
Ұлттық бітімгерлік құрамында халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға сүбелі үлес қосқан әскери қызметшілермен кездесуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс», – деген еді. Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің Қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан екен. Сол зор міндетті абыроаймен атқарған азаматтың бірі Р.Қошқарбаев атындағы III-ші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, 1-ші сыныпты сержант Нұрлан Әйтімовпен кездесіп, тілдескен едік.

— Ең әуелі өзіңізді қысқаша таныстырып өтсек, қайда туып-өсіп, білім алдыңыз?
— Қызылорда облысы Жалағаш ауданы, Ақарық ауылында дүниеге келдім. Мектептен соң Ш.Уәлиханов атындағы ҚР ҚК Кадет корпусына оқуға түсіп, оны 2004 жылы бітіріп шықтым. Әскери қызметімді десанттық-шабуылдаушы взводының сержанты ретінде бастап, түрлі лауазымдық сатылардан өттім. Арасында АҚШ-тағы Сержанттар Академиясында дәріс алдым. Кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында бірнеше білім жетілдіру курстарынан етіп, тәжірибе жинактадым. Алдымен батальонның, сосын бригаданың, кейін Қарулы Күштерінің «Үздік сержанты» атандым. Қазір Қазақстандық «Бітімгер» оқу орталығында Басқарма сержанты болып қызмет атқарамын.
— Оқу орталығындағы бітімгерлер дайындау жүйесі қандай және оның барысында нендей мәселелерге мейлінше баса назар аударылады?
— Бітімгершілік операциялар орталығында әскерилерді болашақ халықаралық миссияларға дайындау олардың атқаратын тапсырмалары мен міндеттеріне байланысты әр түрлі оқыту формасында, бағдарламалар бойынша өткізіледі.
Мәселен, «БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне кіріспе», «Миссияға аттанар алдындағы дайындық», «Бітімгершілік операциялардың құқықтық аспектілері», «Қарулы қақтығыстар құқығы», «БҰҰ-ның штабтық офицерлері», «Азаматтық тұрғындарды кешенді қорғау» және басқа да пәндер бойынша дайындық қарқынды жүргізіледі.
Дайындық барысында әскерилердің тілдік дайындығы, әртүрлі күрделі ситуацияларға төзімділігі, тактикалық әрекеттер мен басқа да іс-қимылдардың барлығы халықаралық нормаларға сай болуына баса назар аударылады. Бірақ бітімгерлер дайындау ісінде ұсақ-түйек деген болмайды, мұнда бәрі маңызды.
— Ливан сапары туралы айтып берсеңіз? Бітімгершілік миссиясын атқару барысында осы орталықта алған дағдылар қаншалықты кәдеге асты?
— Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштерінің міндетіне ұрыс қимылдарының тоқтатылуын бақылауды жүзеге асыру, бейбітшілікті қолдау, бейбіт тұрғындардың гуманитарлық көмекке қол жетімділігін қамтамасыз ету және босқындардың тұрғылықты мекеніне қауіпсіз оралуына жәрдем беру сияқты тапсырмалар жатады. Қазақстандық бітімгершілік контингенті әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері қатарында 2018 жылғы қазаннан бастап қызмет атқарды.
Мен Ливан Республикасына бітімгершілік миссиямен 2021 жылы бардым. Сырт көзге тыныштық орнаған ел сияқты болғанымен, Ливан сапарының да өз ерекшелігі мен машақаты болып тұрды. Осы миссияны атқару барысындағы сан түрлі жағдайда Бітімгершілік операциялар орталығында алған тәжірибе мен дағдылардың мәні зор болды. Мысал келтіретін болсақ, миссияға міндеттелген елді мекендерді патрульдеу кезінде ызалы жергілікті халықпен тіл табысып, келісімге келу үшін де мәмілегерлік машық, тіл шеберлігі қажет. Жеке құрамды үнемі жоғарғы жауынгерлік даярлықта ұстап тұру, қауіп-қатер туа қалса, оны басқару да біліктілік пен ұстамдылықты талап етеді.

Жалпы бейбітшілік пен тұрақтылықтың бағасын, туған жердің қадірін адам сыртта, елден тысқары жүргенде айрықша сезінеді екен. Менің соған көзім жетті. Қазақстанның атынан халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға тамшыдай болса да үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Сонымен қатар, болашақ бітімгерлерді дайындау ісіне бар білімімді, тәжірибемді және күш-жігерімді салатын боламын.
— Әңгімеңізге рахмет. Бейбітшілік жолындағы қызметіңе табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Әбубәкір Смайылов,
әскери журналист
Суреттерді ұсынған автор