Бейкерден Блинкенге дейін

03 наурыз 2023, 17:21

1991 жылғы қыркүйекте АҚШтың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер (James Baker) Қазақстанға келді. Республика әлі кеңестік жүйенің темір шекпенінен шыға қоймаған кез. Содан болар, айбатын айға білеген Американың күллі дүниеге беймәлімдеу Қазақ еліне ықылас танытып, жоғары лауазымды дипломатын жіберуі, сөз жоқ, халықаралық қоғамдастықты елең еткізген оқиға еді.

Арада екі ай өткенде Бейкер екінші рет Алматыға ат басын бұрды. Әйгілі дипломат Ақмарал Арыстанбекова (Қазақ КСР-нің 1989-1991 жылдардағы сыртқы істер министрі) осы екі сапардың тең дәрежелі Қазақ-Американ қарым-қатынасының берік негізін қалағанын, нарық жүйесіне қажет маман дайындау, әсіресе, дағдарыстан тұралаған экономикаға инвестиция тартуға ықпал еткенін жазды. Мемлекеттік хатшы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ-ға мүше болуына да қолдауы мен көмегін аямады.

Сол күндері Алматыда дүниеге келген бір сәбидің атын Бейкер деп қойыпты. Бұл ақ ниетпен келген қонақты құрметтейтін, «жолын берсін» дейтін халқымыздың ыстық ықыласын білдірсе керек.

Содан бері екі елдің байланысы біраз белесті бағындырды. Қазақ елінің ғаламдық қауымдастықта беделді, экономикасы мығым мемлекет болып қалыптасуына АҚШ-пен түрлі салада орнатылған өзара тиімді ынтымақтастықтың үлесі сүбелі екені анық. Бір мысал. Басым бөлігі көмірсутегі кеніштерін игеруге жұмсалған инвестиция көлемі 60 млрд доллардан асты. Соның арқасында ғаламат жобалар іске қосылды. Американ компаниялары тек шикізат өндіріп қана қоймай, дайын өнім шығаруға ден қоя бастады. Бұған «Шеврон» («Теңізшевройл») компаниясының газхимиядағы жобалары айқын дәлел. Мұнай мен газ саласында заманауи технологияны меңгерген тәжірибелі жергілікті мамандардың қатары молайды. Мұның бәрі берекелі ынтымақтастықтың жемісі екені даусыз.

Осы аптада АҚШ Мемлекетік хатшысы Энтони Блинкен (Antony Blinken) Астанаға келді. Айта кеткен жөн, бұрынғыдай емес, мұхиттың арғы жағындағы жоғары лауазымдылардың Кіндік Азияға ат басын бұруы сирек. Ауғанстаннан кеткелі бұл өңір американдықтар үшін басым бағыт болудан қалып барады. Мұны американдық Карнеги қорының өкілі Темур Умаров та растайды. Ол «Дәл қазір АҚШ-тың Орталық Азияда үлкен стратегиялық мүддесі жоқ» дейді. Ресми барыс-келіс азайғалы бизнес алпауыттарының инвестициялық құлшынысы да бәсең. Есесіне, Батыс қорларынан қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар мен оппозиция атын жамылғандар өте-мөте белсенді. Сарапшылар Сэм ағайдың біздің аймақта экономика мен қауіпсіздікке ден қойған кең ауқымды қарым-қатынастан гөрі көп ресурсты қажет етпейтін «жұмсақ күшті» (soft power) қолдануға бағытталған жаңа стратегияға көшкенін алға тартады. Санаға шабуыл жасап, алдап, арбаумен мәңгүрттендіруді көздейтін ақпарат кеңістігіндегі «гибридтік соғыс» та ғайыптан пайда бола қойған жоқ. Жуырда әлеуметтік желіде әлгі «жарылқағыштардың» біздегі блогерлерге 10-15 мың доллар арасында грант беретіні жөнінде хабар тарады. Шығармашылығына шабыт беру мақсатымен емес, әрине. Қазақ топырағына жат либералдық құндылықтарды жерсіндіру үшін деседі. Гранталғыштар арқылы ықпал ету бұрынғы мемлекеттік хатшы Майкл Помпео аймаққа келіп кеткен соң күшейе түсті дейтін пікірдің жаны бар. Гесаясат мамандарына жүгінсек, Батыс өңірдегі Ресей мен Қытайдың ықпалын азайту үшін текетірестің тосын тәсіліне көшті.

Бірақ Блинкен мұндай уәжбен келіспейді. Ол Астанадағы жүздесуде Қазақстан және Орталық Азия Вашингтонның ұдайы назарында екенін тәптіштеп түсіндірумен болды. Ресейге үсті-үстіне салынып жатқан санкцияның салқыны мен зардабы Қазақстанға тимейді деп сендірді.

Қазақ елі Құрама Штаттармен арадағы стартегиялық серіктестікке зор мән береді.Мемлекет басшысы АҚШ сыртқы саясат мекемесінің жетекшісімен кездесуде екі ел арасында қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция сияқты стратегиялық салаларда сенімді ынтымақтастық орнағанын мәлімдеді. Қазақстан өзара тиімді қарым-қатынастың өркен жаюына мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда, Құрама Штаттардың мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығына үнемі қолдау көрсетіп отыратынын терең ризашылықпен атап өтті.

Сапар аясында АҚШ пен өңірдегі 5 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің кездесуі (С5+1) өтті. Блинкен кейде ашық, кейде астарлы тілмен «әлдебір қауіпке» қарсы тұру үшін бірігуге, жұмыла қимылдауға шақырды. Бұл жерде терістік пен шығыстағы көршілерді меңзегені белгілі. Көпвекторлық саясатына адал еліміздің бұл мәселеде ұстанымы да, көзқарасы да айқын. Алыстағы сенімді серіктеспен де, аймақтағы жақын көршімен де бейбіт әрі өзара тиімді қарым-қатынасты қалайды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осыған орай «Ресей тарапынан қандай да бір қауіп-қатерді көріп те, сезіп те тұрған жоқпыз» деді. Ресеймен интеграциялық одақта екенімізді, екі ел арасындағы шекараның (құрлықтағы ең ұзын – ред.) шегенделіп, ешқандай дау жоқ екенін қаперге салды.

Көршілердің бір-бірімен араз болуын қалайтын мысықтілеулес әлдекімдерге мұндай пікірдің жайсыз тигені белгілі. Қалай болғанда да, ғаламдық сахнада қалыптасып жатқан геосаяси ахуал ақиқатқа популистің емес, прагматиктің көзімен қарауды талап етеді.

Срайыл Смайыл

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген