Бізде білімді жанымен түсінетін маман жоқ

21 мамыр 2021, 12:49

Тағы бір жыл онлайн оқып бітірдік. Оқушы қандай білім алды? Уатсаппен оқыған баланың басына бірдеңе қонды ма? Бұл, әрине, бүгінгі күннің өте ауыр һәм өзекті сауалы. Осы сұрақтарды ұлттық білім саласындағы «Білім инвест» қауымдастығының вице-президенті Күләнда Уәлиханқызына қойдық.

Jas qazaq: Онлайн оқу басталғалы кейбір «пысық» оқушылар есеп шығарып беретін бағдарламалардың көмегімен вундеркинд болып алыпты. Мұндай қулықтың соңы неге апарып соғуы мүмкін? Жалпы онлайн оқудың оқушыға келтірген кесірін таратып айтып беріңізші!..

К.Уәлиханқызы: Мен жекеменшік балабақшалар мен мектептердің инвесторымын. Сол білім орталықтарының құрылтайшысы болғандықтан, былтыр төртінші тоқсанды онлайн оқып, 2020-2021 жылды толықтай офлайн оқып жатырмыз. Барлық санитарлық талаптарды сақтадық. Бірде-бір бала немесе мұғалім ауырған жоқ. Себебі біздің балабақша мен мектебімізде барлық жағдай жасалған. Соның пайдасы деп ойлаймын.

Онлайн оқудың қызығы мен шыжығын естіп, көріп, біліп отырмыз. Онлайн деген аты ғана, жұрт жаппай уатсап арқылы оқыды. Бір баланың ұялы телефонында бірнеше топ бар. Қай топ қазақ әдебиеті пәні, қайсысы математика? Оқушының өзі шатасады. Осы саланың маманы ретінде менің миыма сыймайтыны: 1-сыныптың баласын қалай онлайн оқытуға болады? Әліпті таяқ деп білмейтін 6-7 жастағы балаға қалай онлайн сабақ беруге болады? Осыған жаны ашып отырған ешкім жоқ. Тіпті кейбір жекеменшік балабақшалар үлкен топтағы балаларын онлайн оқытып жатыр. Бұл баланы қорлау, ата-ананы алдау емес пе? Осыған жүрегім қарс айырылады. Желге ұшқан қайран ақша! Одан да сол қаржыға үйінде баласын оқытып отырған ата-анаға неге оқулық немесе оқу құралдарын сатып алып бермеске? Біздікі карантин талабын сақтап онлайн оқытып жатырмыз деген «галочка» ғана. Кәсіпкер адам ретінде текке кетіп жатқан мемлекеттің ақшасына ішім ашиды.

Мысалы, онлайн оқу кезінде музыкадан сабақ беретін мұғалімдердің үйінде отырып, 250 мың теңге айлық алып жатқанын білемін. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі де солай. Осының бәрі білім және ғылым министрлігінде дұрыс менеджменттің жоқтығынан.

Онлайнда отырған балалар білім алды деп айта алмаймын. Керісінше, оқушылардың үлгерімі бұрынғыдан да төмендеп кетті. Сіз айтқан вундеркинд балалардың пайда болып жатқаны тегін емес. Бала ондай бағдарламаны қайдан біледі? «Мүмкін, мұғалімдері көрсетіп, сол арқылы оқыңдар» деп жатқан шығар, кім білсін?

Біз жақын болашақта оқушылардың білімін тереңдету үшін жұмыс істеуіміз керек.
Отандық білім жүйесіндегі кемшіліктің бірі – баланы төпелеп оқыта беру. Оқушының бойындағы тума талантымен жұмыс істеуді білмейміз. Біздікі министрлік белгілеп берген «сызықтан» шықпау ғана. Мысалы, бір бала сабақ білмеуі мүмкін. Бірақ ол болашақта мықты кәсіпкер болатын шығар. Тағы бір оқушының сабағы жақсы. Бірақ спортқа бейім. Алайда бізге бәрібір. Бала оқыса, мұғалім оқытса, министрлік жұмыс істесе болды. Менің ойымша, ХХІ ғасырдың баласы өмір сүруді мектептен бастап үйренуі керек. Диплом үшін оқу – бүгінгі қоғамның талабы емес. Кез келген оқушы ата-анасының қалай ақша тауып, баласын қалай оқытып жатқанын білгені дұрыс. Мұндай қарым-қатынас ашық болуы қажет. Бала ішіп жүрген тамақтың қалай келетінін, әр заттың құнын білуі шарт. Мұның бәрі математика, өмірдің математикасы. Бұл болашақта әркімнің алдынан шығатын математика. Бұл – бір жағы білім, бір жағы – тәрбие. Біз екі жағынан да ақсап жатырмыз.

Jas qazaq: Бізде жыл сайын бірнеше мың студент IT-технология мамандығын оқып бітіреді екен. Бірақ солардың арасынан шыққан мықты IT-шниктерді естімеппіз. Бір ғана мысал бұл. Былайша айтқанша, мектеп бар – білім жоқ, университет көп – сапа жоқ. Жалпы еліміздегі білім сапасының төмендігін қалай түсіндіресіз?

К.Уәлиханқызы: Ең алдымен, бізде білімді жанымен түсінетін маман жоқ. Елінің болашағын ойлайтын маман тапшы. Бүгінгі мектептерге білім беру үлгісін өзгерту керек. Жас басшы, жаңа идея, тың көзқарас, өзгеше ой қажет. Мұғалімдерде тәжірибе алмасу болу керек. Педагог өз қазанында қайнап, дамымайды. Алдымен мұғалімнің өзі өсуі керек. Мұғалімдердің көбі сырттай оқиды. Бұл енді барып тұрған қателік. Қазір қала мектептеріне ғана ақшаны үйіп-төгу науқан болып кетті. Қалалы жерлердің ғана инфрақұрылымын дамытуға ақша құйылып жатыр. Ауылда түк жоқ. Екі сортты адам жасап жатқан сияқты көрінеді маған. Ауылда әкімнің әйелі жекеменшік балабақша ашып қояды. Болды, сонымен тынады. Ауылды дамытпай, ауыл мектебін, ауыл баласының білімін жетілдірмей, Қазақстанның болашағы бұлыңғыр.

Халықаралық талап бойынша мектептер бір ауысыммен ғана оқуы керек. Жалғыз Қазақстанда ғана үш ауысыммен оқиды. Одан қандай сапа сұрайсыз? Әкімдер жыл сайын асфальтті қырып алып, жаңадан жол салып, жол жиегін ауыстырғанша, мектеп салмай ма? Пайдасы жоқ іс-шараларға миллиондап ақша шашқанша, мектепті түзесін. Мектеп салу дегеннен шығады. Мемлекеттің ақшасына жаны ашитын адам жоқ қазір, мектеп сал десе, миллиардтаған ақша сұрайды. Мен 345 миллион теңгеге халықаралық талапқа сай мектеп салдым. Бірақ соны көріп отырса да, жоғары жақтағылар көрмегендей кейіп танытады. Университет оқытушыларының дені «сағат қуып» кетті. Сағаты көп болса, жалақысы жоғары. Оларда біліктілік, тәжірибе деген атымен жоқ. Биыл мен университет бітірген 18 қызды жұмысқа шақырдым. Содан төрт қыз ғана өтті. Қазір әлгі төртеудің біреуі ғана қалды. Біздің талапқа толымдысы сол біреуі, қалған 17-сі жарамады. Басқа емес, мұғалімдердің талапқа сай болмауы – өте қиын жағдай. Онда біз миллиардтаған қаржыны бұл салаға неге құйып жатырмыз?

Жарас Кемелжан

27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»