Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда құқық қорғау органдары маңызды роль атқарады. Тәртіп сақшылары күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеп, қандай да бір қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға зор үлес қосып келеді. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде «Қауіпсіз қоғам», «Заң және тәртіп» консолидациялық жобалары жүзеге асырылуда. Ал бұл жобалар Түркістан облысында қалай орындалып жатыр? Jasqazaq.kz тілшісі Түркістан облысы Келес аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты, учаскелік полиция инспекторы Бекзат Бекжанұлымен арнайы сұхбаттасып, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстары жайында сұрады.
— Бекзат Бекжанұлы, полиция инспекторының негізгі міндетіне тоқталып өтсеңіз. Бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылды? Жалпы сіздің жұмысыңыз неден басталады?
— Полиция инспекторының жұмысы — ең алдымен өзіне берілген ауданның тыныштығын күзету. Менің жұмысым ауданды бір аралап келіп түскен қоңырау мен шағым бойынша жұмыс істеуден басталады. Сонымен қатар ішкі істер министрлігі бекіткен консолидациялық жобалар бойынша жұмыстар атқарылады. Ал басты міндетіміз — ауданымызда қоғамдық тәртіптің сақталуы, қылмысты болдырмау, алдын алу жұмыстарын жүргізу. Айталық, жақында ғана ауданымызда «Қару-жарақ» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шараға аудан тұрғындары белсенді қатысты. Жыл басынан бері аудан тұрғындары өз еріктерімен Келес аудандық полиция бөліміне 11 дана атыс қаруларын және 4 дана жарылғыш гранатасын өткізді. Сондай-ақ Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарының нәтижесінде заңсыз айналымдағы отты атыс қаруларды заңсыз сақтап, пайдаланып жүрген құқық бұзушылардан барлығы 8 дана әр түрлі қарулар мен оның патрондары тәркіленіп, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда аталған бағытта жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Азаматтар өз еркімен қару-жарақ заттарын өткізген жағдайда, ол қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтындығын еске саламыз.
— Ауданда заңсыз балық аулайтындармен күрес қалай жүргізіледі? Браконьерлерге қандай шара қолданасыздар? Арнайы рейдтік жұмыстар жиі ұйымдастырыла ма?
— Ауданымызда атақты Келес, Сырдария өзендері бар. Сондықтан арнайы рейд жиі ұйымдастырылады. Күні кеше Келес ауданы ПБ кезекші бөліміне табиғатты қорғау инспекторы түнгі сағат он екілер шамасында Сырдария өзенінде тексеру жұмыстарын жүргізіп, браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлама жасады.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы темірден жасалған шанышқыны пайдаланып, заңсыз балық аулап жүрген 2 тұрғынды анықтады. Олардан айғақты зат ретінде 1 дана резеңке қайық, насос пен сүзгіш, жарықбергіш, токбергіш құрылғылар алынды. Сонымен қатар заңсыз аулаған 60 кило сазан балық тәркіленді. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің мән-жайын анықтау үшін бірден аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Келестік полицейлер аудан бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күні-түні қызмет атқаруда. Тіпті арнайы түнгі топтар құрылып, олармен профилактикалық-рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай кезекті рейд кезінде полицейлер мен Бірлік шекара қызметкерлері, Сырдария өзенінің жағасында заңсыз балық аулап отырған ер адамды анықтап, ұстады.
Полиция қызметкерлері оқиға орнында ер адамның балықты тыйым салынған электроток көмегімен аулап отырғанын анықтады. Жергілікті тұрғыннан 1 дана электроток көбейткіш құрал, 2 дана аккумулятор, резеңке қайығы, 30 келіге жуық балық алынды. Ол Шардарадағы балық өңдеу орталығына жөнелтілді. Табиғатқа залал келтірушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 335-бабымен «Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау» қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде тәртіп сақшылары заңсыз балық аулаушылармен күресті қарқынды жүргізуде. Аудандық табюиғатты қорғау инспекторларымен тығыз байланыстамыз.
— Келес ауданында «Қауіпсіз қоғам» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр. Қандай профилактикалық іс-шаралар өтуде?
— Өздеріңіз білесіздер, бүгінде Түркістан облысы аумағында «Қауіпсіз жол» , «Заң және тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы негізгі мақсат — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру. Сондай-ақ автожолдарда қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, жол-көлік оқиғалары мен оның салдарының ауырлығын төмендетуге бағытталған жедел әсер тигізу рейдтік шараларын ұйымдастыру болып табылады. Аталған іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін аудан, қалалық полиция басқарма, бөлімдерінің полицейлері қарқынды қызмет атқаруда. Келес ауданы ПБ-нің тәртіп сақшылары бұл шараға ерекше форматта өз үлестерін қосуда. Нақтырақ айтар болсақ, кәмелетке толмағандар арасында жол- көлік оқиғасының алдын алу мақсатында, аудандағы білім беру мекемелеріне жасанды жол кедергілері мен жылдамдықты шектеу жол белгілері қойылды. Осылайша Келес ауданының полицейлері жас көмекшілермен бірге жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қатысушылар арасында жолда жүру қауіпсіздігі бойынша сауаттылығын арттыру үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Одан бөлек Келес ауданы аумағында «Жасөспірім» атауымен қылмыстың алдын алу жедел іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шараның мақсаты, мектеп оқушылары мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолда жүру қауіпсіздігін сақтау болып табылады. Келестік полицейлер «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасы» тақырыбында ауқымды шара өткізді. Жиналыс барысында, тұрғындарға отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарына айналып, отбасында қандай да бір зорлық-зомбылық әрекеттерін көріп жатса, оларға заң аясында құқықтық көмек көрсетуге болатыны ескертілді. Оған қоса, кез келген қысым көрген тұрғынға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетілетіні айтылды. Келес ауданы аумағында тамыз айының 20-27 күндері аралығында «Автокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл іс-шараның мақсаты — автокөлік ұрлығы мен айдап әкетуге қатысы бар адамдарды анықтау, ұстау және қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған. Айта кету керек, шара аясында автокөліктер ұрлығын және оларды айдап әкетушілерді ашу бойынша жедел-тергеу топтары құрылып, олардың күшімен күдікті адамдарды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру, арнайы іс-шаралар мен тергеу әрекеттер кешені жүргізіледі. Сондай-ақ көлік құралдарын ұрлау және айдап әкетудің алдын алу, жолын кесу мақсатында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Осындай арнайы профилактикалық іс-шаралар жиі өтеді. Біз ауданымыздағы әрбір тұрғынның қауіпсіздігі үшін жауап береміз. Ең бастысы, қылмысссыз қоғам орнатып, полиция мен халықтың арасында тығыз байланыс орнату — басты міндеттеріміздің бірі.
— Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапты міндетін мүлтіксіз атқару – полиция қызметкерінің жекебасына, яғни азаматтық қасиеттеріне және білімі мен біліктілігіне байланысты. Бұл орайда полицияның уақыт талабына сай жарақтандырылуының қаншалықты? Аудандағы тәртіп сақшыларының еңбек және тұрмыстық жағдайы қандай деңгейде?
— Қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету — біздің жұмысымыз әрі міндетіміз. Бүгінде полицияның материалдық-техникалық базасы толық қамтылған деп айта аламын. Қазіргі таңда бізде қызметтік көлік, жұмыс істеуге қажетті материалдық база бар. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылғанбыз. Барлығы да қазіргі заманға сай құрылғылар. Бұл біздің нәтижелі жұмыс істеуімізге септігін тигізеді. Ең бастысы, еңбегімізге сай жалақы аламыз. Мен ойлаймын, полиция мамандығын таңдаған әрбір адам, ел игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Қазіргі таңда тұрғындармен тығыз байланыстамыз. Халықпен көбірек кездесіп, профилактикалық жұмыстарды да жиі өткізіп тұрамыз.
Сұхбаттасқан Әлима Әлмерек
Сурет: Б. Бекжанұлының жеке қорынан