Хәкім Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дейді. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді қазақ. «Даланың иісі бұрқырап» жүретін қарттарының амандығын тілейтін тілеулес елдің бүгінгі қариясын асырайтын орталықтар да бар бізде. Соның бірі – Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. 1 қазан – Қарттар күні қарсаңында орталық басшысы Тұрарбек Тұманшиев мырзадан сұхбат алып, дидарласып қайттық.
Jas qazaq: Орталықтың қазіргі тынысы туралы білмекке келдік, қысқаша хабардар етсеңіз.
Тұрарбек Тұманшиев: Біздің орталықта 263 адам бар. Олардың ішінде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан бір майдангеріміз бар. Тыл ардагерлері – 29, соғыс ардагерінің жұбайы – 1 адам, Ауған соғысының ардагері – 1, «Невада-Семей» қозғалысына қатысқан 3 адам бар. Бұл кісілерден сырт, 149 зейнеткер адам бар. Олардың 84-і – мүмкіндігі шектеулі жан.
Jas qazaq: Бұрын қарттар үйі аталған орталықты бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар да бар ғой, демек?
Тұрарбек Тұманшиев: Иә, бұрын «Ардагерлер үйі» деп аталған орталығымыз бүгінде «Шаңырақ» әлеуметтік қарттар және мүмкіндігі шектеулі жандар үйі.
Jas qazaq: Байқаймыз, бұрын өзіңіз айтпақшы, ардагерлер аталып, қарттар үйі болған ұяда бүгінде елуді енді еңсерген жандарды да көруге болады. Бұл ортаға келушілер «жасарып» бара жатқан жоқ па?
Тұрарбек Тұманшиев: Негізінен жасы келген жандар. Сөзіңіздің жаны бар, 50 жасқа дейінгілердің саны – 11. 50-65 жасқа дейін 40 адам бар. 65-75 жасқа дейінгілер – 108 адам, 70 адамның жасы 75-85 аралығында. Сіз жасарып кеткен жоқ па дейсіз, біздің орталықта 85 жастан асқан, 95 жасқа дейінгі қарттарымыздың қатарында 33 адам бар. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагеріміз биыл 97 жасқа шықты. Осы статистикаға қарап та, өзіңіз екшеп аларсыз. Жасы үлкен кісілер көп біздің орталықта. Сізге бір қызық дерек айтайын, жаңа тілге тиек еткен 85-95 жас аралығындағы кісілердің жүзіне қараңыз, жетпіске енді жеткен жандардай жасарып тұр. Бұл ненің белгісі? Адам неден азады? Күйінің болмауынан, қадірінің қашуынан сансырайды. Мемлекеттің қариясына қалай қарайтынын, «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығындағы көрсетілетін қызмет пен құрмет, күтімнің қандай деңгейде екенінен аңғара аласыз.
Біздің орталығымызда қабылданған жандарға қызметтің жеті түрі көрсетіледі.
Jas qazaq: Орталыққа ата-анасын өткізуге ықыластылардың қатары қаншалықты қазір?
Тұрарбек Тұманшиев: Бұрынғы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, орталыққа қабылданудың талаптары күшейді. Жаңа заң бойынша өзінен туған баласы бар болса, мұнда қабылдамайды. Келіп жатқандар да бар, оны жоққа шығара алмаймыз.
Jas qazaq: Мысалы, үйіне сыймады, баласымен не болмаса келінімен, басқамен сыйыса алмай келсе, қабылдамайсыздар ма?
Тұрарбек Тұманшиев: Қабылдаймыз, тек соттың шешімі шыққан соң ғана. Әкесі өзінің баласынан сот алдында бас тартқан жағдайда, я болмаса баласы әкесінен, не анасынан жерініп сыртқа тепсе, соттың шешімі арқылы құжаттарды қабылдаймыз. Қазіргі заң талабы осындай. Одан бөлек, мүгедектігі туралы анықтамасы бар, өзін-өзі асырай алмайтын адам болса, біз қабылдаймыз.
Jas qazaq: Тұрарбек мырза, мұнда келушілердің бәрінің расында да, тұрмысы төзгісіз, бала-шағасының қолы байлауға келмей отырғандар ма?
Тұрарбек Тұманшиев: Біздің орталықтағы адамдардың кейбірінің балалары Ресейде, АҚШ, Канада, Еуропаның басқа да мемлекеттерінде тұрады. Сол жаққа көшіп кеткен. Кезінде соларды мына ата-аналары бағып-қақты, білім алсын деп барын салды. Ақырында, міне, өздері осы орталықта өмір сүріп жатыр.
Jas qazaq: Қазір де қариясын өткізгісі келетіндер бар дедіңіз. Өзіңіз осы орталықтың басшысы болғандықтан, ата-анасы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығына орналастырғысы келетін балаларымен дидарласасыз. Олар мұндай қадамға не итермелегенін айта ма, жалпы? Қоғамдық сана солай жатбауырланып бара ма, әлде адамдардың жүрегіндегі мейірім беріштеніп кеткен бе?
Тұрарбек Тұманшиев: «Сыймай жүрсек екен-ау, сыйыса алмай жүрміз ғой» демеуші ме еді. Бізге келушілердің көпшілігі кезінде лауазымды қызметте істеген, қарауындағыларды билігін бастыра жұмсап үйренген. Зейнетке шыққан соң үйіне сыймайды. Бала-шағасымен сыйыспайды, сөзге келіп қалады. Содан соң жан тыныштығын күйттеп, осында тұрақтаған. Бізге де мінезін көрсетеді. Бірақ орталықтың қызметкерлері бәріне шыдайды, өйткені қызметі ғой атқарып отырған.
Мүгедектігіне байланысты жылына бір мәрте демалыс орындарына барады. Бұдан сырт, медбикелер күні-түні қызметте. Ал дәрігерлер күндіз басы ауырып, балтыры сыздаған адамдарды тексерістен өткізеді. Емханаға, ауруханаға баруы керек болса, қағазын жазып береді, орталығымыздың көлігімен барып, қажетті ем-шарасын алып қайтады. Сонымен бірге зейнетақысын алу қажет кезде, басқа да шаруалары болса, көлікпен алып барады. Кейбір кісілердің несиесі, коммуналдық қызметке, салыққа, айыппұлы басқа да берешегі бар болса, заңгеріміз заңдық қызмет түрін ұсынады, бағыт-бағдар беріп, оңынан шешілуін қамтамасыз етеді.
Jas qazaq: Әлеуметтік қызмет орталығындағы жандардың зейнетақысынан белгілі бір мөлшерде қаражат ұстала ма осы орталыққа?
Тұрарбек Тұманшиев: Иә, тек зейнетақысынан арнайы бекітілген пайызы ұсталады. Ал әлеуметтік жәрдемақы алатындардың ақшасынан алынбайды. Олар жәрдемақысын толық өздері жұмсайды. Зейнеткерлерден базалық зейнетақысынан шегеріп ұстап қалады. Орталықта төрт мезгіл тамақ беріледі, медициналық қызмет түрлері де тегін көрсетіледі. ЛПК орталықта жаттығу жасайды. Тағы бір жағымды жаңалық, орталығымызға биыл геронтология институты ашылды. Геронтолог профессорлар әрбір пациентті қабылдап, адамның жас мөлшеріне қарай, органдарының жұмыс істеу қуатын анықтайды.
Jas qazaq: Қарттарын қазынасына балайтын қайырымды жандар да қарайласып тұратын болар.
Тұрарбек Тұманшиев: Әрине, сый-сияпатын әкеліп табыстаушы мейірімді жандар көп. Түрлі мерекелерде келіп, концерт өткізіп, қарттардың көңілін көтеріп қайтады. Ардақ Назаров сынды азамат намазханамызды жаңартып берсе, Сәкен Майғазиев әншіміз екі бірдей бильярд тақтасын жөндеуден өткізіп, қажетті құралдарын сатып алып берді. Басқа да көмек қолын созушы жандар жетерлік, шүкіршілік дейміз. Бұл кісілерді үнемі түрлі концертке, театрға, көрмелерге ертіп барамыз. Жақында табиғат аясында сейілдеп қайттық. Биыл кіші қажылық сапарына біздің орталықтан 22 адам барды. Олармен бірге 10 қызметкеріміз де барып, зиярат етіп келді.
Jas qazaq: 2001 жылы ашылған орталықта барлық жағдай жасалған ғой. Сол бес саласы да бүтін орталыққа қартын әкеп қалдырған балалары келіп, амандығын біліп кете ме?
Тұрарбек Тұманшиев: Келеді, жолығады, дидарласады. Оған ешкімнің де шектеу қоюға қақысы жоқ.
Jas qazaq: Үйіне апарып, бірнеше күн қондырып әкелсем деп сұрай ма?
Тұрарбек Тұманшиев: Ол жағы жүрегіңді қан жылатады. Рас, келіп немересін көрсетіп, амандасып қайтады. Бірақ үйіне ертіп апарайын деген ақ адал көңілдіні кезіктірмедім. Керісінше, әкімдіктен, басқа да мекемелерден сый-сияпат берілгенде келіп жинап әкетеді. Қазақ аталарымыз бар, асханадан күнделікті өзіне деп берілген алма, алмұрт, банан сынды жеміс-жидегін, кәмпитін жинайды, өзі жемей. Сосын немерелері келгенде, соларға дорбалап салып береді. Қандай мейірім десеңші, ә.
Қайырымдылық қорынан келетін сыйлықтарды да немерелеріне деп жинайды көпшілігі.
Қамқорлық жайында айтылғанда есіме түсіп отыр, мемлекетіміздің қарттарымызға деген құрметі, шарапаты алабөтен ерекше. Оны мойындау керек. Бір кездері осы орталыққа Жапониядан делегация келіп аралап көрді. «Мына орталықтың жылуын, электр қуатын, басқа да қажеттілікке жұмсалған шығынды кім өтейді?» деді. «Мемлекет төлейді» деген жауабымызды естігенде «Сіздер бай мемлекетте өмір сүретін адамдардың санатына жатасыздар ғой» деп шалқасынан түсе жаздады. Басқа елдерде қарттар үйіне орналасқан әрбір адам коммуналдық қызмет, медициналық қызмет, күнделікті тамағына, қонатын үйіне өзінің қалтасынан төлейді. Әлгі жапондықтың таңданысына қарап-ақ, біздің елде қарттарымызға, мүгедек жандарға қандай қамқорлық жасалатынын пайымдай беріңіз.
Орталығымызда 210 қызметкер жұмыс істейді.
Jas qazaq: Қайбір жылы осы орталықта қария мен қарт әже неке қидырып шаңырақ көтеріп еді. Сол кісілердің жайы қалай қазір? Одан кейін сондай бас құрау оқиғасы болған жоқ па? Ақсақалдарыңызды «аяқтандырмадыңыздар ма?
Тұрарбек Тұманшиев: Бір-біріне көңілі соғып, Алланың қалауымен бас құраған атамыз бен әжеміз бірге тұрып жатыр, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Одан кейін де бір атамыз бен әжеміз некелескен, бірақ дәм-тұзы жараспады.
Қазақ: «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейді. Мұнда келушілер тағы да қайталап айтам, негізінен жан тыныштығын күйттейді. Рас, көпшілігінің асыраушысы жоқ, қарайласатын адамы болмай осында мәжбүрлі түрде келгендері де бар. Олар үшін шаңырағы – осы орталық.
Jas qazaq: Өмір бар жерде өлім һақ. Талқаны таусылып, өмір сағаты соғуын тоқтатқан адамды жерлеу рәсімін кім өткереді? Бала-шағасы ма, әлде осы орталыққа жүктеле ме?
Тұрарбек Тұманшиев: Алдымен ақы иесі балаларына, туыстарына, іздеушісіне ескертіледі. Егер олар өзіміз жөнелтеміз десе, сүйекті алып кетеді. Ал бас тартса, жерлеу рәсімін біз ұйымдастырамыз. Өкінішке қарай, ондай жайттар да болып тұрады. Өмір ғой.
Jas qazaq: Сұрақтарымызға тұшымды жауап бергеніңізге алғыс айтамыз.
Берік Әдиев, қажы:
«Қазақта «әкең жынды болса, байлап бақ» деген мақал бар. Өкініштісі, біздің қазіргі буын бұл мақалдың астарын түсінбей, байыбына бойлай бермейді. Қартайғанда ата-анаң қанша мінезді болса да, алжыса да асырау – баланың міндеті. Ол – үлкен сауап. «Әкеңе не істесең, алдыңа сол оралады» дегенді тегін айтпаған. Бұрын асырай алмайтынын желеу етіп, бірге тұруға бейіл болмай, әке-шешесін қарттар үйіне әкелу деген қазақы қалыпқа жат түсінік еді. Өкініштісі, бұл мәселе күн жаңарған сайын өртеңге біткен өндірдей белең алып келеді. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай пана болған ұлттық санамыз бүгінде көмескі тартып бара жатқандай әсер береді.
Рас, мемлекет қарттарымыздан қамқорлығын аямайды, барлық құрметті де, қолдау-көмекті де жасап келеді. Естуімізше, дамыған елдерде қарттар үйіне тегін орналасу деген ұғым-түсінік жоқ екен. Тұруға келдің бе, тамағыңа да, киім-кешек, жатын орныңа кететін шығынды әрбір адам өзі өтейді. Ал бізде барлық жағдай жасалған. Меніңше, қарттар үйіне жан тыныштығын ойлап келетіндер көп. Бірақ «лашық та болса, өз үйімнің» ұғымын терең түсінбегендіктен, осындай қадамға барса керек».
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет