Болат найза, немесе Тархан Жәнібек туралы не білеміз?

06 шiлде 2018, 11:52

Ұлттық тарихымыздың қай дәуірінде болсын, Ресей бодандығын қабылдағанша да, отарлық және кеңестік жылдарда да, халқымыздың санасы мен жүрегінде есімі әрқашан ілтипат-құрметпен сақталып келген тұлғалар бар. Осы шоғырда Жәнібек Қошқарұлы тұр. Әйтпесе замандастары Бұқар, Тәтіқара, Қожаберген жыраулардың, орыс, ағылшын, қалмақ чиновниктері мен саяхатшыларының шығармаларына кейіпкер болар ма еді. Бұқар жырау оны халыққа тірек десе, Тәтіқара болат найзаға балады. Шоқан көрегендігін жазса, Жәнібектің батырлығы мен қолбасшылығын А.Левшиннің дәріптегені ғасырларды аттап бүгінге жетіп отыр. Батыр бабамыздың жұлдызы тәуелсіздік тұсында бұрынғыдан да жарқырай түсті.

Ол екі дәуірдің жасампаз тұлғасы болды. Егемен Қазақ хандығында есейді. Тәуке ханның, әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің төл мемлекетімізді реформалауға, бүгінгі тілмен айтсақ, жаңғыртуға бағышталған жанкешті қайраткерлігін көріп кемелденді.
Қазақ-қалмақ соғысының бел ортасында жүрді. Елінің басына төнген апат қаупін сейілтуге олжа салды, егемендіктің еңсесін түсірмеді. Ауыр сынақ Ресейге бодандықты қабылдаумен келгенін бар болмыс-бітімімен сезінді. Қысқасы, Қазақ хандығындағы ықпалды әулетте дүниеге келген ол жастайынан мемлекетшіл рухта тәрбиеленді. Бар мен жоқтың, ел мен ердің қадір-қасиетін біліп есейді.
Тұтастай алғанда, батырдың өмір жолын шартты түрде үш дәуірге бөлуге болады.
Бірінші дәуір – «Ақтабан шұбырындыға» дейінгі жылдар. Балалық және жастық дәуренін қамтып жатыр.
Екінші дәуір – қалмақпен соғыс жылдары. Ш.Уәлиханов «жантүршігерлік», «қанды қырғын», «жаугершілік» деп сипаттаған осы дәуірде батырлық пен қолбасшылықтың ең биік шыңына көтерілді.
Үшінші дәуір – 1731-1751 жылдар. Орта жүз бен Кіші жүздің сөзін ұстаған, ханмен қатар отырып, мемлекеттік мәселелерді шешкен ел ағасына айналды.
Әрине, оның батырлығы, кемеңгерлігі, шешендігі шыққан тегінен, ата-анасының қанымен дарығаны, өрелі ортасынан бастау алғаны күмәнсіз. Дегенмен Жәнібек Қошқарұлын тарихи тұлғаға айналдырған басты құдірет білегі мен білігі емес. Білекті әрі білікті жандар қазақ даласында аз болмаған. Бәрі бірдей Шақшақ Жәнібек шыққан биіктен көрінген жоқ. Ұлттық тарихымыздың төріне оны мемлекетшіл болмысы, ой-санасы, ұстанымы қондырды деп білемін.
Мемлекетшілдігі өмір бойы сенімді серігі болды. Әсіресе, Ресей боданына кіргеннен кейін Әбілқайыр ханмен, басқа да тұлғалармен елдің ішкі-сыртқы саясатын анықтағанда, Ресеймен, қалмақпен келіссөз жүргізгенде, ел ішіндегі ірілі-ұсақты әлеуметтік қақтығыстарды шешкенде дұрыс жол табуға шылбыр ұстатты.
Ғасырлар тезінен өткен сол үлгіден күні бүгін де тағылым алуға әбден болады. Мәселен, 1743 жылы Жетісу, Түркістан өңірлеріне барып, қазақ, жоңғар, орыс қарым-қатынастарын талқылаған келіссөздер жүргізеді. Ұлы жүздің ел ағаларымен, басқа да көрнекті кісілерімен сөйлеседі. Батыр бір сөзінде: «Қазақтың Ұлы жүзі, Орта жүзі мен Кіші жүзі бір туған, емшектес елдер. Өзара қабақ шытысып, дау-жанжалға барған жоқ», – деген екен. Осы сөздер тасқа басылып, бізге жетіп отыр. Ойлы жанға мағынасы терең, маңызы зор, жасампаз қуаты әлі де ашыла түсетін пайым. Елбасымыз Н.Назарбаевтың да әрқашан айтумен келе жатқан заманауи құндылығы да осы ғой.
Батыр бабамыз ұлықтаған бірлік пен ынтымақ идеясы тарих ғылымының методологиясына айналуға лайық, толеранттылығын арттыруға қызмет ете алады.
Ш.Уәлиханов «ХVIII ғасырдағы қазақ батырлары» атты мақала жазғаны белгілі. Сол еңбегінде Шақшақ Жәнібек пен Тарақты Байғозы батыр арасындағы түсінбестік бір атым насыбайдан басталып, жауды жеңген ауыр шайқастан кейін екеуінің татуласуымен аяқталғанын баса көрсеткен. Осыдан кейін Байғозының батыр атағы кеңінен таралыпты. Демек, тұлғаның мемлекетшілдігі ұлы істе, күнделікті қарапайым тіршілікте толымды жемісін бергенін қаперден шығармағанымыз жөн.
Замандас інілеріне берген батасынан да мемлекетшіл ұстанымын көреміз. ХVIII ғасыр басында (1714 жыл шамасы) шанышқылы Бердәулет пен әйелі аруақты батыр Шақшақ Жәнібектен «баламызға ат қойып беріп, аруағыңызбен қорғай жүріңіз» деп тілек білдіріпті. Батыр бесікті алып, бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, тебірене бата беріпті:

Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол!
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң есер бол!
Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол!
Жабылған жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол!
Жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!

Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап:
– Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты «Жәнібек» болсын! Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде, алған бетінен тоқтатпа, – дейді.
Осы батадағы тілектің бәрі қарақан бастың қамы емес, бүгіншілдік те емес. Тұнып тұрған мемлекетшілдік, елге тұтқа болудың, ел болудың шарттары ғой.
Тұлғалар туралы байлам-тұжырымы да көп нәрседен хабар береді. Бірде қалмақ елшісімен кездескенде оған қалмақ билеушісі Септеннен алған хатын көрсетіпті. Хатты оқыған елші «Аманатқа кісі жіберсін депті, сізді мақтапты: «Ұлы жүздегі Төле би сияқты Орта жүзде абыройың артық – депті» деген сөздерді айтады. Сонда Жәнібек өзі туралы ләм-мим деместен: «Төле би өте қасиетті кісі ғой», – деген екен.
Тар заманның өзінде тұлғалардың бірін-бірі осылайша танығанынан үлгі-өнеге ала алсақ, тәуелсіздік үдесінен шығар едік.
Шақшақ Жәнібек халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат саласында ғибратты өнеге қалдырған тұлға. Ол Ресей сияқты алпауыт империяның көңілінен шыққансып, ұлт мүддесін қорғады, қалмақтай дұшпанын одақтасы Ресеймен сескенте алды. Тарихи дерекке сүйенсек, қалмақ елшісіне бірде былай дегені бар: «Септен мені өзімен қатар қойғысы келеді. Септен оның үстіне бізді шауып аламын, Үргенішке дейін қуып тастаймын деп домбытатын көрінеді. Мен Септеннен қорықпаймын. Ол әуелі орыстарды жеңіп алсын».
Мемлекетаралық байланыстарды бейбіт жолмен дамытудың пәрменді тетігі ретінде сауда-саттықты, экономикалық мүддені бірінші кезекке қойғанынан болашақты батыл болжай алғанын байқау қиын емес. Орыс әкімшілігіне жолдаған бір хатында: «Сауда жасауға өз адамдарымызды үздіксіз жіберіп, алыс-берісімізді, барыс-келісімізді жалғастыра береміз», делінген. Тап осы мәселеде Әбілқайыр ханмен, Абылай сұлтанмен пікірлесіп отырғаны деректерде бейнеленген.
Жәнібек Қошқарұлының мемлекетшілдігі, елдің ынтымағы мен бірлігін бәрінен жоғары бағалағаны Әбілқайыр ханды Барақ сұлтан өлтіргеннен кейін басталган жанжал мен саяси дағдарыс тұсында айқын көрінді. Қанға қан төгумен жауап беруді қолдамады. Өлген билеушінің орнына баласы Нұралыны хан сайлап, хандықты сақтап қалудың қамын жеді. Орынбор губернаторы Неплюевпен жүргізген келіссөз үстінде «Марқұм Әбілқайыр ханның ұлдары Барақ сұлтанды өлтірмеуге тиіс және мен оған жол бермеймін. Барақ сұлтан патша сарайына өзі барып, өз кінәсі үшін императрицаның алдында кешірім өтінуге тиіс, дей келе, сол үшін өзі барып, Барақ сұлтанды алып келіп, И.Неплюевке жолықтырғысы келетінін» айтады.
Бұл қарапайым арашашының, араағайынның сөзі емес. Бұл – Кіші жүздегі хандықтың мемлекеттік мәртебесін нығайтуға бағышталған қадам. Ресей жағы Жәнібек тарханның нені қалап отырған ішкі есебін, шын мағынасындағы саяси сұңғылалығын, әрине, түсіне қалды. Барақ сұлтан Петерборға, патша сарайына шақырылған жоқ.
Тұлғаның жарқын бейнесін сипаттаған архив деректері көп те емес, аз да емес. Ол туралы зерттеуші И.Ерофееваның «Между всеми старшинами знатнейший. Первый казахский тархан Жанибек Кошкарулы» монографиясында егжей-тегжейлі айтылған. Олқылықтың орнын даланың ауызша тарихымен толықтыруға болады. Мәселен, Еренші уақ Бармақ батыр жас кезінде тұлғаның жанына бірер жыл еріп, соғыс тәсіліне шыңдалыпты, жетіліпті. Енді бірде Шақшақ Жәнібек батырдың арнайы шақыртуымен келген жас өрен Бармақ қалмақтың атақты батыры Садырбаламен айқасқа шығып, оны найзамен түйреп өлтіреді.
Жас батырдың жеңісіне риза болған тұлға оған өз елінен жер беріпті. Бармақ кейінде үлкен батырлар қатарынан орын алды. Басқаша айтсақ, даланың ауызша тарихы Шақшақ Жәнібектің Шоқан ұлықтаған көрегендігін қуаттай түседі.
Сөз реті келіп тұрғанда неге «Шақшақ Жәнібек» атанғанына өз ойымызды білдіре кетейік. Ол тұлғаның рушылдығын немесе тайпалық шектеулілігін көрсетпейді. Дәстүрлі қазақ қоғамында «шақшақ», «шанышқылы», «шапырашты», «қанжығалы» деген атаулар, тіпті бір ауыз сөз төлқұжаттың, тарихи-генетикалық кодтың орнына жүрді. Соған қарап-ақ адамның географиясын, демографиялық әлеуетін, арғы-бергі тарихымыздағы орнын, саясатқа ықпалын, т.б. тағдыранықтағыш сұрақтардың жауабын білген. Тұлғаның халықпен тұтастығын ұғынған. Қазір осынау тарихи құндылықты басқаша түсінетін, басқаша қолданатын, ашығын айтқанда, зиянды дертке айналдырғысы келетіндер бары құпия емес.
Қысқасы, тарихтың жолы қайшылықтар мен қиыншылықтарға толы. Олар әркімнің, мемлекеттің алдынан шыққан, шыға да береді. Барша қоғам үшін күрмеуі күрделі мәселенің шешімін тапқан жанды тұлға деген жөн. Тұлға дегеніміз – өзіне тәуелді емес объективті ортадағы сын-қатердің шешімін жаңашылдықпен тапқан жасампаз жан. Оның ізденісімен, қайраткерлігімен табылған шешімнің игілігін замандастары да, кейінгі ұрпақ та көреді. Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы тап осындай тұлға. Сондықтан оның есімі туған халқымен бірге жасай береді.
Жәнібектану халықты танудың, халыққа қызмет етудің, халық бірлігін нығайтудың бабаларымыздан мұраға қалған игі дәстүрін жаңғырту болып табылады. Елбасымыз күн тәртібіне қойған рухани жаңғырудың көздегені де осы. Ендеше тұлғаның аруағы қолдай берсін.

Ханкелді Әбжанов,
тарихшы, ҰҒА академигі

Тақырыпқа орай

Жәнібек қалай «тархан» аталды?

Жау тоқтатудың орнына, жау жоқ жерде жау шақыратын батырлар да көп болған, дау тоқтатудың орнына дау шақыратын билер де көп болған. Бізге дау шақыратын, жау шақыратын билер мен батырлар емес, қарап отырып тоқтықтан, қымыздың желіне масығып көршіге тиіспей, халықтың басына іс түскенде қол бастайтын сардарлар керек. Әншейінде құлақ тыныш отырғанда өзі килігетін билер емес, құлақтан маза кетіп, арың төгіліп бара жатырғанда сөз бастайтын ділмарлар керек. Ең дұрысы, сөзді де, қолды да бастатпауға тырысатын, елдің тыныштығын, ағайынның аманшылығын сақтайтын елдарлар керек.
Екі жолбарысты соңына ерткен, өзі үшінші жолбарыс сияқты боп, айбынын асырған батыр Жәнібектің бүгінгі ұрпақ үшін қадірлі болатындығы, кісінің тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен би Жәнібектің біз үшін қадірлі болатындығы, ең алдымен, сол батырлығы мен сол билігін елдарлыққа жұмсағандығы. Меніңше, жаңағы айтқан сыртқы архивтердің құжаттарында да Жәнібек атының жиі кездесетіндігі де осы елдарлықтан шығар. Әңгіме болып жатқан кезеңде қазір де ұлықталып отырған билердің де, батырлардың да көбі тірі жүр еді. Алайда генерал-губернатор Неплюев 1742 жылы патша ағзамға Жәнібекті: «бұл екі ордаға да бірдей қадірлі, екі ордада да хандардан да беделі артық, екі ордада хандармен бірдей тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ете алатын бірден-бір адам», – деп бағалап, сондықтан да «басқа адамдармен шатастырмас үшін оған тархан атағын дара, ешкіммен араластырмай жеке беру керек» деген ұсыныс жасауы да тегін болмаса керек.

Әбіш Кекілбаев, жазушы
Шақшақ Жәнібектің туғанына 300 жыл толуына
орай өткізілген жиында сөйлеген сөзінен 

 

«Бас баһадүр болған»

Ресей патшайымы Елизаветаның жарлығымен 1743 жылдың 11 шілдесінде алғаш рет тархан атағын алған адам – Жәнібек Қошқарұлы (Тархан Жәнібек) батыр Патша ағзам тарапынан Ресейдің отарлау мүддесіне қызмет еткен түркі тестес тұлғаларға «тархан» деген атақ берілген.
Мысалы, Кіші жүз қазақтарын Ресейге бағынуға еңбек сіңіргені үшін Алексей Иванович Тевкелевке полковник, кешікпей генерал (1755) шені беріліп, оның ұрпақтары ірі мұсылман помещиктерге айналды. Ал, башқұрт Таймас Шайымовқа «тархан» атағы берілді. Орынбор шекара комиссиясының деректеріне қарағанда, тархан атағын алғандар саны ХІХ ғасырдың ортасында 20 ғана адам болған. Осы орайда, отарлаушылар көздеген мақсаттарын іске асыру үшін өздеріне көмектескен қазақтың беделді адамдарына атақ беріп, орден-медальдармен марапаттауды қолға алды. Осының алғашқы қадамы ретінде Сенат 1743 жылы «Қазақ ордасында қызметте өзін жақсы жағынан көрсете білген би-төрелерге тархан атағы берілсін!» деген жарлығын шығарды. Осы жарлық бойынша Ресей патшайымы Елизавета Петровнаның пәрменімен тұңғыш рет 1743 жылдың 11 шілдесінде алғаш алған адам – Жәнібек Қошқарұлы (Тархан Жәнібек) батыр. Одан кейін 1821 жылы әскери губернатор, граф Эссеннің тапсырмасымен, Хиуа жорығына қатысып, патшаға жан-тәнімен қызмет көрсеткен қазақ билері Аманша Сеңгірбаев пен Жаңбыршы Саламысовтар тархан атағына ие болды. Сол сияқты тархан Жәнібектің баласы Дәуітбайға да Әскери коллегияның 1759 жылғы шешімімен тархан атағы берілген. 1869 жылы Ресей Сенатында бұдан былай «Тархан» атағын тоқтату жайлы шешім қабылданып, бірақ жоғарыдағы атақты алған адамның ұрпақтарын алым-салықтан босатып, жеңілдік көрсету жайында қаулы күшінде болыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
зерттеуші

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала