұндай басқосу бұған дейін елдің оңтүстік-батысында орналасқан Банско тау шаңғысы орталығында ұйымдастырылған. Міне, енді кезек Пампоровоға келді.
Жергілікті биліктің мақсаты айқын. Бұқаралық ақпарат құралдары болгар туризмінің мол мүмкіндігін паш еткісі келеді. Сол үшін тау бөктеріндегі қалың орман ішінде 210 шақырымға созылып жатқан сырғанақ жолдарын жасапты. Альпі етегіндегі шағын қыстақтарда көргеніміздей, жоба бірнеше саланы дамытатын тиімді кластерге айналды. Әрине, бірден емес. Өздерін табиғат жанашырлары деп санайтындар туризмге тұсау болуға тырысады. Банско демалыс орнын салу жобасы жарияланғанда әлгі белсенділер мен олардың жақтастары Софиядағы үкімет ғимараты наразылық шеруін өткізеді. Билік дегенінен қайтпайды. Өйтпеске амалы да жоқ еді. Болгария социализм тұсында да, Еуроодаққа кірген соң да индустриалдық елге айналған жоқ. Оған тиісті алғышарты да болмады. Сондықтан тау кластерін дамыту әлеуметтік түйіндерді шешуге мүмкіндік беретін бағыт еді. Жыл сайын жан-жақтан ағылатын турист саны жергілікті халықтан әлдеқайда көп Швейцария, Австрия, Андорраның тәжірибесі бұған таптырмас дәлел.
Болгарлар тау шаңғысы орталығын ашумен шектелген жоқ. Чепеларе кентіндегі шаңғы және сноуборд жасайтын фабриканы көпшілік жақсы біледі. Журналистер кәсіпорында болып, Atomic, Salomon, Armada секілді әйгілі брендтердің жасалу процесімен танысты. Фабриканың сапалы өніміне жергілікті және шетелдік компаниялардан сұраныс ешқашан азайған емес. Шаңғы жасаудың өз қыр-сыры, құпиясы бар. Би-Би-Си-дің орыс редакциясында қызмет ететін әріптесіміз осында әр шаңғының өз жұбы бар екенін, оларды бір-бірінен ажыратуға болмайтынын біліп, қатты таңқалғанын біразға дейін жасыра алмай жүрді.
Чепеларе фабрикасы жергілікті тұрғындарға жұмыс беріп қана қоймай, білікті маман дайындауға, сондай-ақ бұл өңірде тау кластерінің өрісін кеңейтуге айтарлықтай үлес қосуда.
Болгарлар тау туризмінде тым ілгерілеп кетті деуге тағы келмес. Дегенмен табиғаттың бергені мен қолдағы ресурсты тиімді пайдаланып отыр. Рас, орталық көшесінен небәрі жарты сағаттық жерде шаңғы тебуге қолайлы тау шатқалдары бар Алматының әлеуеті әлдеқайда ересен. Бірақ Шымбұлақтың сырғанақ жолдары тым аз. Талай жылдан бері көкпарға түсіп келе жатқан Көкжайлаудың келешегі де әлі күңгірттеу. Бірақ отандық туризмді өркендетсек деген талабымыз қашанда таудай.
SCIJ Meeting әрдайым журналистер арасында өтетін шаңғы жарысымен қызық. «Жас қазақтың» атынан біз де додаға қатыстық. Гигант слалом мен кросс-кантри бойынша өнер көрсеттік. Жастарға есемізді жіберген жоқпыз. Ұлттық салт-дәстүрін ұлықтап, спорт пен туризмді нарық талабына сай өркендетіп отырған болгар елінде ұмытылмас әсерге бөлендік.
Срайыл Смайыл,
Пловдив –Пампорово