Бекжігіт Сердәлі: Салалық журналистиканы дамыту маңызды екеніне пандемия кезінде көзіміз жетті

12 шiлде 2023, 12:52

Бекжігіт Сердәлі 1960 жылы Түркістан облысы, Үлгілі ауылында өмірге келген. Белгілі журналист, оқытушы, әуесқой композитор. Бекжігіт Сердәлінің есімі аталғанда көпшіліктің есіне «Жұбайлар жыры» деп аталатын тамаша лирикалық ән оралатыны сөзсіз. Себебі қырық жылға жуық уақыт тыңдарманның жүрегінде жатталып, бірге жасап келе жатқан тамаша туындыны білмейтін жан кемде-кем. «Неге, неге», «Ауыл жатыр той жасап» деп аталатын тамаша әндердің авторы осы кісі. Сазгерлік Бекеңнің бір ғана қыры. Негізгі кәсіби мамандығы журналист. 1987 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдады. 1999 жылы филология ғылымдарының кандидаты/PhD атанды. 2006 жылы доцент, 2017 жылы профессор атағын алды. 2015 жылдан бастап Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Аймақтық менеджмент академиясының академигі. Ресейдегі Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі. Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының да корреспондет-мүшесі. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры.

«Ұлт журналистикасының ұлықпаны», «Жорналшы жазбалары», «Шаттық ұялаған шаңрақ», «Әнім – әлемім», «О, махаббат!», «Танымал әндердің тарихы» сынды кітаптардың авторы. Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Президентінің «Алғыс хатымен», бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап келе жатқан ұстаздың тәлімін алмаған шәкірттер кемде-кем. Журналист ретінде қаламынан туындаған сүбелі еңбектері мен өзекті мәселелерді көтерген мақалалары жергілікті оқырмандардың назарында жүреді. Әрбір шәкіртті өзінің баласындай қабылдайды дейді әріптестері. Бекжігіт Сердәлінің басты ұстанымы – адалдықтан айнымау. «Өзінің кәсібіне құлай беріліп, шынайы сүйіспеншілікпен айналысқан адам ғана дегеніне жетеді. Адам әрқашан ізденісте, дамудың жолында жүруі керек, тоқтайтын болсаң тоқырауға ұшырайсың», – дейді Бекжігіт Сердәлі.
Түркістан облысындағы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп келе жатқан орта буын, кейінгі толқынға ұстаз болған Бекжігіт Сердәлімен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Бекжігіт аға, алғашқы сауалды өзіңіздің ұстаздық қырыңызға қатысты қойсам деймін. Бүгінгі таңда журналистика саласына қызығатын жастардың қатары қаншалықты?

– Өзіміз болашақ журналистерді әзірлейтін оқу жүйесінде қызмет ететіндіктен, жыл сайын жастардың медианың қай саласына көбірек бейім екенін тамыршыдай бағамдап, мониторинг жасап отыратынымыз бар. Бұл салаға қызығатындар қатары, әсіресе, жастар арасында жыл өткен сайын артып келе жатқанымен, өкінішке орай, басым бөлігінің медианың тек бір тармағына – телевизияға ғана бүйрек бұратыны ойлантады. Газет не радио журналисі болғысы келетіндер өте сирек. Бұл нені білдіреді? Мұны жастардың көгілдір экран көмегімен тек «тележұлдыз» болуға құмартып, арзан хайп қуып, журналистің нағыз абыройлы кәсіп екенін жете түсінбеуінде деп ойлаймын. Сондықтан біз төрт жыл бойы қазіргі медианың жаңа мамандықтары – мобилогроф, таргетолог, SMM, PR сияқты кәсіптерге, сонымен қатар, газет пен радиоға қызықтыратын таргеттерге білім беруге тырысамыз. Осы мақсатта көбіне медиа саласында қызмет етіп жүрген тәжірибелі мамандарды дәріс беруге шақырып, дуальды оқыту арқылы студенттердің тікелей редакцияларға барып білім алуына жағдай жасап, жастардың газет пен радиоға деген қызығушылығын оятуға талпынамыз.

– «Ұстаздан шәкірт озар» дейді, шәкірттеріңіз қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп жүр ме?

– Шәкірттеріміздің, қандай ыңғайға салсақ та, оңай олжаға, смартфондарындағы мобильді қосымшалар арқылы дайын шаблондармен ақпарат әзірлей салуға тәуелді болып бара жатқаны байқалады. Қанша дегенмен, олардың сапасы мен форматы дәстүрлі теле не радио монтаждағыдай, не дәстүрлі газет беттеу тәжірибесіндей қажетті салмақты көтере алмайтыны анық. Оқиға басына барып, тікелей эфир арқылы ақпарат әзірлегенге не жетсін! Өкінішке орай, қоғамның өзекті мәселелерін бүгінгі жастар жатақханада, керуетте смартфон шұқылап жатып-ақ қозғағысы келеді. Бұл дұрыс емес. Мобильді қосымшаларда қанша техникалық мүмкіндіктер болғанымен, эффектілі, қызылды-жасылды материалдар әзірлегенімізбен, бәрібір ол журналистиканың оперативтілік, шынайылық, оқиғалылық принциптері мен міндеттерін көтере алмайды. Сол себепті «шын журналист болғың келсе, оқиға орнына бар!» деп жастарды аудиториядан тыс нысандарға қуалаймыз, репортаж әзірлеңдер деп қызықтырып жатамыз.

– Түркістан облысындағы жас журналистерді, орта буынды, кейінгі толқынның аяқ алысын қадағалап жүресіз бе, беталыстары қалай?

– Әрине. Онсыз өзің де өспес едің. Себебі қазіргі толқын бізге қарағанда цифрлық журналистиканы тереңірек меңгерген. Олардың аяқ алыстары қатты қызықтырады. Өз басым мүмкіндігінше сол ортаның іс-шараларынан қалмауға тырысамын. Әсіресе, жастар көбірек қызмет ететін «Түркістан» газеті мен «Түркістан» телеарнасының бағыт-бағдарын, жас журналистерінің аяқ алыстарын тұрақты бақылап отырамыз. Қажет кезінде ағалық ақылымызды айтып, ескі мен жаңаның арасын жақындатуға күш салып жатамыз.

– Түркістан облысы болып құрылғалы, аймақ орталығының Ер Тұранның талбесігіне көшірілгеніне бес жыл болды. Өңір қалай жайнап, жаңарып келеді?

– Барлығы салыстырумен бағаланады ғой. Жасыратыны жоқ, қазір бұрынғыдай емес, соңғы бірер жылда қаланың көркею теңденциясы шабандап қалған сияқты. Бұрынғыдай күндіз-түні толассыз құрылыс жүргізіп жатқан ұзын мойын крандар көрінбейді, жаңа нысандардың іске қосылуы сирек, кейбір құрылысы басталған ғимараттардың аяқталуы ұзап бара жатқандай, туристер қатары да бұрынғыдай емес. Егер алдымызға нақтылап қатаң стратегиялық жоспар қоймасақ, жайнап, жаңара бастаған қаланың бүгінгі келбетіне жаңа серпін қоса алмайтынымыз анық. Қалаішілік жолдардың асфальттануы бұрынғыдай емес, өте баяу. Осының барлығына қала тұрғыны ретінде жанымыздың ашитыны рас. Дегенмен мысықтабандап болса да, қала күн сайын құлпырып, жайнап, жаңарып келеді деп айта аламыз.

– Облыстық әкімдік пен жергілікті журналистердің арасындағы байланыс қалай?

– Билік пен ұшқыр қалам иелерінің қала, облыс мәртебесін көтеруде, Түркістанның оң имиджін қалыптастыруда ынтымақтаса жұмыс жүргізіп жатқаны байқалады. Әсіресе, блогерлермен бірлікте атқарып жатқан іс-шаралар көңіл қуантарлық.

– Өзіңіздің журналистика саласындағы еңбек өтіліңіз қырық жылға жақындап қалды. Отыз жылға жуық ұстаздық қызметті де атқардыңыз. Қазіргі қазақ журналистикасында салалық журналистиканың дамуы деңгейі қалай? Облыстағы журналистердің басым көпшілігі өзіңіздің шәкірттеріңіз. Солардың салалық журналистикаға, яғни әр салаға бейімделу бағдары қалай?

– Салалық журналистиканы дамыту маңызды нәрсе екеніне әсіресе, пандемия кезінде анық көзіміз жетті. Елімізде экономика, экология, медицина, спорт, мәдениет тақырыбында індетіп жазатын журналистер аз. Іргеміздегі көршілердің ақпараттық кеңістігіне көз салсаңыз, салалық журналистиканы айтпаған күннің өзінде, нақты бір салаларға арналған газет-журналдар, сайттар мен телеарналар жұмыс істейді. Тіпті таза әскери, медициналық бағытта хабар тарататын телеарналар бар. Бұдан басқа, ғылыми-техникалық жаңалықтардан жан-жақты ақпарат тарататын телеарналар да жұмыс істейді. Алдағы уақытта, тұтастай телеарна құрмасақ та, медицина, ғылым саласын індетіп жазатын журналистер шоғырын қалыптастыру керек. Өзіміз білім беретін оқу орнының оқу жоспарына салалық журналистерді бағыттап әзірлеу үшін «Спорт журналистикасы», «Экожурналистика», «Педагогикалық журналистика», «Құқықтық журналистика», «Медициналық журналистика», «Арт-журналистика», «Жергілікті журналистика» сияқты пәндерді енгізіп, оқытып жатырмыз. Қазірдің өзінде өз тақырыбына қызығып жүрген студенттер Ютубтан арнайы каналдар ашып, салалық журналистикаға біртіндеп бой алдыра бастады.

– Өзіңіздің жеке шығармашылығыңызға оралсақ, қазір не жазып жүрсіз?

– Публицистикалық жазбаларымның басын құрап, жуырда «Сөйле десең, сөйлейін!», «Мен қазақтың баласы!» деген қос томдық шығардым. Оның алдында ғана «Медиа дизайн», «Телеоператор шеберлігі», «Қазіргі баспасөз қызметі» деген үш оқу құралдарым жарық көрген. «Медиа дизайн» оқулығыма қызығушылық танытқан молдовандық әріптестерім кітабымды молдаван тіліне аударып бастырды.

– Журналистика саласының бүгінгі күндегі өзекті мәселелері деп нені атар едіңіз?

– Жасыратыны жоқ, қазіргі журналистика сенсацияны қуалап барады. Оқырманға да, көрермен мен тыңдарманға да өзекті, салмақты, оқылымды сараптамалық материалдар ұсынып жатқаны аз. Телеарналарды қарасаңыз, сарабдал сараптамалардан гөрі, көңіл көтеретін бағдарламалар басым. Ал кейбір сарабдал деген бағдарламалардың өзі әлеуметтік тақырыптан әріге аса алмайды. Саяси, экономикалық терең сараптамалар жоқ. Жауынгер жанр – журналистік зерттеу туралы айтудың өзі қиын.

– Журналистерге әлеуметтік статус, арнайы мәртебе беру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді, бұған сіз қандай ой қосасыз?

– Журналистерге айрықша мәртебе керек. Қазір блогер кім, журналист кім, ажырата алмайтын күйге жеттік. Бұрын билік журналистерді «төртінші билік иесі» деп қадірлейтін. Оның пікірімен санасатын. Қазір олар сынның өзіне де бұқпайтын болды. Бұл арнайы мәртебенің жоқтығынан деп ойлаймын.

– Түркістан облысының жас журналистері мен аға буын арасында қандай байланыс орнаған, түрлі іс-шаралар өткізіле ме?

– Облыстық қоғамдық даму басқармасының (басшысы А.Өсербай), Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының (төрағасы Ғ.Елшібай), журналистер мен блогерлер клубының (жетекшісі Е.Әмірбек) ұйтқы болуымен түрлі қызықты әрі маңызды іс-шаралар өтіп жатады. Бұл қалам иелерінің бір-бірімен етене араласуына, ынтымақтасуына, бірлесуіне септігі тиетін іс-шаралар ғой деп ойлаймын. Біз, әрине, бұған қуанамыз.

– Журналистика мамандығының қадірін қашырып жіберген жоқпыз ба? Қазіргі күнде екінің бірі блогер, журналист болуға құштар. Телебағдарламаларда әнші, әртістер жүргізеді деген пікір үнемі айтылады. Осыған қандай ой айтасыз?

– Бұл айтыла-айтыла, жазыла-жазыла жауыр болған тақырып. Жоғарыда айтқанымыздай, журналистерге мәртебе берілмей, осынау тақырыптың әлі де ұзақ қозғала беретіні даусыз. Журналистің өзіндік жеке мәртебесі, әлеуметтік арнайы статусы болуы керек деп санаймын. «Масс медиа» туралы заң осы олқы тұсымызды бүтіндеуге септігін тигізеді деп сенім артамын.

– Сіздің есім-сойыңыз аталғанда алдымен ойға «Жас жұбайлар» әні оралатыны сөзсіз. Соңғы кездері қандай әндер жаздыңыз? Қазіргі қазақ эстрадасы деп аталатын ортада ғана емес, той-томалақта да орындалып жүрген әндерге қандай баға бересіз?

– Негізгі кәсібім ән шығару болмағандықтан көп ән жаза бермеймін. Тек көңілге іркіліп жақсы әуен келгенде ғана ән туатыны бар. Сондықтан әндерім көп емес. Соңғы жылдары «Ару қыздар», «Кінәлама», «Тырналар әні», «Ерке қайың», «Қош, аман бол», «Айналайын жеңеше» сияқты бірнеше жаңа әндер жаздым. Бұйыртса, күзде жеке концертімді жоспарлап жатырмын. Сол кезде бұл әндеріме тындарман лайықты бағасын берер. Ал той әндеріне қатысты келсек, қазір бұл да ән өнеріндегі жанрдың бір түріне айналып барады. Тек «той әні» екен деп, қалай болса солай шығара салмай, оған да талғаммен сауатты қараса деген тілек бар. Себебі бүгінде кейінгі буын жастардың арасында мәнсіз-мағынасыз тілді шұбарлап, «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп жүргендер көбейіп барады. Хәкім Абай «Әннің де естісі бар, есері бар» демейтін бе еді. Ұлық тыңдарман өзінің ой елегіне салып, талғам таразысына тарта отырып есті әндердің өміршең боулына септігін тигізеді, ол сөзсіз ақиқат.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды