Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөз сөйлеп, ғаламдық қауымдастық алдында тұрған іргелі міндеттерге тоқталды. Президенттің БҰҰ-дағы жалпысаяси дебат барысында бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қамтыған пайымды пікір мен ұтымды ұсыныстарының бірқатарын оқырманға ұсынып отырмыз.
Кеселге қарсы күрес
Біз биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығын аумалы-төкпелі әрі күрделі сын-қатерлерге толы кезеңде атап өтіп отырмыз. Оның ішінде ең бастысы – COVID-19 пандемиясы. Бұл індет жаһандық экономикаға орасан зор зиянын тигізді және соның ауыртпалығынан әлем халқы зардап шегуде. Әлемдегі қазіргі төтенше жағдай денсаулық сақтау жүйесінің бұзылуына, сондай-ақ гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық күйзеліске алып келді. Бұл – біздің беріктігіміз үшін зор сынақ. COVID-19 біздің жіберген қателіктеріміз бен ағаттықтарымызды анық көрсетті. Дағдарысқа қарсы күрес барысында халықаралық ынтымақтастыққа кері әсер еткен сауда протекционизмі мен саяси ұлтшылдықтың артқанын, сондай-ақ «жаһандық тоқыраудың» күшейе түскенін байқадық.
«Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлануымыз қажет. Қазіргі таңда адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деп санаймын. БҰҰ-ның құрылуынан жүз жыл бұрын дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны, философ Абай Құнанбайұлы табысты жаһан-дық ынтымақтастыққа қатысты «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек» деген өзінің формуласын ұсынған болатын. Ақынның бұл ой-пікірін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады.
Бұл ретте қазіргі сын-қатерлерге ұжым болып тойтарыс беруге қатысты бірқатар ой-пікірімді ортаға салуға рұқсат етіңіздер. Коронавирус індеті жаппай тарала бастағаннан кейін БҰҰ-ның түрлі қорлары мен бағдарламалары дағдарысқа қарсы тұру үшін дереу жұмылдырылды. Дегенмен, халықаралық қоғамдастық аталған бағытта бұдан да көп шара қабылдауы керек.
Біріншіден, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақтылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажет.
Екіншіден, COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді.
Үшіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ пандемияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мемлекеттердің әлеуетін арттыру мақсатында Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін.
Төртіншіден, біз БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынамыз. Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында орналастыруға дайын.
Соңғы әрі аса маңызды мәселе: әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және іске қосу мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынады. Бұл органның қызметі Бактериологиялық (биологиялық) және улы қарудың мол қорын дайындауға, өндіруге тыйым салу және оларды жою туралы 1972 жылғы конвенцияға негізделеді.
Экономиканы сауықтыру – өзекті міндет
Жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін келісілген шараларды шұғыл қабылдау қажет. Мен Бас хатшының әлемдік экономиканың 10 пайызын құрайтын ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасын жүзеге асыру қажет деген үндеуіне қосыламын. Сонымен қатар оның пандемияға қарсы күрес баршаға бірдей және мол мүмкіндік жасауға бағытталған Жаңа ғаламдық келісімге негізделуі керек деген пікірін қолдаймын.
Ең кедей елдердің қарыздарын төлеуін тоқтату жөніндегі шаралар әлемдік нарықтағы теріс факторларды азайтуға және түсініксіздікті төмендетуге ықпал етеді деп есептейміз. «Ұлттық денсаулық сақтау ісіне инвестиция салғандардың қарыздарын жеңілдету» формуласына сәйкес Халықаралық қаржы мекемелері өз жұмыстарына инновациялық шешімдерді белсенді енгізуі керек. Жаһандық дамуды қаржыландыру жөнінде алдағы уақытта өтетін жоғары деңгейдегі кездесуде нақты әрі маңызды шаралар қабылданады деп үміттенемін. Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер (ТШЖДЕ) сауда-саттыққа және көлік-логистикалық кешенге зор зиянын тигізген COVID-19 індетінен ауыр зардап шекті.
Осы дамушы елдер тобының қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан Вена іс-қимылдар бағдарламасын жүзеге асыруды жандандыру үшін БҰҰ-ның Жол картасын қабылдауды ұсынды. Орнықты дамудың мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдардың онжылдығы аясында атқарылатын бірлескен іс-әрекеттердің бұрынғы қарқынын қайта қалпына келтіру үшін жедел әрі үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұрпағымыз үшін алдағы ең маңызды онжылдық болып табылады.
Басты мақсатқа, яғни әлемдегі аштықты толық жоюға қол жеткізуіміз керек. Осыған байланысты біз 2021 жылы Азық-түлік жүйелері жөнінде саммит өткізудің маңыздылығын атап өтеміз. Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы азық-түлік қорларын құру арқылы ауқымды халықаралық гуманитарлық науқанға өз үлесін қосуға дайын.