Бір әкенің баласындай

18 қараша 2016, 11:42

… Арқаның бет қаратпас сеңдей сірескен қытымыр да қатал қысында Астана көшелерін бойлап жоқ іздеген жолаушы келе жатыр. Соңына ерткен бір қауым ел бар. Ел дегенде де университетті енді ғана бітірген бір топ студент. Бірақ жолаушы жалғыз! Ол өзінің ойымен ғана оңаша арпалысып келеді. Мынау ертіп келе жатқан өрімдей жастардың тағдырына алаңдайды. Жүз ойланып, мың толғанып тоқтаған бұл шешімі дұрыс па, бұрыс па? Діттегенін бағындырып, арманын мақсатқа айналдыра алса жақсы, ал кері кетсе, бұл көзсіз тәуекелдің өтеуі не болмақ? Қалай дегенмен де соқа басы емес, өзіне зор сенім артып, соңынан бір сөзге келмей ерген бір топ жәудіркөздің келешегі үшін жауапты ғой. Осы бір тынымсыз ой көңілін бір кемірсе, сақылдаған қара суыққа шыдамай дірдек қаққан жастардың жан қиналысын ішпен сезіп, жүрегі қан жылайды. Иә, жолаушы серіктес боп ерген қасындағы жанның ешбіріне көрсетпей үнсіз егіліп келеді. Ол біледі: көз жасын көрсетіп, осалдық таныту – өзін асқар тау, алып қорғанына балап, тұлға тұтқан балаң танымды, аппақ сенімді бір-ақ сәтте күйретіп кетерін. Сондықтан да жанарын жасқа жасырып шылайды. Ой үстінде келе жатып елемепті. Енді байқады: жанарын жапқан сол жас мұзға айналып үлгеріпті. Көзі айналасын айқындап тұрғанымен, жансыз шыны секілді, ашып-жұму қиындап барады. Не істеу керек? Жолаушы іштей шешімге келді: бұлай осалдық танытуға болмайды. Шегінерге жол жоқ! Өнер жасықтарға қол емес, өнер – жанкештілік. Ендеше алға қойған сол ұлы мақсат жолынан айнымау керек, адаспау шарт! Ал оның іздегені – өнердің жоғы еді…

03

Осыдан тура 8 жыл бұрынғы бір үміт пен мың күдік арпалысқан бұл сезім қазір ақиқат ауылынан алыстау көрінетіні рас. Бірақ титтей жалғандығы жоқ. 1926 жылдары алғашқы қазақ театрын құрушылар кедергі қиыншылықтан қалай өтсе, өнердегі жолын енді бастағалы тұрған жас театрдың алдынан да талай сын күтіп тұрды. Иә, олар – бейбіт күннің батырлары. Әу баста ғимараты да, қойылым көрсетер сахнасы да жоқ бір топ студент режиссер, ұстаз Нұрқанат Жақыпбайдың бастамасымен өнердің ұлы сапарына шығады. Ел аралап, декорацияларын тасып жүріп, жер-жерлерде өнер көрсетеді. Кезіндегі ойын қоятын ғимараты болмай, халық көп жиналған шулы орта, жәрмеңкелерде көрерменін қуантқан қазақ өнерінің абыздары – Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаевтар секілді бұл жастардың да өнердегі соқпағы халықтың ортасынан басталды.
«…Бірде Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев театрында қойған кезекті қойылымымыздан кейін декорацияларымызды алып, Жастар сарайына қарай келе жатқанбыз. Балаларды алға жіберіп, өзім соңдарынан еріп келемін. Қолымызда қытайдың ала сөмкесі, декорацияны көтере алмай қинала мықшыңдаймыз. Далада 40 градус аяз. Жел улеп, қар борап тұр. Кендір жіп қолдарын қиып жіберген болу керек, оның үстіне аяз қосылып, актриса қыздарым шыдамай жылап келе жатыр. Беттері әбден домбығып, қып-қызыл болып кеткен. Осы көріністі көріп шыдай алмадым, еркімнен тыс менің де көзімнен жас парлады. Бірақ онымды көрсетпеуге тырысып келемін. Сеніп келе жатқандары – мен, жүрегімнің нәзіктігін көрсетіп, сол сенімдерін күйретіп алудан қорықтым. Бір уақытта жасым қатып қалыпты. Кірпігімде кәдімгідей мұз пайда болып, көзімнің алдында бейнебір әйнек тұрғандай жаба алмаймын. Шынымды айтайын, шошып кеттім. Жолшыбай «Абай» қонақүйі кездесе кетті де, дереу сонда бұрылдым. Ал балалар болса, ештеңені сезген жоқ, әрі қарай кетіп бара жатыр. Ғимараттың іші жылы ғой, көзімде қатып тұрған мұз бірден еріп кетті. Жанарымның аман екенінен көзім жеткеннен кейін, қуанып кеттім. Дереу балалардың соңынан жүгірдім. Қатарынан қалып, қайта ілескенімді ешкім де байқамай қалды. Осы күн әлі есімнен кетпейді» – деп өткен күннің естелігімен бөліскен режиссердің сөзін шәкірті Әділ Ахметов жалғады: «Кейбір кезде осындай қиындыққа шыдамай, жастық жалынмен қолды бір-ақ сілтеп театрдан кетіп қалғымыз келетін. Шыдамай кетіп қалғандар да болды. Баламыз ғой, ағайдың көзқарасынан именіп, ол кісіге көрсетпей жасырып жылап та алатынбыз. Бірақ ұстазымыздың бәрін ішпен біліп жүретінін біз де сезетінбіз. Үміт үзілуге шақ қалған сондай күндерде Нұрқанат ағамыз: «Шыдайық, балалар. Ең бастысы еңбектенейік! Еңбектің жеңбейтіні жоқ. Әлі-ақ көресіңдер, ертең осы күндерімізді еске алып күліп отыратын боламыз» – деп әрқайсымыздың жанымызға сенім ұялатты.

02
Астанадан Жастар театрын ашу жайлы алғаш ұсыныс түскенде бәрін тастап, жылы орнын суытып, үйренген ортасын қиып Алматыдан жыраққа қоныс аудару оңай болмады. Шәкірттерінің оқуы, ал режиссердің ұстаздықтан бөлек, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жылдан бері етіп келе жатқан қызметі бар. Достары да, жақындары да, сырласар ортасы да осында. Қалай дегенмен, Алматы – мәдениеттің ошағы ғой. Сондықтан алғашында бір шешімге келуде қатты қиналды: «Бірді мыңға сата ма» («Абай»), әлде бәрін жалғыз арманының жолында құрбан ете ме? Режиссер арманын таңдады! 39 жыл қызмет еткен құтты орны – театрын, отбасын қалдырып, оқуын енді тәмамдағалы отырған шәкірттерін ертіп тәуекел сапары – арманның ұлы жолына бағыт бұрды.
Театр ашу жайлы ұсынысты қабыл алуын алса да, баратын жер, табан тірейтін баспанасы жоқ бір қауым ел екі бөлмелі пәтерді қанағат тұтады. Қара басын емес, әуелі шәкірттерінің қамын алдыңғы орынға қойған режиссер пәтерді басы бүтін жас сахнагерлерге босатып беріп, өзі Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының үшінші қабатындағы кеңістіктің тарлығынан тік кіріп, тік шығатын аядай ғана бөлмені екі жыл тұрақ етеді. Сол шағын бөлмеде бүгінгі театр мамандары мен көрерменінің аузының суын құртып, тамсантқан жаңалыққа толы өнер туындылары өмірге келді. «Қиналдық, бірақ қинала жүріп алдағы жарқын күндерден бір сәт те үмітімізді үзбедік. Уақытпен санаспай жұмыс істедік. Бізде сенетін де, арқа сүйеп, иек артатын да ешкім болмады. Сондықтан өзімізге, екі қол мен жүрегімізге, маңдай терімізге сендік. Түні бойы отырып таң атқанша кәстөм тігеміз, киім үлгілерінің эскизін жасаймыз. Басында арнайы суретшісіз, кеңесшісіз жұмыс істедік. Өйткені оған беретін ақшамыз болған жоқ. Базарға барып арзан бағамен мата, целлофан, жылтыр қағаздарды сатып әкелеміз де, түнімен киім тігіп, декорацияны дайындаймыз. Күндіз қойылымға дайындық жүргізіп, кешкісін спектакль ойнап жүрдік. Ас мәзіріндегі басты тамағымыз – нан мен майонез болды. Соны талғажау етуге, қанағат тұтуға тура келді. Қазір мұның бәрі өтірік сияқты көрінеді. Бірақ біз осындай жолдан, осы қиындықтардан өттік және ол қиындық бізді кәдімгідей шыңдады. Мәселен, Сұлтан Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол…» әфсанасын алып 2011 жылы Алматы қаласына фестивальге қатысуға келгенде, «Жетісу» қонақүйінде түнімен көз ілмей кенеп қаптан спектакльдің кәстөмін даярлағанымыз бар. Жігіттер қиып, қыздар жағы тігіп отырды. Сөйтіп, таңды көзбен қарсы алып, тұтас бір қойылымның киімін өз қолымызбен тігіп шықтық. Ертеңінде спектакль ойнадық. Еңбегіміз жанып – Гран-примен Астанаға оралдық. Жоқшылық бізді қиялдауға үйретті. Соның арқасында қиялымыз ашылып, аз мүлікпен үлкен қойылымдар сахналауға дағдыландық. Ол көшіп-қонуға да ыңғайлы болды. Спектакльдерімізде ауыз толтырып айтарлықтай, артына тығылып кемшілігімізді жасыратындай, бай декорация бізде болған жоқ. Барлық салмақ актерлерге түсті. Біз кедей өмір сүрдік, бірақ сахнамыз салтанатты көрінді. Себебі оны таза маңдай тер еңбек пен жастықтың жалыны жандандырды, сән кіргізді. Сахнадан жас жүректің лүпілі сезіліп тұрды. Қалай дегенмен, жастықтың аты – жастық қой. Біздің табысымыздың негізгі кілті де, ерекшелігіміз де бәлкім, осы жастығымызда шығар» – деп суреткер сыр ашты.
Жастар театрының қойылымдарын жіті бақылар жан, шынымен де, сахна төрінен еліміздің көптеген академиялық театрларына тән сықиған, қозғалмайтын декорацияны емес, жалындаған жастардың жастық лебін сезер еді. Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың реформаторлығы да сол – қойылымдарында мүлік емес, бірінші кезекке үнемі актерлердің өзі шығады. Сондықтан да сахна суреткерінің әр қойылымы үздіксіз қозғалысқа түсіп, тірі ағза секілді өнердегі өмірін сүріп жатады.
Рас, бір қараған кісіге режиссердің кісікиіктеу көрінетіні, сырбаз да тәкаппарлау әсер сыйлайтыны бар. Киім кию ерекшелігі мен шаш қою үлгісі де суреткерді көп ішінен даралайды. Сырт көзге қаталдау көрінетін болмысы да сан адамды қаймықтырады, маңғаз мінезі алдына барғанның мысын басады. Бірақ алғашқы сезім алдамшы. Өнер иесін әңгімеге тартып, көңіл кілтін таба алсаңыз, Нұрқанат Жақыпбайдан асқан ақжарқын, арманшыл адамды таппайсыз. Шешіліп бір сөйлеп кетсе, бұл кісіге жетер әңгімешіл жанды кезіктіре қоюыңыз екіталай. Бірақ қай кезде де тәртіп пен шыншылдықты бірінші кезекке қояды. Шәкірттерінің көңіл түкпіріне мәңгілікке ұялатуға тырысатын ұлағаты да осы – адамгершілік пен жан тазалығы. Ұстаз Нұрқанаттың әр дәрісі сайын айтатын ақылы шәкірттерінің арасында қазірдің өзінде қанатты сөзге айналып үлгерді: «Өнерде жақсы актер болу үшін – өмірде жақсы адам болу керек», «Басқалар неге озып кетті деп ойлама, мен неге қалып қойдым деп ойла», «Әр спектакльді бастағанда соңғы рет ойнағандай ойна!». Міне, осылай жалғасып кете береді, кете береді.
Ал режиссер Нұрқанаттың табиғаты мүлдем бөлек. Жоғарыда айтылған мінездемеге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сахнада ол өктем, талапшыл. Жаңа ғана мәпелеп, ақылымен аялап отырған шәкірттеріне енді шүйлігеді. Аламанға қосар арғымақты арам терінен арылтар бапкердей әр актерін аяусыз қинайды. «Жеңілдің асты, ауырдың үстімен» жүргеннен шын өнер тумайтынын режиссер жақсы біледі. Сондықтан да қиналудың – шыңдалу екенін әр сахнагердің санасына мықтап сіңіргісі келеді. Жаңа қойылымға дайындық жүргізіп жатқан өнер иесінің әрекетін сырттай бақылар болсаңыз, сөзсіз осындай ойға берік бекисіз. Сахнаның арғы бетінен бергі бетіне секіріп, цирк әртістерінше шеңбер жасай билеп, тынымсыз әрекет үстіндегі ақ тер-көк тер болған актерлердің жан алысып-жан беріскен шымылдық артындағы өнер үшін күресі шын сүйсінтеді.
Нұрқанат Жақыпбай талапшыл ғана емес, ойшыл режиссер, суреткер тұлға. Әрдайым шәкірттерін театрда басқаша өмір бар екендігіне, театрда басқаша ойнап, басқаша ойлау керектігіне сендіреді. Сахнада тұрмыстық танымнан ұзап, қиял мен арман биігінен тіл қатуға үйретеді. Сондықтан да Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің» сұлулығының сырын жете ұғынады. Жалақысының аздығы, қысқа жіптің күрмеуге келмей келте тартып жатқандығына қарамастан, тоның ішкі бауындай жарасып, бір әкенің балаларындай тату-тәтті ғұмыр кешуде.
«Мен жастарға үнемі келешегіміз деп қараймын. Олар қай кезде де сол жастығымен ұтады. Бүгінде олар айлығының аздығына, баспанасының жоқтығынан қарамай, уақытпен санасуды ұмытып, өзін тұтастай өнерге арнап жатса – ол да сол жастық жалынның арқасы. «Мен халқыма керекпін! Мен – елімнің ертеңімін» деген жалғыз-ақ сенім оларды алға жетелейді. Әйтпесе, дәл қазір, шынын айтқанда, сол жастардың үйі де мықты емес, жалақысы да қалта көтермейді. Жалпы қазақ театрларының жалақысы мардымсыз болса, біздің театр мүлдем аз алады. Дегенмен, бұл балалар оны айтып жатқан жоқ. Қалай театр деген киелі мекеннің табалдырығын аттайды, өзінің үйі жоқ екенін, жалақысының аздығын, күйбең тірліктің басқа да қиыншылығын ұмытып, саф сұлу өнердің сиқырына арбалады» – дейді режиссер.

01
Есепсіз төгілген маңдай тер, адал еңбектің қай кезде де өтеуі болған. Бүгінде жас театр елорда төрінде жаңа ғимаратқа ие болып, төл театрының тұсауын кесіп жатса – бұл да сол өнерге деген шексіз махаббат пен ешбір өтеусіз еселене төгілген маңдай тер, қажыр-қайраттың, тұғырлы табандылық пен ерік-жігердің жемісі деп білеміз. Жастар театрының жаңа ғимаратқа көшуі – Астана тұрғындары үшін ғана емес, жалпы өнер әлеміндегі үлкен жаңалық болды. Күләш Байсейітова атындағы бұрынғы Ұлттық опера және балет театры енді жас театрдың іргелі қарашаңырағына айналды. Осындай толқынысты сәттегі сезімімен бөліскен суреткердің: «Бұл ғимараттың тарихы үлкен ғой. Кезінде ұлы Күләш апамыздың атындағы театр болған. Осы аяулы есімнің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді» деуі де жас театрдың өнердегі өрісіне өлшем, алдағы күндерде атқармақ айтулы туындыларының талғам деңгейі мен көркемдік келбетіне таразы.

РЕЖИССЕР АЙТАДЫ:
– Елімізде 54 театр бар. Сол театрлардың репертуарларында жүріп жатқан пьесаларды біз де қоямыз. Бірақ біз ұжымның мүмкіндігіне сай оған бөлек бағыт, өзгеше үнмен келеміз. Болашағымыз жастар болған соң, кез келген туындыны, тіпті классикалық шығарманы да сол жастарға арнап көркемдеп, жаңашыл бағытта қоюға тырысып жатырмыз. Керемет жаңалық аштық деп есептемейміз. Жастардың талғамына сай, солардың тілінде, көпсөзділіктен гөрі, оқиғаны әрекетке көбірек құрып, музыка мен пластикаға басымдық беріп жұмыс істеу үстіндеміз. Өйткені адамда намыс деген бар. Әсіресе, қазақ – намысшыл халық. Қазіргі компьютермен өсіп келе жатқан жастар «менің елімде неге Мәскеудегідей, болмаса Еуропаның алуан бағыттағы театрларындай сан қырлы театр жоқ?, Бродвей театрының спектакльдеріндей қойылымды мен неге өз елімнен тамашалай алмаймын?» деп намыстанбасыншы, әлемнен іздейтін ерекшелікті өз елінен, ұлттық өнерінен тапсыншы деген ой әр қойылымды қойған сайын менің көкейімде тұрады. Әрине, біз қанша ұмтылғанымызбен, еуропалық, мәскеулік театрларға жете алмаймыз, әлемдік классиканы сахналап шетелдік болып кете алмайтынымыз және ақиқат. Қойылымдарымыздан бәрібір қазақтың исі аңқып тұрады. Алайда біздің діттегеніміз – дүниежүзілік театр мәдениетінен, тәжірибеден өзімізге, қазаққа керек дүниені алып, көрерменімізге ұсыну. Мәселен, қазір сахнада ақыл айтқанды ешкім тыңдағысы келмейді. Ақыл айтудың дәуірі өткен. Қазір соңғы сөзді көрерменнің өзіне қалдыру керек. Өзі ойланып, түйінін өзінің түсінік-танымына қарай көрермен өзі шешеді. Театр мамандары, сыншылардың пікіріне сүйенсек, өнерсүйер қауымның ықыласына қарағанда, аяқ алысымыз дұрыс сияқты.

ШӘКІРТТЕРІ АЙТАДЫ:
– Оқу бітіре салып «болдым-толдым» деу – жаңсақтық. Актер үнемі ізденісте жүруі керек. Ұстазымыз бізге осыны ылғи айтып отырады. Кейде қойылымға басқа ойлармен келесің, тезірек бітірсем екен деп, әйтеуір атүсті ойнап кете салғың келіп тұрады. Бірақ ондай қулығымыз бәрібір өтпей қалады. Өйткені Нұрқанат аға бізді бес саусағындай біледі, бірден сезіп қояды. Ескертуін жасайды. Қыз демей, ұл демей, ұрсатын жерінде ұрсып, мақтайтын тұста мақтайды. Актер – қанжар болса, режиссер – оның қайрағы. Сондықтан актер үнемі қайралып, бабында болуы керек. Жақсы қайралмаған актерден сәтті образ тумайды. Сахнада актердің жарқырай көрінуі режиссерге тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде, біздің жолымыз болды. 12 жылдан бері Нұрқанат Жақыпбай мектебінің шәкіртіміз, 12 жыл бойы қайралып келеміз. Кейде тіпті өз арамызда «Нұрқанат ағайдың 12 курсында оқимыз» деп әзілдейміз. Ол шынымен де солай».
Балалығы мен шалалығы басым бір-бір үйдің ерекелерін сахна мәдениетіне тәрбиелеп, кәсіби маман етіп шығару үлкен ыждаһаттылықты талап етеді. Оған да тура туған үйіңдегідей ананың аялы алақаны мен көзінің қиығымен-ақ бәрін ұқтыратын әкенің қатал мінезі керек. Еркелете отырып, алға жетелейтін шексіз шыдам мен темірдей төзім қажет. Егер осы өлшеммен келер болсаңыз, Нұрқанат Жақыпбай қазір қатары тым-тым сиреп бара жатқан, бәрін көзқараспен ұқтыратын қазақтың асыл текті әкелерін көз алдыңызға әкеледі. Иә, ол – қатал. Талап етер тәртібі де кейде жан төзгісіз, тіпті қажет жерінде жылатып та алады. Бірақ ол қаталдығының астында қандай мейірім-махаббатың жасырынғанын тек шәкірттері ғана сезінеді. Бүгінгі жеткен жетістігінің барлығы да режиссер қояр сол темірдей тәртіп пен талаптың арқасы екендігін олар жақсы түсінеді. Сахнада шәкірттерін сын тезіне салған суреткердің, театрдан тыс уақыттағы «балаларым» деп бәйек болар жан мейіріміне бойлап, жылылық тұнған жанарына үңілсеңіз, жүрегіңіз елжіреп сала береді. Иә, режиссер емес, ол енді – әке! Ал актерлер – шүпірлеген балалары. Ол отбасына ғана емес, өзі құлын күнінен тәрбиелеп, үкілеп өнер додасына қосқан, бүгінде бір қауым елге айналған шәкірттерінің барлығына – асқар тау, алып қорған. Тәлімгерлерінің алты буын легін дайындаған ұстаздың соңғы үш буыны – бүгінгі Жастар театрының белді актерлері. Кезінде қытайдың ала сөмкесін көтеріп көшпелі ғұмыр кешкен бір топ жас – Дәурен Серғазин, Әділ Ахметов, Азамат Есқұлов, Жандәулет Батай, Бақыт Хаджыбаев, Айнұр Рахипова, Мәдина Май, Махаббат Мадғұлова бастаған қыз-жігіттер жасампаз театрдың негізін қалаушылар, жас та болса ұжымның аға буыны саналады. Соңынан еріп, қатарға қосылып жатқан іні-қарындастарын құшақ жая қарсы алып, білгенін жабыла жүріп үйретеді. Сөйтіп, біреуі үлкен, біреуі кіші, біреуі аға, біреуі іні, біреуі әпке, біреуі сіңлі, бауыр болып, Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері бір әкенің баласындай жас театрдың төрінде өсіп келеді. Тіпті сол балаларының шымылдықтың артында тәрбиеленген балаларының алды ес біліп, сахнада қойылым ойнайтын деңгейге жетіп отыр. Тағы да режиссер айтады: – Өнер деген – жанкештілік. Жанкештілікте жүрген жаннан шын өнер туады. Бір кездерде сахнаға шығар киіміміздің, тіпті жейтін нанымыздың болмағанын біз ешқашан да ұмытпаймыз. Жоқшылық бізді тәубеге, қолымызда барға шүкіршілік етуге үйретті. Аязби деген әулие бар ғой аңызда. Сол секілді біз де кейде бір астамшылыққа ұрына бастағанда, балаларды тоқтатам: «Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл!». Көрдіңдер ме, біздің есіктің маңдайында не ілулі тұр?! Сол ала сөмкені, қайдан шыққандарыңды ұмытпаңдар! – деймін.
…Осыдан 10 жыл бұрын Нұрқанат Жақыпбай елорданың төріне өз қолымен әкеп еккен бір түп шыбық бүгінде тамырын кеңге жайып, саялы орманға айналды. Арман ақиқаттың жолына түсті. Алғашқы жемісін бере бастады. Жас өркенге тыныс сыйлап, демін ашқан сол мәуелі бәйтерек өнер-орманындағы өз орнын белгіледі. Небәрі 10 жылдық тарихында республикалық, халықаралық байқаулардан 8 бірдей Гран-при жүлдесін қанжығасына байлауы да жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем. Жалғыз жолаушы адаспапты. Соңынан қаулап өсіп келе жатқан ордалы орманға бағбан Нұрқанат ойлана ұзақ көз тігеді…

Назерке ЖҰМАБАЙ,
өнертану ғылымдарының магистрі
Астана

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала