jasqazaq.kz

Бейбіт атом

26 тамыз 2016, 15:19

коллаж семей полигоны чб

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай Астана қаласында өтетін халықаралық «Ядролық қарусыз бейбіт өмір қалыптастыру» конференциясының күні жақындап қалды. Аталған конференция 29 тамызға белгіленген. Өйткені, ширек ғасыр бұрын дәл осы күні Қазақстанға жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы атануға көмектескен, бүкіл әлем үшін маңызды шешім қабылданды. Ал бес жыл өткен соң басқа мемлекеттер де ядролық қаруды сынауға тыйым салды. Осылайша, Қазақстан сынаққа қарсы шыққан мемлекеттердің бейбіт бастамаларын біріктірген ел болды. 

Толығымен ядролық қарусыздандыру идеясы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл БҰҰ-да ұсынған «Бейбітшілік. XXI ғасыр» манифесінің өзегінде де көрсетілген. Манифест тағы да Қазақстанның тек бейбіт атомды қолдайтынын дәлелдеді. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталығының (ҰЯО) жұмысы бұған айқын мысал бола алады. Өйткені, аталған орталық барлық ғылыми-техникалық және адами ресурстарды бейбіт атомның дамуына жұмсап, өзін Қазақстан ғылымына да, экономикасына да елеулі үлес қосып жүрген жоғары технологиялық орталық ретінде көрсетті.

ҰЯО осыдан ширек ғасыр бұрын бұрынғы әскери өнеркәсіптік Семей ядролық сынақ полигонының конверсиясы бойынша мәселені шешіп, оның ғылыми-техникалық әлеуетін еліміздің мүддесіне пайдалану үшін құрылды.
Аталған орталық Семей полигонында өткізілген ядролық қарудың инфрақұрылымын жою жөніндегі барлық бағдарламалардың бас атқарушысы болып белгіленді. Сол бағдарламалардың ішінде Дегелең тауы мен «Балапан» сынақ алаңындағы ұңғымаларды жабуды көздейтін бағдарлама болды. 1996 және 2000 жылдар арасында Дегелеңде 181, «Балапан» алаңындағы қолданылмаған 13 ұңғыма жабылды. Орталық мамандары радиоэкологиялық сараптама жүргізіп, радиоэкологиялық мониторингті ретке келтірілді. Бүгінде аумақтың жартысынан астамы зерттеліп, оның 90 пайызын ауыл шаруашылығына пайдалану жөнінде тұжырым жасалды.
– Біздің міндетіміз – мемлекетіміздің және Елбасымыздың атом энергиясын бейбітшілік жолмен қолдану жөніндегі бейбіт бастамаларын ғылыми-техникалық тұрғыдан қолдау. Соңғы жылдары осы міндетімізді ойдағыдай орындап келеміз», – дейді ҚР ҰЯО директоры Ерлан Батырбеков. – Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуының қарсаңында ҰЯО-ның қосқан үлесі зор екенін көреміз. Бірінші кезекте, ядролық сынақ полигонының инфрақұрылымына қатысты проблемаларды шештік. 2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаев, Дмитрий Медведев және Барак Обама үш елдің күшімен ядролық сынақ полигонының инфрақұрылымы толықтай жойылғанын ресми түрде мәлімдеді. Е.Батырбековтің айтуынша, ядролық сынақ полигоны зардабын жою қолға алынды. Полигон аумағында радиоэкологиялық тұрғыдан зерттеп жатырмыз. Бұл 17,5 мың шаршы шақырым, яғни Словения сияқты мемлекеттің жеріне тең. Қауіп туғызатын ошақтардың көзін жоюда да нақты жетістік те жоқ емес. Ал ғылымға келсек, тәжірибелік базаны сақтап қана қоймай, оны жетілдіре түсті. Сөйтіп, бүгінде ядролық энергетика қауіпсіздігіне қатысты көп мәселеде еліміздің үздік екенін осы саладағы жетекші мемлекеттер – АҚШ, Ресей, Франция және Жапония да мойындады.
Орталық ел экономикасы мен ғылымына қосқан үлесіміздің нақты бір мысалы ретінде, атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша, соның ішінде жылдам нейтронды энергетика бойынша эксперимент жүргізгенімізді айта аламыз. ҰЯО реакторға жылу бөлетін құрастыруды сынақтан өткізеді. Осындай реактор шығаратын Жапония және Франциямен серіктестік жасалған. Сондай-ақ ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының кәсіпорындарымен – «Н.А.Доллежаль атындағы НИКИЭТ» АҚ-мен серіктестік құру жоспарда бар. Аталған кәсіпорын Ресейдің алдыңғы қатарлы «Прорыв» жобасын ғылыми жағынан алып жүреді.
Бейбітшілікті ту еткен Қазақстан өзінің барлық зерттеу реакторларын төмен байытылған отынға ауыстыру жөніндегі міндеттемесін орындауды бастады. Бұл іспен орталық мамандары айналысады.
– Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені, терроризм тұрғысынан қарасақ, төмен байытылған отынды лаңкестік мақсатта пайдалана алмайды, – дейді Ерлан Батырбеков. – Алайда біздің алдымызда тұрған міндет – реакторларды отынның жаңа түріне ауыстырып қана қоймай, олардағы бірегей қасиетін сақтап қалу. Айта кету керек, Қазақстан алғаш рет осы тәжірибені іске асырды. Ядролық физика институтындағы ВВР-К реакторы төмен байытылған отынға ауыстырылды. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Керісінше, реактор сипаттамасын біршама жақсарттық.
Ұлттық ядролық орталық Семей полигонының жабылуының 25 жылдығы қарсаңында көп іс тындырды. Атомды жаппай қарулануға емес, ғылым, медицина, өнеркәсіпке пайдалану үшін үлес қосты. Бұл – еліміздің бейбіт өмір және әлемде ядролық қаруды таратпау үшін, нақты бағыт ұстанғанының айқын дәлелі.

 

Бүгін, 15:26
Самат Қазақбаев: Масылдықты жоюға бағытталған шаралар Еңбек инспекциясының қатаң бақылауында
Бүгін, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу
28 қазан, 13:58
Мақсат Халық: Қаржы сауаты қыруар шығыннан қорғайды
28 қазан, 12:33
Ерболат Ибрайханов: Әр ауылға таза су жеткізу – стратегиялық міндет
24 қазан, 14:44
Manish Chand: Kazakhstan’s foreign policy aims to build balanced relations and strengthen partnerships with nations large and small
24 қазан, 14:04
Бітімгерлер – бейбітшілік елшісі
24 қазан, 13:43
Маниш Чанд: Қазақстанның сыртқы саясаты үлкенді-кішілі мемлекеттермен теңгерімді байланыс орнатуға және серіктестікті нығайтуға бағытталған
23 қазан, 16:20
Нақты іске бағыттайтын бастамалар
23 қазан, 12:28
Кәсіпкерлер жеңілдікпен қандай несие алады?