Ақтау қаласындағы Достық үйінде Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XХI сессиясы өтті. «Рухани жаңғыру – ұлт жаңғыруы» тақырыбында өткен алқалы жиынға Ассамблеяға мүше өңірдегі 20-дан астам этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысты.
Сессияда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттердің Маңғыстау облысында жүзеге асырылуы және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
–Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің терең көзқарасын білдірді. Себебі елдің тағдыры мен ертеңі – мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың қолында. Ал, тұрақтылық пен татулық жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевосыдан 22 жыл бұрын қазақстандықтарды біріктірудің бірегей мүмкіндігін көре отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Бүгінде ұйым халықтық өкілдіктің ерекше тетігі ретінде мемлекеттің қоғамдық бақылау жүйесінде ерекше рөлге ие. Дәл осы міндетті атқарып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жаңғыру жолында айрықша. Ассамблея елімізде тұратын барлық этностардың бірегей де төл мәдениетін сақтап, қоғамдық келісімді нығайту мен халық бірлігін жетілдіру жолында көптеген жұмыс атқаруда, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын сараптай келе Ассамблея тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жиында облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Ассамблеяның ғылыми-сарапшы тобына Маңғыстаудың әлі де беймәлім жерлерін зерттеп, тарихи-мәдени құндылықтарын жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Ол үшін әлеуметтік зерттеулер, әлеуметтік сауалнамалар және ғылыми-методикалық шаралар жүргізу керектігін жеткізді. Бірқатар басқарма басшыларына мемлекеттік этносаясатты тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Әсіресе, БАҚ өкілдері арқылы көпұлтты, табысты отбасыларды көрсетіп, отбасы құндылығын насихаттау үшін кешенді жоспар дайындау қажеттігін атап өтті.
Сессия соңында облыс әкімі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерін және облыстық Ассамблеяның белсенді мүшелерін марапаттады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ