Біреуге — көмек, біреуге — дүрмек

25 сәуiр 2020, 17:55

Карантинде жатқан жұрттың бәрінің бас ауруы, уақыт өткізер ермегі – 42 500 теңге. Осы әңгіме шыққалы жұрттан сабыр, тыныштық кетті. Әсіресе, жалған ақпарат пен алыпқашпа әңгіменің айдарынан жел еседі. «Бұл ақшаны жұрттың бәріне береді екен», «Әрбір қазақстандық азаматтың алуға құқы бар екен», «Америкада халыққа қайтарымсыз ақша таратыпты», «Зейнетақы қорымыздағы өз ақшамыз екен» деген сияқты бос сөзде тыйым жоқ.

Журналистердің уатсап желісіндегі тобында да осы әңгіме бірнеше күн қызу талқыланды. Әлі де
қоламтасы бықсып жатыр. Көзі ашық, көкірегі ояу деген ақпарат саласы қызметкерлерінің өзі жел сөзге еріп: «Анау бүй деді, мынау сүй деді» деп қызыл кеңірдек болып жатқандары. Күнделікті өздері сұхбат алып жүрген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзін естіп, шынайы ақпаратты біліп отырса да, сенгісі келмейтіндей. Әлде біз қысыр сөзге үйір халықпыз ба?.. Қысыр сөз демекші, әріптестеріміздің желідегі тобында әлгі 42 500 теңге біраз адамды қырық пышақ қылды. Біреулер «Министрлік ақшаны әділ бөліп жатқан жоқ. Жоғары жақтағылар одан бірнеше есе көп ақша алып отыр. Неге осындайда халықтың бәріне тең бөліп бермейді?» десе, тағы бір топ «Мемлекетіміз осындай қиын жағдайда қалғанда, мен неге 42 500 теңге алуым керек? Отаныма үлесімді қосудың орнына, ақша сұрағаным жарамас» деп, азаматтық мінез танытуда. Тіпті кейбір тілшілер қыздықыздымен әлгі әлеуметтік көмек ақшаны алып қойып, кейіннен қайтарып беріп жатты. Жақындарына да мәнжайды түсіндіріп, ақшаны кері қайтаруға үгіттегендер болды. Кейбіреулері министрдің соңғы сөзінен кейін «Қап-ай, ә! Ақшаны бекер кері қайтарыппыз. Министр «Ешкім жазаланбайды, сотталмайды» деді ғой» деп опық жеп…

Еңбек министрінің «Ақшаны алдың ба? Онда қажетіңізге жаратыңыз!» деген сөзін де әркім әр түрлі түсініп, тәпсірлеген алғашында. Кейбіреулер мұны есепсіз, сұраусыз ақшадай көріп, «министр айтты ғой» дегендерін қайтесіз? «Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Ақшаның сыңғыры шыққалы қулық-сұмдық та көбейгендей. Тіпті өмірі мемлекетке бір тиын салық төлемеген немесе зейнетақы қорына бес теңге аудармағандардың өздері әлгі ақшаны алу үшін бір реттік төлемақыны қолма-қол төлеп, ұялы телефонге телміріп, ғаламтордың кезегінде тұрған жоқ па? Ауылды жерде пошта мекемесінің алдында күні бүгінге дейін ұзын-сонар кезек. Компьютерді қақпаймыз дегендердің бәрі онлайн төлеуді бір сәтте меңгеріп алды. Таксистер мен қара жұмыс істейтін жалдамалы жұмысшылар да 42 500 теңге дегенде, заңды шемішкеше шағып, жұмысшының құқығы, еңбек кодексі туралы «пәлсапа» соғатын болған. Тағы бір мысал. Жұмысы тоқтамаған, карантин болса да үйінде жатып айлық алып отырған бір танысым әлгі ақшаға өтінім берген болатын. «Жұмысың тоқтаған жоқ. Одан да мұны нағыз мұқтаж адамдар алсын. Бір адам болса да, үкіметке ауыртпалық салмасаңшы! Ардың құны осы ақша ма еді?» дедік біз. Ол қоймады. «Берсе, алармын. Бермесе, ештеңем кетпейді» деп өтінімін жіберді. Екі-үш күннен кейін 42 500 теңге түп-түгел шотына түсті. Мәз. Маған қоңырау шалды. Екі күннен кейін айлығы түсті. Бір апта өтпей, тағы да хабарласып тұр. «Айналайын, жорналиссің ғой, шыныңды айтшы. Енді мен сотталамын ба?» дейді азар да безер болып. «Сотталасың!» дедім қысқа-нұсқа. Ақыры әлгі ақшаны қайтарып құтылды. Міне, бізде осындай жолмен жәрдемақы алғандар көп. Еңбек министрі алғаш азаматтардан жұмыс орнынан қысқартуға, яғни ақысыз демалысқа кеткенін растайтын құжат сұратқан. Кейін жұрт жаппай шулап, кейбір шағын жұмыс берушілердің ондай құжат бермейтінін ескеріп, талапты жеңілдетті. Қысқасы, адамның ар-ұятына қалдырды. «Жұмысынан қысқартылған, карантин кезінде жұмысы тоқтаған азаматтар ғана өтініш беріңдер. Басы артық құжат талап етпейміз. Сіздерге сендік»деді. Алайда жұрт мұны аспаннан шүлен жауғандай, жұмысы бары да, жоғы да таласып-тармасып, өтінім берді. Менің танысым сияқты бірнеше мың адам «байқамай қалды», немесе «өздері берді, мен алдым» деп сазарып отыр. Бұл күн де өтер, әлгі ақшаның да есебін сұрайтын күн туар. Себебі«судың да сұрауы бар». Министр сұрамаған күннің өзінде ақшаға жауап беретін басқа мекемелер бар емес пе? «Отанды сүю отбасынан басталады» дейміз. Дәл қазір Отанды сүю ел басына туған қиыншылықты бірге бөлісу болып отыр. Осы тәжтажал алғаш пайда болғанда, Қытайда жұмыс істейтін жапон жігіті еліне қайтудан бас тартқан болатын. «Ауруды еліме апарғым келмейді. Өлсем де осында боламын» деген жанашыр сөзін біздің де басылымдар мысал ретінде жазды. Сондай жанашыр сезімнің ұшқыны біздің азаматтарға жетіспей жатқаны қарныңды ашырады. Вирус бергі әңгіме болып қалды, біздің азаматтар 42 500 теңге үшін қырық пышақ. Жұртты жаппай әбігерге салған ақша туралы бұрын банк саласында қызмет еткен Тоқтар Алжанбай есімді экономистпен телефон арқылы әңгімелестік.

Тоқтар айтады: «Осы жағдай көп шындықтың бетпердесін ашты. Әсіресе, масылдық психологияға, жалқаулыққа бой алдырғанын көрсетті. Мемлекетке жөн-жосықсыз міндетсіну, бәрін мемлекет жасау керек деген мінездің қалыптасқанын көрсетті. Үкімет ақша бермесе, аш қалсақ та қам жасамай отыра беруге жаман үйреніппіз. Мемлекет не айтса да сенбейтін, жел сөзге, арандатушылардыңбос сөзіне үйір, өсек аяңға жақын, аяр жұртқа айналыппыз», – деді.

– Карантиннен кейін осы кемшіліктеріміздің орнын толтырып, халықтың мінезі жақсы жағына
өзгермей ме? – деген сұрағымызды қойдық.

Ол: «Жұрттың бәрі карантиннен қатты қиналды деп айта алмаймын. «Ақшасы таусылып қара сусыз қалды» деуге келмейді. Сондықтан жұрттың мінезі бірден жақсы жағына өзгереді деу қателік. Өйткені шын қиналмаған, ашықпаған адамның өзгеруі қиын. Оны өткен тарихтағы түрлі оқиғалардан білеміз. Бірақ көзі ашық жұрт осы жағдайдан кейін құндылықтың мәнін түсінеді деп ойлаймын. Еңбектің қадірін, жалқаулықтың азабын білетін болады. Үйде демалып отырудың қаншалықты қиын екенін сезінеді. Денсаулықтан артық байлық жоқ екенін, туыстан артық жанашыр, ағайыннан артық жақынның бомайтынын ұғынады деп ойлаймын. Содан кейін, есті жұрттың көбі қысыр сөздің тамақ болмайтынын, сауда жасау керек екенін, бір тиынды екі тиын етіп құрау қажет екенін білетін болады. Меніңше, осы жағдайдан кейін Қазақстанда шағын және орта бизнес қанат жаяды. Цифрлық жүйе дамиды. Электронды үкімет деген дүние жетіледі. Электронды жүйе дамыса, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі», – деп өз ойын түйді.

Сыбайлас жемқорлық демекші, заңға пысқырмайтын, карантинді пайдаланып, мемлекет бекіткен
9 түрлі азық-түліктің бағасын көтеріп сатқан дүкендер мен сауда орындары да бой көрсетті. «Мынау неге қымбат?» десеңіз, «бізге солай қымбат бағамен келіп жатыр» деп құтылғысы келеді. Бүкіл елдің басына түскен қиындықтан ақша жасағысы келетін ондай пысықтардың да жолы кесілер. Карантин бір жағынан кейбір заңның орындалуын, тәртіпті ретке келтіргендей. Өйтпесе, бұған дейін әлгі тоғыз түрлі өнім бір ауыл түгілі, бір көшенің бойындағы екі дүкенде екі түрлі бағамен сатылып келген жоқ па? Тұрғындар да кейбір өнім бағасының қандай болуы керектігін, заң бойынша оны қымбаттатуға болмайтынын түсінді. Бұл енді жақсы жағы.

Жарас КЕМЕЛЖАН

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген