Астана қалалық сотында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сот барысында бұрынғы министр ісі бойынша күдіктілер тізімі жарияланды.
Күдіктілердің басым бөлігі «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ бұрынғы қызметкерлері болып шықты. Олардың арасында «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы болған Бақыт Жақсыбаев, оның орынбасары Аслан Жақыпов, «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ департаментінің бұрынғы басшысы Бауыржан Әйтімбетов, Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ дирекциясының бұрынғы директоры Сәдуақас Сапарымбетов және «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ басқарушы директорлары болып жұмыс істеген Дельрух Анарбай мен Ғазиз Сариев бар. Сондай-ақ, іс фигуранттары қатарын «Orda Glass» ЖШС бұрынғы басқарма басшысы Дәурен Ибрашев, «Құрылыс металл конструкциялар зауыты» ЖШС бұрынғы бас директоры Жақсылық Исабек, «Шымкентхиммонтаж» бұрынғы бас директоры болған Марат Қожабаев және «Қазмұнайгаз» бөлімшелерінің бірінің бас директорының орынбасары болған Ерлан Айталиев толықтырды. Одан бөлек, Азиз Акрамов, Қанат Смағұлов, Бауыржан Есмұханов, Арман Қамаров, Ернар Жұманазар, Сәбит Утебалиев, Қайдар Косшанов, Данияр Олжабеков, Уәлихан Жұмабай, Әділжан Акрамов және Нұрлыбек Сұлтан — Бишімбаев ісі бойынша күдіктілер тізімінде. Алдын ала тыңдалымдағы сот отырысы әлі де жалғасуда. Еске сала кетсек, 2017 жылдың 10 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюро мәлім еткендей, ол бір топ адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталуда. Бишімбаев Қызылорда қаласында шыны табақ шығаратын және өңдейтін зауыт салу кезінде «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. 12 қаңтар күні Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты оны «қамауға алу» туралы санкция берді. Тергеу нұсқасы бойынша, Бишімбаев заңсыз жолмен алған ақшалай қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.