«Заң және тәртіп» консолидациялық жобасы — қоғамның құқықтық қағидатының кепілі. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау саласының мамандарымен талқылауда баса айтып, идеологиялық нұсқаулықтың негізгі өзегі саналатынын айқындап берген болатын. «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сондай-ақ құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруі тиіс екенін атап көрсетті: «Қылмыстардың негізгі себебі көбіне қоғамға жат әрекеттерден туындайды. Сондықтан заңды бұзуға бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Сондай-ақ олардың қоғамдық тәртіпке қайшы істеріне түрткі болатын алғышарттарды түгел жою қажет».
Жыл сайын елімізде Ұлттық құрылтайдың отырысы өтеді. Биыл үшінші отырыс Атырау облысында өткен болатын. «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» тақырыбын қамтыған алқалы басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың келбетін айқындап, бағдарын мығымдайтын құндылықтың бірегейі заң мен тәртіп дегенді баса айтты. Заң қашанда Қазақстанның негізгі құндылығы, қымбат қазынасы саналатын азаматтардың барлығына бірдей. Елді ішінен ірітуге ұмтылған теріс пиғылдылардың әрекетіне ешқашан жол берілмейді, жүгенсіздікке, тәртіпсіздік ешуақытта кешірілмейді, себебі тәуелсіздіктің тамырына түсетін жегі құрт осындай қадам арқылы жақындайды.
Түркістан өңірінің құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының тапсырмасын басшылыққа алып, заң мен тәртіптің қоғамда үстемдік құруына атсалысып жүргені белгілі.
Түркістан облысы Полиция департаментінің анықтаушы қызметкері, полиция аға лейтенанты Берік Нышанбаевпен әңгімеміз де қоғамдағы заң мен тәртіптің салтанат құрып, ел тыныштығына тигізер үлесі төңірегінде өрбіді.
– Берік Нышанбайұлы, өзіңізбен әңгімеміз «Заң және тәртіп» консалидациялық жобасы аясында өрбімек. Жақсы білесіз, биылғы өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз да жауапты екенімізді ескертіп, заңға қайшы әрекетке баратындарға қатаң тыйым салынатынын жеткізді.
– Дұрыс айтасыз, Президенттің бұл мәселеге ерекше тоқталуының маңызы жоғары. Ел ішіндегі айрандай ұйыған тыныштықты сақтап, азаматтардың бас амандығы, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрқашанда ерекше көңіл бөлініп, назар аударылып отыр. Себебі тыныштықтан асқан береке жоқ. Қоғамнан әділеттілікті қалаған әрбір азамат заң мен тәртіптің үстемдік құруына өзі де үлесін қосуы тиіс. Өзім де бала күнімнен заң саласының қызметкері болуды, құқық қорғау органында еңбек етуді мақсат тұтып келемін .
– Сөзіңізді бөлейін, сайтымыздың оқырмандары тереңірек тани түссін. Қайда туып-өстіңіз, қандай жоғары оқу орнында білім алдыңыз?
– Мен 1987 жылдың 21 қыркүйегінде Түркістан облысы, Отырар ауданында өмірге келдім. Шәуілдірдегі орта мектепті тәмамдаған соң бала күнгі арманымның жетелеуімен 2004 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты М.Есболатов атындағы Академияға оқуға қабылдандым. Осы оқу ордасын 2008 жылы тәмамдаған соң ішкі істер органында әр салада қызмет істеп тәжірибе жинадым. Сөзіңіздің жаны бар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қашанда үнемі заңсыздыққа бару, мәдениетсіздікке ұрыну әрдайым елді етекке тартатын теріс әрекет екенін айтып келеді. Мұндай бассыздыққа тұтас ел болып жұмылған жұдырықтай қарсы тұруымыз керек. Тәртіпке бағынған елдің ертеңі кемел, өркениеті орасан болмақ. Әр азамат заңға құрметпен қарап, мемлекетінің тұтастығы сақталуына үлесін қосуды азаматтық парызы деп білуі керек. Мен мұны ішкі істер органында жұмыс істеп жүргенім үшін ғана айтып отырғам жоқ, тәртіп баршаға бірдей міндет. Оны сақтауға барлығы да үлесін қосуы тиіс. Мемлекеттің басты құндылығы осы екенін тереңдей сезінуге тиістіміз.
– Кейінгі жылдары заңның үстемдік құрып, әділеттілік орнап келе жатқанын құқықтық статистикаға көз жүгіртіп те бағамдауға болатындай. Мысалы былтыр тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 32 пайызға төмендепті. 2019 жылы еліміз бойынша 190 мың қылмыс тіркелсе, былтыр 104 мың болған. Ауырлығы орташа қылмыс саны бес жыл бұрын 137 мыңға жетсе, былтыр 51 мыңға дейін азайған екен.
– Расында да бұл көрсеткіштен қоғамда заң мен тәртіптің жауапкершілігін әр азамат сезіне білгендігінің көрінісі деп ойлаймын. Құқықтық бағытты ұстанатын мемлекет үшін қандай іс-әрекеттің барлығы да заңмен реттелуі тиіс екенін айқындайды деп пайымдаймын. Батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзі маған да қайрау, қамшылау болады үнемі. Әркім көпшілік орта болсын, басқа да орындарға өзін өзі әдебін сақтап, мәдениеттілігін көрсетіп, айналасына үлгі болса алса, ынтымақ пен берекенің артуына азаматтық үлесін қосқандығы деп білемін. Қазақ «ашу дұшпан, ақыл дос» дегенді тегін айтпаған. Ашумен, кекшілдікпен жасаған әрекет түбінде өзіңді опындырады. Өзіміз де Ішкі істер органында жұмыс жасағандықтан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау кезінде және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында халыққа осы жайды тереңдей түсіндіруге күш саламыз.
– Қызметіңіз анықтаушы. Бұл мамандыққа толық түсіндірме берсеңіз.
– Ең бірінші айтарым, анықтаушы мамандығын қалаған жандардан алдымен талап етілетін қасиет – сауаттылық пен төзімділік. Ішкі істер саласында қызмет атқарудың жауапкершілігі де жоғары, жүктелетін міндеті де ауыр. Анықтаушы «тура биде туған жоқ» деген ұстанымға адал болуы тиіс деп санаймын. Арыңның алдында таза, дақ түсірмей адал қызмет етуге міндеттейді. Сабырлы болуды, қандай қиындық пен кедергі тап болса да төзімділікпен арқалай білуді үйретеді. Қандай байламға келіп, маңызды қадам жасауың адам тағдырына қатысты болғандықтан қия басып, қиыс кетуге болмайды. Әрбір орын алған қылмыстың ақ-қарасын айырып, жан-жақты тергеп-тексеру жұмысын жүргізіп ұсталған қылмыскердің айыбын болмаса кінәсіздігін айқындап әділ шешім қабылдау анықтаушының бұлжымас міндеті. Көбінесе өте күрделі істердің қатарында жол-көлік оқиғаларына қатысты орын алатын қылмыстық құқық бұзушылықты мысал етуге болатын шығар. Күнделікті жұмыс барысындағы әр сағатымыз ғана емес, минутымызда шым-шытырық оқиғалардың куәсі боламыз. Тергеушілердің міндеттемелері де біздегідей. Біз де тергеушілер секілді алдын ала тексеру жұмысын жүргіземіз. Енді жұмыс барысындағы айырмашылық қылмыстың ауыр немесе жеңіл түріне қарай байқалады. Мысалы орын алған қылмыс ауыр түріне жататын болса, ірі мөлшерде залал тигені анықталса алдын ала тексеруді тергеуші жүргізеді. Анықтаушы қызметін атқаратын мамандар негізінен орташа ауыр, ауыр емес қылмысты анықтаумен шұғылданады. Көбіне қоғамның тыныштығына кесірін тигізетін алаяқтық, төбелес, өлімге ұрындырамын деп қорқыту, түрлі дене жарақатын салу, бұзақылық, қарақшылық секілді қылмыстарды қарау, тергеп-тексеру міндетімізге кіреді. Қоғамда мұндай қылмыстардың ішінде бұзақылық пен алаяқтық жиі орын алып жатады.
– Ішкі істер саласында еңбек етуге ұмтылатын жастардың қатары көп пе?
– Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұ салада өзінің қарым-қабілетін сынап көргісі келетін жастардың қатары қалың, қызығушылығы жоғары. Ішкі істер органында қызмет атқару әрине оңай емес, уақытпен санаспай, күн-түн демей қызмет атқарасың. Мысалы өзім күнделікті таңғы 06:30-да ұйқыдан оянып, жаттығу жасап сергіген соң таңғы асымды ішіп, 07:40-та жұмыста боламын. Облыс аумағында орын алған заң бұзушылықтарға, тіркелген қылмыстарға саралау жүргізіп, қарамағымдағы қызметкерлерге таңғы жиналыста тапсырма беріп жұмысты бастап кетеміз.
– Балаларыңыз келешекте жолыңызды қуып, ішкі істер саласында еңбек етем десе қарсы болмайсыз ба? Мұны сұрап отырғаным, кейде ата-ана ұл-қыздары өздерінің таңдаған мамандығына қызыққанын қаламайды.
– Жоқ, керісінше қуанар едім, балаларым қандай мамандық иесі боламын дейді, өздерінің жүрек қалауы. Ал егер, ішкі істер органы саласында қызметкер болуды құп көрсе, қолдаймын, өмірлік тәжірибеммен бөлісемін.
Сұхбатты жазып алған Қуан Көшек