jasqazaq.kz

Бауыржанның «Бесқала жырлары» немесе тәубесі қабыл болған ақын

26 мамыр, 19:37

Жуырда белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Бабажанұлының «Бесқала жырлары» атты кітабы жарық көрді. Жинаққа ақынның кіндік қаны тамған Бесқала өңірі, ата-анасы мен өсіп-өнген ортасы туралы жұлдызды жырлары енген екен.
Жинақтың «Бесқала, сені сағынғанымда» деп аталатын алғашқы бөлімі ақын жүрегінің ажырамас бөлшегіне айналған туған жермен қоштасардағы сәті «көңілі нілдей бұзылып, көзіне моншақ тізіліп», атамекеннің қадір-қасиетін дәріптеуден басталады. Олай болса, Қазтуғанша толғайтын «Бесқаламен қоштасу» жырына көз жүгіртіп көріңізші.
…Ай, Бесқала, сенің төсіңде,
Етек жаптық, ес біліп.
Ару сүйдік маңдайын Айға тостырып.
Қарақалпақ пен өзбек,
Түрікпенді дос қылып –
Тілеулес елдер қашанда.
…Содан кейін төріңнен сенің керуен де керуен көшті жұрт,
Өзіңде туған құлынын,
Үйіріне әкеп қосарға.
…Ай, дүние-ай, қайтейін,
Сен салмадың, мен салдым,
Кешіре гөр, ардақтым,
Қадіріңді жүрсек тіпті кеш біліп.
Қарақалпақ, өзбегім,
Қайырлы болсын сіздерге,
Бізден де қалған ескі жұрт.
Бір сәт рухыңды жебейтін даңғайыр кеңдік ақын шабытын тасытып, шабысына шабыс қосатындай әсер аласың. Енді бір сәт жүрек тұсыңды шымырлатып барып, көзіңе жас үйірілтеді. Бауыржан шайырдың кіндігімен байланған киелі мекенге деген кіршіксіз сезімі мен алабұртқан ақындық жүректің беймаза дүрсілін сезінесің. Ақын өзі туып-өсіп, көкірегіне сөз сәулесі дарыған қасиетті мекенмен осылай қимай қоштасады.
Бауыржанның қай өлеңінен де өз болмысын оңай танисыз. Өйткені әр өлеңінде өзі бар. Бауыржанда қазақы мінез бен қазақы өлең бар. Еркін ойлылыққа құштар ақын жанының рухы асқақ көрінеді. Туған жерін, оның айдын-көлін, сайын даласын сүйіп өскен ақын-жүректің арманы алысқа самғайды. Бұл шынайы пікіріміз. Әсіреқызыл сөз емес.
Бұған дәлел жинаққа енген «Қоңыратты таныстыру», «Мойнақта», «Мойнаққа барғанда», «Хожелі. Ес-ағаңды еске алу», «Бесқалаға барғанда», «Алдияр көпір» т.б. секілді өлеңдер дер едік.
«Қоңыратты таныстыру» деген өлеңінің табиғаты тым бөлек. Жүрегіңді дір еткізеді. Ақынмен бірге өміріңде өзің көрмеген Қоңыратты сағынғаныңды сен де байқамай қалатындайсың. Оқып көрейікші:
Қоңырат деген жер – осы,
Қоңырат деген жер – осы!
Секілденген жер өсі,
Қоңыраттың топырағын басқан жанның әп-сәтте,
Биіктейді өресі,
Бойындағы зілдей мұңнан арылып,
Төлегеннің Сағынышын жамылып,
Тиер көкке төбесі, – дейді. Сөйтсек, бұл жырда Төлегеннің сағынышы бар екен ғой. Төлегеннің табиғаты да бар. Екеуі де қасиетті Қоңыраттың төл перзенті. Дұрысы, Бауыржан Төлегеннің жыр эстафетасын жалғастырушы. Сағынышқа айналған ақын жаққан жыр алауын өшірмей келе жатқан аманатты жеткізуші.
«Адамның бүкіл ғұмыры сағыныштан тұрады» деген рас екен-ау! Ал ақын үшін сағынбай ғұмыр кешу мүмкін емес! Әйтпесе, «…Көкірегі қарс айырыла беретін, Біздің мынау түкпірдегі сырды ұғар» деген құбылмалы көңілдің ортайған бір сәті өлең болып өрілер ме еді?
Сан тараулы өмір жолы әркез денеңді жылыта бермейді. Маужыратар жылы демімен қатар қалжыратар құз-жары, қалтыратар ызғары да болады. Байырғы атамекеніне оралған соң Бауыржан ақынның Бесқаламен байланысы сирей бастады. Оның үстіне бұрынғыдай алып-ұшып жетіп баратын ата-анасы да Ақтөбеге қоныс аударды. Енді Бауыржан үшін Бесқала нағыз сағынышқа айналды. Оған «Өткен күндер елесі» – анау Қоңырат, «Кіндігінің қаны тамған топырақ» – мынау Мойнақ, «Тұзағынан босатып, бір құсын ұшырған» – киелі мекен Қызылжар туралы өлеңдеріндегі күйініші мен сүйінші куә. «Қызылжарға барғанда» өлеңін жаның құлазымай оқу мүмкін емес.
…Өлең деген зар ма екен,
Тар қапаста қысылып
Бұлқынғанда жүрегім
Ақ парақтың бетіне
Тырс-тырс тамған қан ба екен?
…Өзі туған мекенді
Отаным деп айта алмас
Біздей мұңлық бар ма екен? – деген шумаққа келгенде көзіңе келген жасты байқамай қаласың. Мұндай мұңаю ақында болып тұрады. Әйтсе ол уақытша құбылыс.
…Түбі қайтып келеді…» деп шулаған
Бәрі-бәрі білгіш-ті…
Қарап тұрсам, ой, Алла-ай,
Кеткен ұзақ оралмай,
Сол құс – өзім екем ғой, – деп өзін-өзі жұбатады.
Арманы асқақ ақынның атар таңға, келер күнге деген сенімі зор. Кітаптың алғашқы бөлімі «Менің Қазақстаным» өлеңімен аяқталады. Атажұртын аңсап, Қазақстанда өмір сүруді армандап өскен Бауыржанның бұл өлеңі де сағыныш пен іңкәрліктен туған.

…Батасы қабыл, шіркін, керемет,
Дариялар еді-ау салалы.
Айбынды шалдар бір-бір төбе боп,
Артында қалып барады.

Тағдыры шықса тебеген болып,
Кімнің бар дейсің амалы?
Арнаға сыймас өр өлең болып,
Төлеген қалып барады…
Құдай-ау, Еділден кетерде Қазтуған жырау осылай еңіреген жоқ па еді? Ақын біткенге атамекеннен осылай ажырау жазылғаны ма? Тірлігінде төбедей болып төрде отыратын анау құймақұлақ қарттардың «бір-бір төбесі», «Арнаға сыймас өр өлең болған Төлеген», «Талай жыл жанға дәруің болған Әму» – бәрі-бәрі қалып барады.
Атамекенге созылды көшің,
Тәңірім өзі жебейді.
Қазақтығыңды өзің білесің,
«Оралман» десе, е, мейлі…

… Айналайындар, барлығы да енді,
(Айтайын мұны тоба ғып),
Кетігін тауып Мәңгілік елдің,
Кірпіш боп жатыр қаланып.

Үйірге қосып, аз арыстанды,
Тигізген көкке төбемді.
Осынау байтақ Қазақстанды,
Меніңкі демей көр енді!
Бұл да «Менің Қазақстаным» өлеңінен алынған үзік-үзік үзінділер. Ширақ шумақтар. Тегеурінді толғаулар. Әлгі бір сағыныш пен өкініштер әп сәтте лирикалық кейіпкерді ширата түседі. Оқығандардан «Тәубенің қабыл болуы – өкінуде» деген сөз қалыпты. Ендеше, Бауыржан – тәубесі қабыл болған ақын.
«Бес қала жырлары» үш бөлімнен тұрады. Оның бірі жоғарыда сөз еткен «Бесқала, сені сағынғанымда» болса, «Қайрақ» деп аталатын екінші бөліміне ата-анасына, алғашқы мұғаліміне, Төлеген Айбергеновке арнаған т.б. өлеңдері енген. Оның ішінде «Қайрақ» деген жырында әкенің отбасындағы орны шынайы суреттеледі. Өлеңде қатал әке, қатал әкеге қарсы келмес мейірбан ана және бала Бауыржан бейнелері шынайы суреттеледі. Онда, оқиық:

Жан көрінді (кеше аттан құлағам)
Аяқ… шыдап көрші енді.
Ақырды әкем: «Тый жасыңды, жылама,
Көтер, кәне, еңсеңді!

Тізгінге ие бола алмайды шіріктер,
Қарық қылар өзге не?
Көздің жасын көрсетпейді жігіттер,
«Өй, әкеңнің… ез неме»…
Міне, бұл біз жоғарыда сөз қылған Бауыржан өлеңдеріндегі қазақы тағылым мен тәрбиенің дәлелі. Әкенің баласын жігерлендіруі. Бүгінгі баласына қабақ шытудан қалған заманда, мамасының етегіне тығылған ездерді тәрбиелеуге бір-бір Бауыржанның әкесі керек-ау. Әйтпесе, ел басына күн туғанда садақ тартар азаматтардың бейбіт заманда әскерден жалтаруын қалай түсінеміз?..
Ал Бауыржанның «Үндемес» өлеңі баланың анаға деген сағынышына малынған дүние. Мұнда жан-дүниеңді ерекше бір сезімге бөлейтін ана деген құдіреттің жырдан құйылған бейнесі бар. Перзенттік парыздың өтеуі жоқ десек те, бұл жыр – Ана рухына тағзым.
Үшінші бөлімді тұтастай алып жатқан «Ниетқабыл» поэмасын бұған дейін әлеуметтік желіден оқып, көз жасыма ерік бергенмін. Сол әсерден әлі де айыға алар емеспін. Олай болса, Сіз де оқып көріңіз.
Жалпы, Бауыржан Бабажанұлының Бесқала тақырыбындағы қай өлеңін оқысаңыз да, сізді де сағыныштың шөлі қысады. Бесқала жаққа, Бауыржан қиялындағы Әмудің жағасына тартып кеткің келіп-ақ тұрады. Сонда бұл не құдірет болды екен? Біздіңше, ол ақын жырларының шынайлығында, тілінің шұрайлылығында жатыр. Тілге шебер. Бауыржанның өлеңдері көңілге қонымды, әрі қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Даланың жұпары бұрқырап тұрады. Жаңағы сағыныштың шөлін сол өлеңдермен бас аласыз.
Бұл – туабітті қарым-қабілеті мен шығармашылық қуаты бойындағы ақынның жаңа жыр жинағынан алған әсеріміз. Қалғанын әдебиет сыншыларының еншісіне қалдырдық.

Мұхарбек Жәкейұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Бүгін, 13:06
Дархан Сатыбалды: Алматының жаңа полиорталықтары адамдар үшін жайлы болуы тиіс
Бүгін, 11:49
Қазыбек Дәуіталиев: Қоғамдық кеңес – халықтың үніне айналуы тиіс
29 мамыр, 16:03
Түркістан: Нұралхан Көшеров индустриалдық аймақтарды әрмен қарай дамытуды тапсырды
29 мамыр, 14:20
Түркияның жетекші фармацевтикалық компаниясы Түркістанда өндіріс ашады
28 мамыр, 15:03
Түркістан: «Бірліктің бастауы» фотобайқауы өтті
28 мамыр, 14:50
Түркістан: 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды
28 мамыр, 14:36
Алматыда жол мәселесі қалай шешімін таппақ?
28 мамыр, 14:18
Түркістан: Ерте піскен қауын экспортқа жөнелтіле бастады
28 мамыр, 14:10
Түркістан: Ұлттық рухты асқақтатқан жас өскін