Ақтөбе облысында бір әулеттегі 21 адам теміржолда қызмет етеді. ҰОС ардагері Керей Жұбанышев көзі тірісінде бұл салада 35 жыл тер төгіпті. Кейін 7 баласы әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын алады.
Бұл әулет адал еңбектің жемісін көріп, талай рет марапатқа ие болды. Теміржолда қателік жіберуге болмайды. Керей Жұбанышевтың кенжесі Мұратбек күн сайын рельстің техникалық жағдайын тексеріп шығады. Аға электромеханик болып, біраз жылдан бері еңбек етеді. Мол тәжірибе жинаған ол жас мамандарға бар білгенін үйретіп отырады. Бала кезінен теміржол туралы естіп, көріп өскендіктен болар, мамандығын жақсы көреді. Жұбайын да осы салада кездестіріп, отбасын құрған. Мұратбек Жұбанышев, теміржол кәсіпорнының аға электромеханигі: – Теміржолдың жұмысы өте қиын, жауапкершілігі көп. Біз бәріміз жұмыс істеп жатырмыз. Немерелер де жолымызды қуып келе жатыр, бәрі теміржолшылар. Біздер бүкіл пойызды шығарып саламыз, тілшелерін бұрып, дайындап жібереміз. Бұл әулеттен 21 адам осы салада жүр. Олардың жартысы Қандыағаш стансасында еңбек етеді. Керей қарияның қызы Жұмагүл вагондар мен жүктің қауіпсіздігіне жауап береді. Немерелері Аймат, Нұрсұлтан мен Алтынгүл осы стансадағы сигнал беру және байланыс дистанциясында қызмет етеді. Қандыағаш тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұл жерден тәулігіне ондаған пойыз құрамы 4 бағытқа жол тартады. Бұл қыруар еңбекте Жұбанышевтардың үлесі мол. Олар туралы әріптестері де мақтана айтады. Нұрлыбай Сәрсенов, Қандыағаш стасасының басшысы: – Өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Олар енді көптен бері отбасылық дәстүр бойынша еңбек етіп жүр. Әкелері де, шешелері де теміржолда қызмет жасаған. Көп жылдан бері қызмет жасап келе жатқан династия. Әріптестерінің арасында беделді, жұмысқа жауапкершілікпен қарайды, ылғи мақтау қағаздарын алады, құрметті азаматтар. Әулеттің тағы бір мүшесі Керей Жұбанышевтың қызы Наталья Өмірбаева Ақтөбедегі теміржол компаниясының бас кеңсесінде қызмет етеді. Оның ұлы мен қызы да осы мамандықты таңдаған. Еңбекқор жандардың әулеті республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысып жатыр. Еңбекті қадірлеуге насихаттайтын жобаға олар тыңғылықты дайындалды.