Батыс Қазақстан облысының шалғай аудандарында бензин бағасы тұрақталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған өңірдің әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері Батыс Қазақстан облыстарының шалғай аудандарында бензин бағасының 200 теңгеге дейін жеткенін айтып, бұл мәселенің қалай шешілгендігін сұраған болатын.
«Өздеріңіз де білесіздер, өңірлердің барлығында мұндай проблема болды. Бізге жыл сайын АИ-92 бензинінің 300 мың тоннасы қажет етіледі. Оның 70 пайызын Ресейден аламыз. Сол себепті кейбір қиыншылықтар болды. Біз Энергетика министрлігімен бірлесіп, бұл мәселенің оң шешімін табудамыз»,- деді ол.
Өңір басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында АИ-92 маркалы бензинге қатысты дүрбелең жоқ. Литрі 150-ден 157 теңгеге дейінгі аралықта сатылып жатыр.
«Сіз айтып отырған 200 теңге 600 шақырым қашықтықта орналасқан Бөкей ордасы ауданында болды. Ол жерге тек қана бір кәсіпкер бензин апарады. Жол жоқ. Біз бұл бағаны түсірдік. Қазіргі уақытта бензинге қатысты қиыншылық та, тапшылық та жоқ», — деді Алтай Көлгінов.