Бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрған көпұлтты мемлекетіміз сындарлы кезеңде сырттан келген өзге ұлттарды бауырына басып, қанатының астына алды. Бейбітшіліктің белдеуі болған бірлігі бекем елімізде тарих толқынында тоғысқан түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында ынтымақтастықта тату- тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
Ұлан- ғайыр сайын дала төсінде қоныстанған, Қазақ елінен пана тауып, пейілі кең де дархан көңіл қазақтармен бірге бауырлас болып кеткен ұлттар ынтымақтың ыстық алауы жанып, тұрақтылықтың туы тігілген Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуге белсене араласып жүр. Олар ел экономикасының өсіміне дем берген мұнай-газ секторында мұнайшы деген мәртебелі мамандықты меңгеріп, ауылшаруашылық саласына серпін беруге септесіп, шағын және орта кәсіпкерліктің буынын бекітуге атсалысып келеді. Ұстаз дейтін ұлағатты мамандықта да, жұмысы жолмен етене байланысқан жол полицейінде, заңдылық пен құқықтық тәртіпті реттейтін ұжымда, біртұтас елдің мәйегіне айналған мәдениет саласында, салауатты өмір салтын қолдап, спортты серік еткендердің қатарында, қарапайым жұмысшылардың арасында да әртүрлі ұлт өкілдері ымырашылдықта, түсіністікте бір мүддеге жұмылып, бір мақсатқа қызмет етуде.
Бір шаңырақ астында ұлт пен ұлыстардың ынтымағы ұйысқан елімізде түрлі ұлттардың басын біріктіріп, іргесі сөгілмес ынтымақтың шаңырағын көтеріп, уығын қадаған Қазақстан Халқы ассамблеясының тарихы тереңнен тамыр тартады. Бүгінгідей бейбіт өмірге арқау болған Ассамблея тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір этнос өкілдерін «Мәңгілік ел» идеясының аясына топтастырды. Қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегімен пана іздеп келген өзге ұлттар азаттықтың арайланған ақ таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Еліміздің баянды болашағы мен жасампаздықтың жарқын жолында олар да тер төгіп, еселі еңбек пен қажыр-қайратын сарп етті. Өзге ұлт өкілдері елдік мәселелерге енжар қарамай, оң шешім табуына да үн қосып, саяси, мәнді де маңызды оқиғалардың бел ортасынан табылып келеді.
Жиырма жылдан астам тарихында қарқынды даму мен елеулі өзгерістерді бастан кешірген Ассамблея этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің үлгісін қалыптастырды. Тұрақтылықты сақтаушы ұйымға айналған Ассамблея еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың мүдделерін қорғап, мақсаттарын бір арнаға тоғыстырды. Қазақтың кең қолтығынан пана тапқан түрлі ұлт өкілдерінің береке-бірлігін арттыруға, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға, мәдениеті мен өнерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Берекелі бірліктен көрініс табатын тату қарым-қатынас барда алынбас асу, бағынбас биік болмақ емес. Ендеше, өркениеттің өрелі биіктеріне сеніммен қадам басқан Қазақстан халқы бейбіт те шуақты күндерді бағалап, жаңа белестерге ұмтыла бермек.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ