Орал — Атырау тас жолында 2 қараша күні сағат 03:00 шамасында киіктің 80 дана мүйізін автокөлігімен алып бара жатқан БҚО тұрғыны ұсталды. Бұл туралы ақпаратты ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жариялады, – деп хабарлады «ҚазАқпарат».
«2017 жылдың 2 қарашасы күні «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Орал аймақтық филиалының Қазталов тірек пунктінің инспекторлары БҚО ІІД қызметкерлерімен, СҚО ІІД табиғат қорғау жөніндегі полиция қызметкерлерімен бірге рейд жүргізген. Рейд барысында сағат түнгі 03:00 шамасында Орал — Атырау тас жолында «Лада Калина» маркалы автокөлік тоқтатылған. Онда отырған Орал қаласының тұрғынының автокөлігін тексеру барысында қапқа салынған киіктің 80 мүйізі табылды», — делінген хабарламада. Аталған іс бойынша материалдар БҚО ІІД-не тергеу жүргізу үшін тапсырылды. «Қосымша ақпарат кейін хабарланатын болады», — дейді Сәкен Ділдахмет.