jasqazaq.kz

Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс

15 тамыз, 12:19

 

Арамызда саналы ғұмырын еңбекке арнаған жандар көп. Олар зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмай, елдің ортасында жүреді. Сондай жанның бірі – Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатын 20 жыл басқарып, зейнетке шыққанына 10 жыл болса да, білім ошағынан бірде-бір рет қол үзбеген Биғайша Нұрғазинова.

Биғайша Таутиқызының өнегелі өмір жолына үңілгенде адал еңбекпен адал табыс тапқан адал азаматтың бейнесі көлбеңдейді. Сонымен қатар ол республикаға танымал «Сәт» триосының негізін қалаған. Ол мүмкіндігі шектеулі қаншама жанның шамшырағын жаққан. Өнері мен шығармашылығына қолдау көрсеткен. Бүгінде Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің дефектология факультетінде аға оқытушы болып, студенттерге дәріс оқып жүр. Арнайы педагогика саласындағы және ерекше жандарды әлеуметтік қолдау бойынша барлық мәселелерді бес саусағындай біледі. Оның әңгімесінен патернализм дегеннің ауылы алыс екенін ұқтық. Қайта керісінше қоғамға артығымен берсем, пайдамды тигізсем деген ниеті көрініп-ақ тұрады.
«Көзі нашар көретін балаларды өмірге бейімдедік. Біз оларға «Брайль»
жүйесімен сабақ берсек, олар бізге өмір сабағын үйретті. Байқауларға қатыстырып, жолын аштық. Біздің балалардың көзі көрмегенімен, басқа ағзасы өте жақсы дамыған. Әсіресе, есту қабілеті керемет. Содан соң да біз оларды музыкаға тартып, даусын жазып, ансамбль құрдық. Баршаңызға белгілі «Сәт» триосы да солай құрылды», — дейді Б.Таутиқызы.


Оның айтуынша, «Сәт» триосы Ресейдің танымал әншісі Диана Гурцкаяның байқауынан жүлделі оралған. Ал өзге өнерлі шәкірттері ерекше балаларға арналған «Жұлдызай» байқауында вокал бағыты бойынша 20 жылдан бері бірінші орынды бермей келген. Еңбек ардагері мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қоғамның көзқарасы өзгеріп жатқанын айтады. «Десе де, инклюзия саласында әлі де жетілдіретін тұстары бар. Мәселен, жалпы мектептерге біздің балалар барып оқи алмайды. Біріншіден, педагогтердің арнайы білімі жоқ. Қатардағы мектептің мұғаліміне бір ерекше бала келсе, ол Брайль жүйесін білуге тиіс, яғни, арнайы курс оқиды. Екіншіден, арнайы кабинеттер жасақталмаған. Содан кейін олар біздің интернаттарға ұмтылады. Инклюзивті қоғам, кедергісіз орта құрғымыз келсе, осы мәселелерге назар аударып, шектеулерді жоюымыз қажет. Бұл бағытта жалпы мектептердің директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары арнайы педагогикалық курстан өтуде, яғни дайындық жүріп жатыр. Мұның бәрі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Өйткені, ерекше балалар мәңгі бақи интернатта не балалар үйінде отырмайды ғой. Олар да қоғамға кедергісіз кірігуі тиіс. Осы проблемаларды жоғарғы оқу орнында көтеріп, білікті дефектолог дайындауға бар күш-жігерімізді салу үстіндеміз.


Он жыл бұрынғымен салыстырғанда, қазір көзқарас әлдеқайда өзгерген. Бұрын көшеде қоларбамен кетіп бара жатқан адамды некен-саяқ кездестіретінбіз. Қазір олар қоғамда өзін еркін ұстайды, адамдар көп шоғырланған жерлерге барады. Тіпті оларды концерттер мен тойларға ән айтуға, өнерін көрсетуге жиі шақыратын болған», — дейді Биғайша ханым.

Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы

Суреттерді ұсынған автор roditelskayaliga.ru

 

16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ