Әкімдер өздерінің имиджі үшін ақша аяр емес. Мәселен, ШҚО әкімдігі блогерлер үшін 130 миллион теңге бөлдіріпті. Таңқалмай көріңіз, кәне! Блогер түгілі, кейбір мүйізі қарағайдай редакторлардың өзі газеті мен журналын шығаруға ақша таппай отырғанда, 10 жол пост жазатындарға мұншама қаржы бөлудің қажеті қанша деген ой туады екен.
Қызғанып отырған жоқпыз. Бірақ мемлекет қаржысын екі сөздің басын қосып, бір сөйлеммен қайыратын блогерлерге жұмсау – құмға құйған сумен тең емес пе?! Ахметов біздің ақылды ала ма? Әйтпесе, сол 130 миллион теңге – республикалық деңгейде таралатын бірнеше газеттің кемі 4-5 жылдық азығы.
Azattyq Rýhy порталына сұхбат берген ШҚО-ның ішкі саясат басқармасындағы мамандар өңір басшысының имиджі үшін барлық БАҚ-қа жарты млрд теңге бөлінгенін айтқан. «2019 жылы электронды және баспа бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 576 780 500 теңге бөлінген» – депті. Бұл жарнамалық материал жаздыруға облыстық бюджеттен қарастырылған бір жылдық бюджет ғана.
Біздің қолға қалам алдырған бұл миллиондар емес. Мұның ішінде бірнеше ақпарат құралдары бар. Оның үстіне, жарнаманың аз ақшаға жасалмайтынынан біз де хабардармыз. Ал баспаханаға, тілшіге ақша төлемейтін, қара басынан басқа көк тиын шығыны жоқ блогерлерге миллиондап қаржы төлеуді, журналист ретінде біз түсіне алмадық. Түсінгіміз келген, бірақ соншама көп ақшаға ішіміз ашып отыр. «Судың да сұрауы бар» емес пе. 130 млн теңгені әкім өз қалтасынан беріп отырса, әңгімеміз жоқ еді. Ол – халықтың, қазынаның ақшасы.
Блогерлер дегеннен шығады, биыл «Рухты Алтай», «Абай жолымен» сияқты бірнеше блогтурмен Астана, Алматыдан біраз блогшы шығысты шыр айналып шықты. Барған жері, көрген қызығы туралы тамсана жазып, алған ақшаларын ақтауға тырысқандарын әлем-желіден көрдік. Өңірдегі ішкі саясат басқармасының мамандары «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істеп, халықпен кері байланыс орнатуды тапсырған болатын. Әлеуметтік желіде, соның ішінде, блогерлерді тарта отырып, осы тапсырманы сапалы орындау үшін, сондай-ақ халықпен тиімді кері байланыс орнату үшін жергілікті бюджеттен 130 000 000 теңге бөлінген», – деп, әлгі миллиондардың себебін түсіндіріпті. Ақталу да емес, ақиқаты сол: әкім имиджін көтеру керек, істеген жұмысын әлеуметтік желіде көрсету қажет. Басқа түк жоқ.
«Бояушы, бояушы десе, сақалын бояпты» дегендей, блогер шақыру керек деген тапсырманы орындау үшін жауаптылар көрші Қытайдан да блогерлер шақырыпты. Олар тамыз айында келген. Өңірдің туризм және сыртқы байланыстар басқармасы Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен бірге Қытайдан келген тревел-блогерлерді күтіп алып, қазақтың көркем жерін түгел аралатыпты. Шетелдіктер Қатон-Қарағайды, Рахман қайнарын, Берел қорымдарын, Бұқтырма су қоймасын көріп, Алтай тауларына барып демалып, саяхаттап қайтқан. Шығын – әлгі 130 млн теңгеден шыққан болар. Өзіміздікі болса, бір сәрі! Ал шетелдің блогерін шақыру, шығындалу кімге, не үшін керек болды екен?
Ахметов біздің ақылды алсын ба? Имидж жасау керек болса, сол 130 млн теңгені газетте қағаз жеп, телеарнада табанынан таусылып жүрген 13 тілшіге пәтер алып бергенде, басқаша болар ма еді. Солай жасаса ғой, шіркін, әкімнің беделі бұдан да биік болар еді.
Жарас Кемелжан