Біржан Жақыпов: Менде өкініш жоқ, ұстатпай кеткен арман бар

01 желтоқсан 2016, 12:32

birzhan

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасында 10 жылдан астам уақыт жүріп, бір емес үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан жалғыз боксшы бар. Ол 2013 жылғы бокстан Алматыда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы — Біржан Жақыпов.     Ол биыл Рио-де-Жанейрода өткен, өзі қатысқан соңғы Олимпиадасынан кейін, ұлттық құрама сапынан біржолата кетті. Алайда, спортшының қазір қайда, не істеп жүргенін бүгінгі бокссүйер қауымның бірі білсе, бірі білмейді. Бүгін ҚазАқпарат тілшісі ұзақ жыл бас бапкер Мырзағали Айтжановтың төл шәкірті атанып, 49 келіде  ел намысын қорғаған Біржан Жақыповпен телефон арқылы тілдесіп, қазіргі тыныс-тіршілігімен ой бөлісті.

— Біржан, Рио Олимпиадасынан келгеннен кейін, ұлттық құрамадан кеттіңіз. Қазір қайда, не істеп жүрсіз?

— Иә, қазір боспын. Жұмыс жоқ, қайғы жоқ. Бала-шағамның қасында рахаттанып демалып жатырмын (әзілдеп күлді).

— Ұлттық құрамадан өз еркіңізбен кеттіңіз бе?

— Әрине, ұлттық құрамада аз уақыт жүрген жоқпын. Жасым да келді. Жастарға орын беру керек. Бас бапкер Мырзағали Құланұлы мені үш Олимпиадаға апарды. Қазақ боксшыларынан ең көп Олимпиада ойындарына барған мен екенмін. Алайда, бірде-біреуінде жолым болмады. Тым құрығанда үштікке іліне алмадым. Арманым Олимпиаданың бір жүлдесі еді. Орындалмады. Қанша қусаң да, бұйырмайтын дүние бұйырмайды екен.

— Енді алдағы уақытта не істемек ойыңыз бар?

— Әңгіменің басында әзілдеп болса да, шынымды айтып жатырмын. Қазір боспын. Жұмыссыз жатырмын. Нақты не істейтінімді әлі шешкен жоқпын. Қазір Шымкент қаласында отбасымның қасындамын.

— Соңғы жылдары бокста көптеген өзгерістер болып, неше түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Сол жобалардың бірінде өнер көрсету ойыңызда жоқ па?

— Ондай ойлар жоқ емес, бар. Егер, APB жобасы әрі қарай жалғасын тауып жатса, осы жобада әлі де бақ сынап көргім келеді.

— Қазір жаттығу залдарына барып жүрсіз бе?

— Жасырары жоқ, Риодан келгеннен бері демалып жатырмын. Әлі ешбір жаттығу залдарының есігін ашқан жоқпын. Олимпиада деп ұзақ уақыт демалған жоқпыз. Бір уақыт денсаулыққа да көңіл бөлмесек болмайды ғой. Осы төртжылдық додасы деп отбасымыздың бар екенін де ұмытып кетуге шақ қалдық. Қашан бір жұмыстың ыңғайы келгенше үйде болғанды жөн санадым.

— Егер APB жобасына шақырып жатса, қаншалықты дайынсыз?

— Негізінен дайынмын. Алла қаласа, жаңа жылдан кейін, жаттығу залдарының есігін қайта ашатын боламын. Өз-өзіме келгенше жаттығуым керек.

— Жақында Павлодар қаласында бокстан ел біріншігі өтіп, ұлттық құрама жаңадан жасақталды. Жаңа құрама сапына іліккен боксшыларға қандай баға бересіз?

— Ел чемпионатын басынан аяғына дейін көрдім. Әр боксшының барлық жекпе-жектерін қалт жіберген жоқпын. Олимпиада ойындарынан кейін жасақталатын ұлттық құрама ең маңызды болады. Сол үшін оған боксшылар да үлкен дайындықпен қатысады. Себебі, бұл жолы ұлттық құрамаға іліккен боксшылар келесі Олимпиада ойындарына баратын негізгі құрам ретінде алдағы халықаралық, әлемдік сындарда ел намысын қорғайды.  Биылғы құрамда сәл-сәл өзгерістер болды. Кейбір боксшылар жаңа салмаққа өтті. Жаңа чемпиондар шықты. Әр сәлмақта бәсекелестік артып келе жатқанын байқадым. Жалпы жаңа ұлттық құрамаға жаман жігіттер таңдалған жоқ.

— Өзіңіз ұзақ жыл өнер көрсеткен 49 келі салмақта биыл Теміртас Жүсіпов чемпион атанып, сіздің орныңызды басты. Бұл боксшыдан қаншалықты үміт күтуге болады?

— Иә, биыл бұл салмақта Теміртас Жүсіпов пен Ержан Жомарт  финалда жолықты. Екеуі де бұрыннан біраз биіктерді бағындырып үлгерген боксшылар. Оны алдағы уақыт көрсетеді. Екеуіне де көп еңбектену керек.

— Екеуінің қайсысының әлеуеті жоғары деп ойлайсыз?

— Осы ел біріншілігінде  Жүсіпов Жомарттан сәл-сәл ғана басым болды. Менің ойымша, дәл бүгінгі таңда екеуінің әлеуеті тең дәрежеде. Алдағы уақытта қайсысы көп еңбектенеді, қайсысы көп жұмыс жасайды, соның бәсі жоғары болады. Барлық нәтиже тек еңбекпен келеді.

— Сізді ұлттық құрама сапында ең көп уақыт өнер көрсеткен спортшы деп жатырмыз. Осы уақыттарда жеңістеріңіз көп болды ма, әлде жеңілістеріңіз көп болды ма?

— Спортта жеңіс пен жеңіліс — егіз ұғым. Жеңіп те, жеңіліп те көрдік. Олимпиада ойындарынан медаль ала алмағаным болмаса, өзге ел намысы сынға түскен жарыстардың көбінде жүлдемен оралдым. Бәрі өз уақытымен болды. Аллаға шүкір, өткен күндерім жалпы жаман болған жоқ. Өткенге салауат деймін…

— «Өткен күндерім жаман болған жоқ» деп жатсыз. Мүмкін, бір өкініштеріңіз де бар шығар?

— Өкініш… «Өкініш» дейсіз бе? Жоқ, менде ешқандай өкініш жоқ. Үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыда қандай өкініш болады?! Мен де орындалмай кеткен арман қалды. Жалғыз арманым Олимпиада жүлдесі болатын. Сол арман мәңгі ұстатпай кетті. Енді, мәңгі жоқ ол маған. Қанша жыл сол арманды қуаладым. Жете алмадым. Жеткізбеді…

— Көңіліңізде әлде біреулерге өкпе-ренішіңіз бар ма?

— Жо, жоқ. Ешкімге өкпем жоқ. Қанша жыл спортта жүрсем, сол аралықта менімен бірге болған барлық бапкерлеріме, әріптестеріме, ағайын-достарыма алғыстан басқа айтарым жоқ.

— Енді сұхбатымызды отбасыңызға байланысты әңгімемен түйіндесек.

— Менің өз отбасымда төрт ағайындымыз. Бір ағам, өзім және екі қарындасым бар. Қазір екі баланың — бір ұл, бір қыздың — әкесі болдым. Үйдегі ұлдың кенжесі болған соң, қара шаңыраққа ие болып, әке-шешемді қолыма алып отырмын. Ағам да отбасылы, екі қарындасым да тұрмыста. Әкем ұзақ жыл бір кәсіпорында есепші болып қызмет істеп, зейнетке шықты. Ал, анам үзақ жыл мектепте оқытушылықпен айналысып келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!

 

ҚазАқпарат

 

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде