Елімізде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары жасөспірімдермен жұмыс істеуде қырағылық танытуы тиіс», — деген еді. Қазір балалардың қауіпсіздігі маңызды, арнайы мамандар да жан-жақты жұмыс жүргізуде. Jasqazaq.kz тілшісі Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Бексұлтан Тәшімовпен байланысқа шығып, облыстағы балалар қауіпсіздігіне қатысты іс-шаралардың қалай атқарылып жатқанын сұрап-білді.
— Бексұлтан Кенжеқараұлы, жасөспірімдермен жұмыс істейтін маман ретінде өз қызметіңіз туралы айтып берсеңіз.
— Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздері туралы полицияның қабылдап жатқан шаралары туралы қысқаша айтып өтейін. Бүгінде қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Бұл мәселе қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Құқық бұзушылық — қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын қоғамға қарсы әрекет. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды. Полиция департаментінің басты мақсаты — жас буынды зиянды әрекеттерден сақтандыру, кез келген қылмыстың алдын алу. Жасөспірімдерге бағыт-бағдар беріп, зиянды әрекеттерге тосқауыл қою. Жас тар біздің өсіп келе жаьқан ұрпағымыз. Ал саналы ұрпақты тәрбиелеп, жол көрсету ол біздің міндетіміз деп ойлаймын.
— Елімізде «Заң және тәртіп», «Қауіпсіз қоғам» консолидациялық жобалары жүзеге асуда. Өзіңіз жұмыс істейтін салада бұл бағытта қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?
— Бұл бағытта кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, полиция тарапынан «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» және «Жасөспірім және жауапкершілік» тақырыбында ЖПІШ өткізілуде. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау, нашақорлыққа, суицидке жол бермеу, қыздар арасындағы ерте жүктіліктің, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы, осы мақсатта құқық бұзушылықтың алдын алу және олармен күресу жолдары бойынша жиындар жиі өткізілуде.
Қашанда тәрбие мәселесі — басты орында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында елде құқықтық сауаттылықты арттыру қажеттігіне баса мән берген болатын. Әсіресе, отбасында болатын зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде қарау да күн тәртібіне қойған болатын. Ескерту ретінде кәмелетке толмағандар арасында және кәмелетке толмағандарға қатысты буллингтің, жәбірлеудің, зорлықтың, қатыгездіктің алдын алу мақсатында, кәмелетке толмағандардың «вэйптарды», электронды темекілерді, темекі бұйымдарын, кальяндарды пайдалануына жол бермеу және нашақорлықтың алдын алу, кешкі мезгілдерде жалғыз жүрмеу, бейтаныс адаммен сөйлеспеу, сабақ кезінде қалаға, тойханаларға бармау, жолда жүру ережесін сақтау, көлік айдамау туралы барынша мағұлматтар беріліп келеді.
Тағы бір мәселе — көшеде, үйде және қоғамдық орындарда жүріс-тұрыс ережелері. Егер бала ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз беймезгіл уақытта сыртта жүрсе полиция бөліміне жеткізіледі. Сағат 22:00 мен таңғы 6:00 аралығында балаларға ойын-сауық орындарында жалғыз жүруге болмайды. Сондай-ақ сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін кәмелетке толмағандарға көшеде заңды өкілдердің қарауынсыз жүруіне тыйым салынған.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе үйден тыс жерде қараусыз болғаны үшін ата-аналары мен заңды өкілдері жауапкершілікке тартылады, алдымен ескерту ретінде әкімшілік хаттама рәсімделеді. Егер мұндай дерек 1 жыл ішінде қайталанса — 7 АЕК (25844 теңге) айыппұл қарастырылған (ҚР ӘҚБтК 442-бабы).
Сонымен бірге сағат 22:00 мен таңғы 6:00 баланың заңды өкілінсіз ойын–сауық орындарында болуына жол бергені үшін мекеме иесіне де айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 132-бабы).
Талдау көрсеткендей, балалардың беймезгіл уақытта жалғыз-жарым жүруі қылмыстың құрбаны болуы немесе сол қылмысты жасауға алып келуі мүмкін.
— Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу, түнгі уақытта жалғыз-жарым көшеде жүруін қадағалау мақсатында қандай шаралар қолға алынды?
— Кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім ошақтарында түрлі форматта іс шаралар кешені жиі ұйымдастырылып отырады. Дәйекті мысалдарды келтіре отырып, жасөспірімдерді тура жолдан тайқымауға керісінше, мүмкіндік бар кезде орта білім алуға шақырудамыз. Қазір Түркістан облысының әр аудандық полиция бөлімінде түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерге қарсы рейдтік іс-шаралар жүруде. Бұл рейдтік жұмыстар біздің облыста тұрақты түрде жүргізіледі. Әсіресе, жастар көп шоғырланатын кафе, компютерлік клуб сынды орындарға тексеріс жасалады. Одан бөлек, жасөспірімдерге нашақорлық, ішімдік, темекі сынды зиянды әрекеттерден аулақ болу үшін арнайы кездесулер ұйымдастырылып, полиция мамандары тарапынан ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Біздің мақсатымыз — зиянды әрекеттер туралы жан-жақты түсіндіріп, жас буынды жаман әдеттерден аулақ болуға баулу. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу. Қашанда құқықтық тұрғыдан сауатты болып, заң талаптарын жетік білген жасөсіпірімдер ешқашан теріс әрекеттерге бармайды. Заңды білмеу ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан кез-келген жағдайды сараптап, қай кезде және қай жерде болсын, саналы әрекет еткен дұрыс. Ал мұндай теріс әрекеттерге жол берген жағдайда жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыстардың санатына және дәрежесіне қарай олар 14 және 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұның салдары өте жаман. Қылмысты жасаған кез-келген азамат өз өміріне, болашағына балта шабады. Бұл – оның ұрпағына да зор зиянын тигізеді. Қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам өмір бойы мемлекеттік қызметте, құқық қорғау орындарында және басқа да білім беру, денсаулық сақтау салаларында жұмыс істей алмайды. Осындай құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге білім саласындағы жасөсіпірімдердің құқықтық сауатын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
— Облыстағы жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі қандай? Қылмыстың алдын алу үшін профилактикалық шаралар жүргізілетін болар?
— Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер органдарында есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Осыған байланысты жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру – жан-жақты тәрбиенің маңызды бір саласындағы жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесі болып табылады. Дегенмен тәрбиесі мол «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Б.Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, тыныш жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды. Жастар туған мемлекетімізді баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне қызмет етуге парыздар. Ол үшін әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халқымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан-жақты сезіну керек.
Дайындаған Мақпал Махаметқызы
Сурет: Б. Тәшімовтің жеке мұрағатынан