jasqazaq.kz

Бейсентану

11 желтоқсан 2020, 12:03

Желтоқсанның тоғызыншы жұлдызы – Бейсен Құранбектің туған күні. Ерте көктемде ақтық сапарға аттанған бауырымыз туралы өткен шақпен сөйлеу қазір де қиын. «Халықтың қалтқысыз құрметіне, ыстық ықыласына бөленген ардақты асылымыз, қимас қадірліміздің жатқан жері жайлы болсын, пейіште нұры шалқысын!» дейміз оның жарқын бейнесін сағынышпен еске алып.

Өнердің бабын тауып, бағын асырып, замандас-қатарынан оза шауып, биік белесті бағындырған. Қазақтың дара тұлғаны сипаттайтын осы бір сөзі тура Бейсенге қаратып айтылғандай.

Ұлттық журналистиканың, соның ішінде телевизияның даңқын асырып, мерейін тасытқан руханият қайраткерінің артына қалдырған рухани мұрасы мол, теңіздей телегей. Таяуда «Алматы» телеарнасы оның өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәуле Ғұмыр» атты бағдарламаны көрерменге ұсынды. Арна жетекшісі Нұржан Мұхамеджан телетуындыны таныстыру рәсімінде Бейсеннің Алматыда оқығанын, ақмылтық журналист ретінде осы шаһарда танылғанын атап өтті. Халықтың сүйікті ұлына қойылған рухани ескерткіш болсын деген ниетін де жеткізді.

Бағдарламада достары, әріптестері, шәкірттері аяулы азаматты сағынышты көңіл, зор құрметпен еске алды. Шығармашылық өмірде көпшілік біле бермейтін тағылымды да қызықты деректер айтылды. Әңгіме көбіне «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары, сондай-ақ «Жетісу» арнасы төңірегінде өрбісе де, Бейсеннің телевизияның барлық жанрларында қолтаңбасы бар, ақыл-кеңесін аямаған, білгенін үйретуден жалықпаған кәсіби маман болғаны әмбеге аян. Спорт журналистикасының да өрісін кеңейтіп кетті.

Қайбір жылы «Қазақстан Барысы» турнирі бойынша түріктің TRT AVAZ арнасында тікелей эфирде репортаж жасау үшін Анкараға баруға тура келді. Комментаторлық тәжірибем болмағандықтан Бейсенге жүгіндім. Басқа біреу болса, «Оның несі бар, тоқтамай сөйлей бер» деуі де мүмкін. Ол нағыз кәсіби маман, спорт журналисіне тән машық-мінезбен, қарым-қабілетпен, қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Әсіресе, қазақ күресінің ережесін түрік көрерменге тәптіштеп жеткізуді, «бүк ұпай», «жамбас ұпай», «жартылай жеңіс», «таза жеңіс» секілді терминдерді міндетті түрде қазақша айтуды тапсырды. Дзюдода жапон сөздері қолданылатынын қаперге салды.

Бейсеннің дәрісі өз жемісін берді. Содан бері әр репортаждан соң бауырымды асқан ризашылықпен еске алып отырамын. Мұны бекер тілге тиек еткен жоқпыз. Теориясы мен практикасы қабыспай тұрған қазіргі қазақ журналистикасына Бейсентану ілімі керек боп тұр. Оның эфирге түсіруге дайындығы, бағдарламаны жүргізу тәсілі, сөз саптасы, үлкенмен үлкен, кішімен кіші болып тілдесе білуі, өзін емес, әуелі кейіпкерді көрсетуге тырысуы, кез келген түйткілдің тереңіне үңілуі, міне, осының бәрі болашақ журналистке де, бүгінгі тілшіге де қажет қасиет, таптырмас тәсіл. Журналистика мектебін құру туралы мәселе көтеріліп жатыр екен. Ендеше, мұндай мектепке барғандар Бейсеннің мол ілімін де үйреніп, тағылымды тәжірибесімен сусындауы тиіс деп білеміз.

Срайыл Смайыл

04 желтоқсан, 15:02
Алматыда Сайран көліндегі понтон көпірлер су деңгейінің төмендеуіне байланысты жыл сайын қыста алынады
03 желтоқсан, 19:08
Алматыда қатты отын қолданатын кәуапханаларға бақылау күшейтілді
01 желтоқсан, 15:36
Алматы метрополитені: 14 жылда 200 миллионнан астам жолаушы
28 қараша, 11:14
"Таза Қазақстан": Алматыда экологиялық жұмыстардың аралық қорытындысы шығарылды
26 қараша, 18:40
Алматыдағы зообақты кең көлемде жаңғырту жоспарланып отыр
26 қараша, 14:07
Алматыдағы ауыз су сапасы барлық санитарлық талаптарға сай
25 қараша, 18:30
«Таза Қазақстан»: Алматының Жетісу ауданында Сейфуллин–Жансүгіров жолайырығын көгалдандыру жалғасып жатыр
18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды
18 қараша, 15:30
Алматының Түрксіб ауданы осы маусымдағы ең ауқымды абаттандыру жұмысын аяқтап, тұрғындар таңдаған 32 жобаны жүзеге асырды