Бір жылдың жүгі

28 тамыз 2020, 11:39

Алдағы аптада Қазақстан Президентінің Жолдауы жарияланады. Президент тура бір жыл бұрын халыққа жол тартқан маңызды, қадау-қадау міндеттерді белгілеп еді. Солардың бәрі жүзеге асты ма?

Бірден айта кетейік, Арыстағы алапат жарылыс, белгілі бір күштердің дем беруімен толастамаған митингілер, Қордайдағы арандату, әсіресе, төтеннен келген пәлекет – тәжкесел стратегиялық мақсаттан гөрі тактикалық міндеттерді дер кезінде шешуді талап етті. Оқыс оқиғалар, әсіресе, пандемия биліктің барлық буыны мен қоғам үшін қатал сынға айналды. Мықты жағымыз да, осал тұсымыз да осы арада білініп қалды.

Әйтсе де, қысылтаяң сәттерге қарамастан, Жолдаудағы міндеттердің елеулі бөлігі орындалды. Бұл ретте саяси және әлеуметтік блокты бөле-жара айтқан жөн. Қазақстан шын мәнінде азаматтардың өтініші мен талабына, сындарлы сынға құлақ асатын (орысшадан сөзбе-сөз аударылып жүргендей, еститін емес) мемлекетке айнала бастады.Президенттің қандай бір елеулі оқиғаға дер кезінде тікелей үн қатуы, тиісті тапсырма беруі, азаматтардың өтінішін қабылдайтын арнайы бөлімнің құрылуы — сөзімізге дәлел. Осынау оң тәсілді енді министрлер мен әкімдер, мекеме басшылары игерсе игі. Әйтпесе, атқамінерге үміт артудан қалған тұрғындардың тікелей Президентке жүгінуі немесе БАҚ-тан көмек сұрауы жалғаса береді.

The show must go on (Шоу жалғасуа беруі керек). Бұл белорус елінде сайлаудан кейін тоқтаусыз өтіп жатқан митингке қатысты айтқан бір сарапшының пікірі. Беларусь еліндегі оқиғалар митинг бір елдің ішкі мәселесі болудан қалып бара жатқанын айғақтайды. Наразылық шарасы әлемдік державалар арасындағы текетірес, сауда соғысы, белгілі бір аймақ үшін ықпал соғысына, бейнелеп айтқанда, «демократия шоқпарына» айналып келеді. «Митинг вирусы» бізді де біраз әбігерге салды. Билік азаматтардың өз пікірін еркін жеткізуі жолында түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырды. Арнайы заң қабылданды. Ендігі жерде митинг өткізу үшін рұқсат сұрамайды, құлақтандырудың өзі жетіп жатыр. Қаланың қиыр шетінде емес, орталығында жиналуға болады. Бірақ бәрі заң шеңберінде болуы тиіс. Арандатуға, тәртіпсіздікке жол берілмейді. Бұзақылық әрекетке барғандар, шетелдегі ықпалды жанашырлары ара түссе де, жауапқа тартылады. Айта кеткен жөн, кейбір халықаралық ұйымдар біздегі митингке шетел азаматтарының қатысуын көздейтін бапты енгізуге күш салды. Билік бұл мәселенің мемлекеттің ішкі мәселесі екенін мәлімдеп, оған сырттан ешкімнің араласуына жол берілмейтінін кесіп айтты. Саяси реформалардан сөз қозғағанда, партияларды тіркеу үшін ұйым мүшелерінің санын азайту, Парламентке жастарды тарту сықылды бастамалар өз жемісін береді деген ойдамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік сайлау бағдарламасында, сондай-ақ, былтырғы Жолдауда көрініс тапқан әлеуметтік әділеттілік қағидасы қоғам өмірінде нақты көрініс тапты. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) пен пандемия кезінде берілген ақшалай жәрдем (42500 теңге) мемлекеттің қандай жағдай болмасын, өз азаматтарына қол ұшын созып, қамқорлық танытатынын паш етті. Көмекке зәру жандарды қолдау барысы, әсіресе, АӘК жүйесін жетілдіре түсу, тиісті мекемелердің жауапкершілігін арттыру, жемқорлық пен көзбояушылыққа жол бермеу секілді көкейкесті міндеттер тұрғанын қаперге салды. Сондай-ақ «бес саусақ бірдей емес» дегендей, қоғамның кейбір бөлігінде оңай жолмен ақша алу үшін небір алаяқтық әрекеттен тайынбайтындардың табылатынын да көрсетті. Жалпы, қит етсе, «мемлекет асырауы тиіс» дейтін қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау қайсыбір азаматтарды масылдық психологиядан арылту үшін үкіметтің «Балық берме, қармақ бер» қағидатын басшылыққа алып, еңбекке ынталандыруға мән бергені жөн секілді, біздіңше.

Мемлекет басшысының бастамасымен әлеуметтің тілегі мен лебізін билікке жеткізетін Ұлттық қоғамдық сенім жөніндегі кеңестің құрылуы да бүгінгі күннің талабынан туындап отыр. Кеңес қызметін бұдан да тиімдірек ету мақсатында, біздіңше, оның құрамына қазіргі сарапшы, заңгер және журналистерге қоса медицина, білім мамандары, бизнес (шағын және орта) пен шаруа қожалығы, жастар өкілдерін көбірек тартқан жөн секілді. Өйткені олар сол ортадағы шешімін күткен түйін мен қордаланған түйткілді басқалардан гөрі жақсырақ біледі.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауда экономиканың беломыртқасы іспеттес шағын және орта бизнесті қолдауға айрықша мән берді. Жыл басынан бері олар салықтың кейбір түрінен босатылды. Үкімет карантин кезінде де кәсіпкерлерге демеу болды. Компанияларда жұмыс орнының сақталуына күш салды.

Жер-жаһанды әлекке салған коронавирус кеселі тауар мен бұйымның, азық-түліктің түр-түрімен өзін-өзі қамтамасыз ететін елдің қиындыққа қыңбайтынын дәлелдеді. Медицина құрал-жабдығы мен дәрі-дәрмек өндірісі өміршең мәселе екені айқын көрінді. Міне, сондықтан алдағы Жолдаудан туындайтын міндеттер арасында отандық өнім өндірісіне басымдық берілсе, құба-құп. Бұл ретте бірер жыл бұрын қолға алынған қарапайым заттар экономикасының болашағы зор. Тек біздегі бастайтын да тастайтын жартыкеш жобалардың кебін кимесін деңіз. Тәжкесел қолғап, бетперде, дәке секілді ең «қарапайым заттарды неге өзімізге жетерліктей неге өндірмеске?» дейтін байырғы сауалды тағы да көлденең тартты. Ендігі жерде жоспарлы, жүйелі түрде жұмыс істейтін кез келді. Әйтпесе, өндіруші емес, тұтынушы болып қалғанымыз қалған. Дәрі көптеп өндірілсе, ортадағы жылпос делдал мен алыпсатардың саудасы жүрмес еді.

Осы салада аяқтан тартатын тағы бір кесел бар. Ол – кеңестік жүйеден қалған көрсеткішті қолдан өсіріп, қағаз жүзінде бәрі қатып тұратын әдемі ақпар беру. Соның кесірінен не жоба іске аспайды, не қазынадан бөлінген қыруар ақша қолды болады. Жалпы үкімет, Парламент және саяси партиялар, қоғамдастық тарапынан экономикаға бөлінген қаржының орнымен жұмсалуын қадағалайтын механизмді қалыптастыратын уақыт жеткен секілді.

Әрине, әлдебір сарапшылар жазып жүргендей, қара бұлтты төндіре берудің жөні жоқ. Ел экономикасы шикізатқа көбірек иек артса да, өркендей түсудің іргетасын қалап алды. Елбасының тікелей бастамасымен Ұлттық қорды құрып, экспорт түсімінің бір бөлігін қиын күндерге деп жинауы сәтті шешім болғанын қайталанып жатқан дағдарыстар дәлелдеп берді. Мұнай бағасы құлдыраған тұста отандық алтын өндірісі Ұлттық қор мен алтын-валюта резервінің бүйірі солмай, керісінше, тоқ болуына ықпал етті. «Көгілдір отынды» ел игілігіне жұмсауды көздейтін «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры желісінің іске қосылуы да жүзеге асқан айтулы жобалардың бірі. Атыраудағы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін газ-химия кешені іске қосылған соң көршілерді аса бағалы өніммен қамтамасыз ететін алып кәсіпорынға айналады.
Жаһандану өрісі тарылып, халықаралық қоғамдастықтағы бұрынғы сенімді байланыстың көбесі сөгіліп жатқан қазіргі заманда ішкі ахуалы тұрақты, халқының береке-бірлігі қуатты, экономикасы мығым мемлекет қана қиындық атаулыға төтеп бере алады. Міне, осы қағидаттар жаңа Жолдауда көрініс табады деп үміттенеміз.

Срайыл Смайыл

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген