Бауыржан Момышұлының оқырманы

16 қантар 2023, 15:28

Телефон шырылдап, тұтқаны құлағыма тостым.
– Ассалаумағалейкум, аға. Айыпқа бұйырмаңыз, мен Оралтай Құлбаев деген Бауыржан Момышұлы атамның оқырманы едім. Кітаптарын бас көтермей оқып шығып, шексіз риза болдым. Жазғандары сезімге, ойға бай, маған ерекше ұнады. Көңліне түйген нәрселерін оқырман жүрегіне өткір, құнарлы тілмен әдемі жеткізе біледі екен.

Тағы маған ұнағаны – маршал-генералдармен, ақын-жазушылармен, ғалымдармен сөйлесе қалса, бәрінің мысын басып тұратыны. Ең кереметі – пікір таластырса, қарсыластары түгел дерлік жеңіледі. Оны өздері мойындайды. Бауыржан атамнан үлгі алып, мен де қарсыластарыма дес бермесем деймін. Ол кісі туралы:
– Сізді ойлаймын қуансам да,
Топты жарып ту алсам да.
Сізді ойлап қайраттанам,
Жалғызсырап мұңайсам да, –
деген бір шумақ өлең де жаздым.
– Өлеңіңнің мәні терең екен.
– Қазір бізде жасанды оқиғаға құрылған кітаптар көбейіп кетті. Олардың үш-төрт бетіне дейін көз жүгіртем де, ары қарай оқымаймын. Оқысам да, қабылдамаймын.
Ой-санама қозғау салып, шаң-тозаңнан тазара түсуіме сіздің де жазғандарыңыз көмектесіп келеді. Бауыржан атамның оқыс мінезін бейнелеген қайсыбір эпизодтарды оқығанда қарқылдап күлемін.
Жеке пікірім, Александр Бектің де, Әзілхан Нұршайықовтың да кітаптары тамаша. Алайда сіз Баукең ішкі жан дүниесін жарқырата ашып, таныта алдыңыз. Сізге ол кісімен 21 жыл қарым-қатынаста болғаныңыздың пайдасы көп тиген тәрізді. Жасыңыз ұзақ болсын, Алла тағала күш-қуат сыйлап, алдағы кезде де Баукеңнің әлі беймәлім ерлік рухын, ішкі жан дүниесін бізге, келер ұрпаққа жеткізе беріңіз.
– Рақмет.
–¬ Тақырыпшыларға бөліп, ой-сезіміңізді бейнелей білудегі қысқа де нұсқа жазу мәнеріңіз ұтымды. Сіздің суреттеуіңіздегі кез келген жанға сын көзбен қарайтын, өзіне де, өзгегеге қатал, әділ Баукеңді сүймеу мүмкін емес. Сол сүйіспеншілік сезімімді сізбен бөліссем деген ойдамын. Қазір үйіңізге барсам қалай қарайсыз?
– Келем десең, өзің біл.
Жақын маңнан телефон соқса керек, сәл өтпей төбе көрсетті. Орта бойлы, балуандарға тән кең жауырынды, жұмыр денелі, жоталы қыр мұрынды, сұр костюмді жігітағасы «ассалаумағалейкум» деп жайдары мінез таныта, күлімсірей амандасты.
Құрметтеп төрге шығарып, хал-жай сұрастым. Еркін, батыл сөйлейді екен. Даусы жуан, жігерлі.
– Әкемнің жолын қуып полиционер болып істеп, жақында зейнетке шықтым.
– Әкең бар ма?
– Ол кісі өмірден ерте озды. Рушыл біреулердің жаласы кесірінен қызметінен жазықсыз алынғанына келіспей әділдік іздеп, Москваға дейін барды. Ондағы бір дөкей «екі мың сом ақшаны алақаныма салсаң, ойлаған мақсатыңа жетесің, онсыз жете алмайсың» депті. Әкем: «Ондай ақша менде жоқ» дейді салы суға кетіп. Содан ашу-ызаға булығып, қан қысымы дертіне ұшырады.
– Анаң бар ма?
– Жақында бақилық болды. Анам өте қарулы кісі еді. Ерегіскен атпал азаматтың кез келгенін аттан аударып алатын. – Оралтай дауыстай күлді. – Мен де сондаймын. Ұстаса кеткенді атып ұрамын.
– Анаң кім болып істеді?
– Мақта егістігі даласында звено жетекшісі болып істеді. Мектепті
«беске» бітірген ол кісіні аудандық оқу бөлімі Москвадағы пошташының оқуына жібермек болғанда, әжем: «Орыс боп кетеді, Москвада оқу деген не сұмдық», – деп жібермей қойыпты.
–¬ Жұмыс аяғында: «Қазір бас агроном келеді, кетіп қалмаңдар», ¬¬– деген бригадирден жұрт қаймығып, тырп етпепті. Өр мінезді анам: «Мен тапсырманы екі есе орындадым. Үйде қарт әже, балаларым күтіп отыр. Жолымды неге бөгейсің?», – деп бригадирді тыңдамай, кетіп қалған.
– Анаң қайсар кісі екен ғой.
– Анам қолы босағанда газет-журналды, кітапты көп оқитын. Өзі
ақын еді. Бұрынғы кезде әпкелері екеу-екеу болып жігіттермен айтысқанда, мектеп оқушысы – анам столдың астында жасырынып
отырып, әпкелеріне «бүйтіп айт, өйтіп айт» дейді екен сыбырлап. Жазған өлеңдерімді оқып берсем, «жақсы екен, құлыным» деп қуанатын.
1954 жылы ауданымыз Жетісай бойынша 16 колхоздың ішінде біздің колхоз миллионер атанып, анам басқарған звено бірінші орынды жеңіп алады. Сөйтіп Москвадағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне бармақ болады. Әжем келіспейді. Әжемнің алдына колхоз басқарма төрағасы Тәңірберген Жайлыбаевтың өзі келіп:
– Әжетай, бір кезде маған бата берген едіңіз. Мен де сіздің балаңызбын, маған сеніңіз, – деп әрең рұқсатын алған екен.
…Мен Целиноград облысы Қорғалжын ауданының қызына
үйленгенімде, ауылымыздың әйелдері анама: «Солтүстіктің қыздары орыс боп кеткен. Енді келініңді мықтап ұста», – десе, анам:
– Әй, жұмыстарың болмасын. Келінім «здрасти» десе де, мен көңіліме алмаймын, – деп бәрінің аузына құм құйған екен. Біздің оңтүстік адамдарының өмір салтын сіз жақсы білесіз, шал-кемпір үйге жиналып, шай ішеді ғой. Сонда әйелім кеселерді ұзатумен қатар, кітап оқып отырады.
– Әй, орыс келініңнің кітап оқығаны несі? Аталарына, апаларына
дұрыстап шай құйып бермей ме? – дегендерге анам:
– Шал-кемпірдің әңгімесі бітуші ме еді? Қарағым келін, шайыңды құйып, кітабыңды оқи бер. Барлық жақсылық – кітапта. Ол ертеңгі күні балаларыңа жақсы тәрбие, жақсы білім беруіңе көмектеседі, – дейтін
Мен еріксіз күлімсіреп:
– Қазіргі біздің айтып жүрген демократия дегеніміз сенің отбасында екен ғой, інім. Меніңше, қалай ізгі болуды, демократияға қалай жетуді сенің отбасыңнан үйренгеніміз жөн тәрізді, – дегенімде, Оралтай мәз болып, «аха-ха-халап» күлді.
– Әкемнің қызметінен жазықсыз алынып, өмірден ерте озуына рушылдықтың кесірі тигенін сезген күннен бастап қазақтың рушылдығын жек көріп кеттім. Қатты қайғырып, күйінгеннен:
Қайран бабам қазақ,
Саның көп емес, аз-ақ.
Ұрпағың неге алауыз,
Болмаймыз ба мазақ?

Тіл таппаймыз неге біз?
Не ойлайды көкеміз?
Мазалайды жалғыз сұрақ,
Ынтымаққа қашан жетеміз? –

деген де өлең жаздым.
– Бұл қайғылы жағдай қашанға дейін созылатынын ешқайсымыз білмейміз, – дедім мен амалсыз.
– Неғып біз рушылмыз? Ананы жамандап, мынаны жамандап, жолына қақпан құрып, орға құлатқаннан қандай пайда табамыз? Неге баяғы бабаларымыздың адамзатты, табиғатты сыйлаған ісін жалғастырып, рушылдықтан жоғары тұрмаймыз? Бажайлап зерттеп көрсем, кейбіреулер жеті атасын да жөнді білмейді. Сөйте тұра рушыл. Бір-біріміздің үстімізден арыз жазып, бір-бірімізбен жағаласып жаға жыртысқаннан қашан құтыламыз?
Руға бөліну – дамумызға ең үлкен кедергі екенін терең түсіндірген көзімді ашып, ойшыл еткен, Бауыржан атам. Сәл оңаша қалсам, ойға батамын. Соңғы кезде пікірдің төрт түрінің барына анық көзім жетті.
Мен елең ете қалдым.
– Ол қандай төрт түр?
– Оның біріншісі – әркімнің жеке пікірі. Ұлтымыздың қамынан гөрі өз қамын көбірек ойлайтындар бар. Оны кінәлау артық. Ол өмірді түсіне келе халқымыздың тағдыры туралы толғануы мүмкін. Себебі, өз пікірі бар. Ондай азаматқа үміт артуға болады. Ең қиыны, өз пікірі жоқ жандар ешкімге ешқандай пайда келтіре алмайды.
Айтайын дегенім, әркім Бауыржан Момышұлы тәрізді жеке пікірін бала кезден қалыптастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Сіз: «Тосыннан қойған кез келген сұрағыма Баукең мүдірмей жауап беруші еді. Соған әлі таңғаламын», – деп жаздыңыз. Оның сыры – ол сұрақтарға Баукең жас кезінен жауап тауып, жадында сақтап үйренген әрі оны замандастары мойындаған. Мұны мен пікірдің қоғамдық екінші түрі деп білдім.
Енді үшінші түріне келейін. Сіз бірінші басшысыз. Мемлекет атынан сөйлейсіз. Сөзіңізді мемлекет басшылары тыңдап, мойындаса, онда ол адамзаттық пікір түрі болып саналады.
Біреулер өмірден орнын тауып, қалыптаса алмай жүріп, орыс, ағылшын, неміс, тағы басқа халықтар тұралы пікір айтады. Бауыржан атама ұқсап оларға: «Ондай дәрежеге сен жете алған жоқсың. Тіл сүйексіз деп аузыңа келгенді оттай берме. Сенің еліктеушілік пікірің ешкімге керек емес. Адам байқап, біліп барып сөйлеуі, айтқан әр сөзіне жауап беруі керек», – деймін.
– Талабың дұрыс.
– Мұхтар Шахановтың қырық жасқа толуына байланысты Москвада өткен шығармашылық кешіндегі бір ауыз сөзіне риза болғанымды әлі ұмытпай жүрмін.
– Ол қандай сөз?
Кешті жүргізіп отырған атақты ақын Евтушенко:
– Мұхтар Шаханұлы, шындық деп шырылдайсың. Шындық деген не? – деген сұрақ қойды. Мұхтар екі қолын екі жаққа жайып:
– Әй, айналайын, шындық деген адам шыға алмайтын биік шың. Оған біреулердің ғұмыры жетуі, біреулердің ғұмыры жетпеуі, жарым беліне дейін өрмелеп шығып, мерт болуы да мүмкін, – деді.
Он үш жасымнан өзіме-өзім шыншыл боламын деп жүрген мен:
– Ой, Мұхтар аға мықты кісі екен. Өзіне жолығып, сөйлессем, – дедім қиялға беріліп. 1982 жылы, арада 18 жыл өткенде Түркістан қаласының он бес ғасырлық тойында Алла тағала Мұхтар ағаға жолықтырды. Кітаптарын оқып, іштей дайындалып жүргем. Полиционермін. Бастығым Ермеков:
– Түркия премьер-министрі ескерткішке гүл шоғын қояды екен. Сен ескерткіш жанында тұрып, кимелеген жандарды алға жіберме. Тіл байлығың бар ғой, – деді. Тұрмын. Адамдар біртіндеп келе бастады. Кенет Мұхтар ағаны көріп қалдым. Қасында «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы Юрий Трюхин, тілші орыс әйел бар. Маған жақындау жерге келіп өзара әңгімелесіп тұрды. Бір кезде Юрий:
– Мұхтар Шаханұлы, қазір біреулер «менің атам батыр, ақын болған» деп ескерткіш қойып, ас беріп жатыр. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай? – деді.
– Кімнің атасы батыр, ақын, кімнің атасы қатын болғанын халық біледі. Ол ақшаны бауырының денсаулығын жақсартуға, не бала бақша салуға жұмсаса, сол пайдалы еді, – деген Мұхтардың пікірін естіп, арқам қозды. Шыдап тұра алмадым. Қасына жақын барып:
– Ассалаумағалейкум, Мұха, – дедім сәлем беріп. – 1982 жылғы Евтушенконың сұрағына берген жауабыңызды естігелі бері өзіңізге жолықсам деген ниетте едім. Маған батаңызды беріңіз?
Сол сәтте Рахманқұл Бердібаев аға келіп қалды.
– Сен батаны мына кісіден алмайсың ба? – деді Мұхтар көкірегімнен кері итергендей болып. Ағылшын философының қанатты сөзін орыс тілінен қазақшаға өзім аударып алған едім. Есіме сол сөз түсе кетті. «Жігіттің сұлтаны қыздың сұңқарына ғашық болса, қыздың сұңқары алтынға құмар болады. Алтын сапасымен қымбат. Сонда адамзаттың құнын немен бағалау керек?»
— Мұха, сіз кісі болмаңыз. Кез келген жігіттің сұлтаны бір қызға ғашық болады. Мен де ғашықтық сезімді бастан кешкенмін, – ¬ дедім. Сөйтіп «көкірегімнен итермеңіз» деген ойымды астарлап жеткіздім.
Ол бірден түсініп: «Мына айтқаның философия ғой», – деді де, визиткасын берді. – Кел, жолығамыз. – Мұхаңмен алғашқы таныстығым осылай басталды.
Ақ пен қара, ащы мен тұщы деген бар. Пікір де солай. Мұхтар Шахановтың Абай мен Махамбетті салыстырғанына өз басым келіспеймін. Шындыққа жүгінсек, қазақтың екеуінің бірі – ақын, екеуінің бірі – батыр. Ал Абай – данышпан. Данышпанды ақынмен, батырмен қалай салыстырасың, әрі екеуінің өмір сүрген дәуірі екі бөлек.

Бұл пәниде таппадым шынайы жолдас,
Араласатын, мұңдасатын.
Мүмкіндік болар ма екен,
Қияметте жолыққанда сырласатын, –
дедім намысына тиістіріп, бір шумақ өлеңімді жатқа айтып.
Ол ойымның астарын түсінді.
– Қайсы кітабымды сыйлайын. Орысшасын ба, қазақшасын ба? – деді.
Тағы шағып алдым. «Сіз айтып жүрген мәңгүрттенмін. Орыс мектебінде оқығанмын. Маған орысшасы да, қазақшасы да бәрібір.
– Е, онда қазақшасын сыйлайын.
– Басқа тілде сөйлесе де, адамгершілігі мол жандар көп. Әр ұлттың табиғаты әр түрлі, – дедім.
…Барған сайын әңгімеміз тереңдей берді. Мен:
– Оралтай інім, өлеңдеріңнің ойы терең, алайда ұйқасы, ырғағы сақтала бермейді екен. Мұның кемшілік екенін байқайсың ба? ¬ – деген сұрақ қойдым.
– Байқаймын. Ең бастысы, адамның өз ойы, пікірі болуы керек.
Өлең жазбаса да, өз ойы, пікірі бар жандар да – ақын. Меніңше ақындық сезім барлық адамда бар, парасаттылық барлық адамнан табыла бермейді.
Жас қаламгерлердің жиынында үндемей отырғанмын. Бір жігіттің теріс түсінігіне жауап бергелі сөз алып:
– Өз топшылауымша, ақын екіге бөлінеді, – дедім. – Бірі ақылын сезімге билетсе, екіншісі ақылымен сезімді билеп алады. Қайсысына жататынын әркім өзі талдап түсінер. Шамалауымша, ақындарымыздың көбі аузына келгенін оттап, сезім жетегіне еріп кетеді. Менің сүйікті ұстазым Бауыржан Момышұлы жұртқа не туралы айтсам болады деген толғаныс құшағында аудиторияны зерттеп, кімдер жиналғанына үлкен мән береді, тарихшы студенттерге – тарих, әдебиетші жастарға – әдебиет мәселесіне байланысты сөйлеген.
Сөз деген қиын, жауапты нәрсе. Демократия дегенімізбен дұрыс, әділ пікір айтатын адамды таңдау керек дедім.
Бұлай деуіме мұның алдында ғана «Алматы» телевизиясы каналының «Кенже бала» деген тақырыбы бойынша сөйлеуге шақырылған едім. Өзімше дайындалып бардым.
Тәртібі талқыға түскен баланың аты Темірлан екен. Жасы 13-те. Сабаққа мойын бұрмай, азаннан кешке дейін компьютер қарайды. Мен 13 жасар баланың түсінік, ойлау деңгейіне сәйкес әңгімелестім.
– Айналайын балам, атыңды кім қойса да, Ақсақ Темірдей болсын деген жақсы ниетпен қойған шығар? Мен саған Темірлан бабаңның кім болғанын айтып берейін. Сен сияқты ол 13 жасқа толған кезде Самарқанның ханы 40 уәзірін шақырып, дін саласындағы Бас уәзірінің зинақорлық істеп қойған ортаншы баласына қандай жаза қолдану керегі жөнінде ақылдасыпты.
– Менің орныма хан дайындап жүрген адамдарың бар ғой. Негізгі сұрақты соларға қояйықшы. Қалай жауап берер екен, байқап көрейік, – дейді. Сөйтсе, уәзірдің 14-і ханның, 14-і Бас уәзірдің баласын, қалған 12-сі Темірланды дайындап жүр екен.
Хан бірінші өз баласынан сұрайды.
– Мына күнаһарға қандай жаза қолданымыз?
– Е, әке, оны өзіңіз білесіз ғой.
– Ойпырма-ай, мынаның өз пікірі жоқ қой. Бұл хан болу түгілі қарақан басын жөндеп алып жүре алмайды, – дейді шамданып.
Екінші шариғат жағынан Бас уәзірінің тұңғыш баласынан сұрайды. Ол:
– Шариғат біледі де, – депті.
– Ой, мынау да ештеңеге жарамайды.
Үшінші кезек 13-тегі Темірланға келеді. Ол Бас уәзірдің ортаншы баласының зинақорлық істеп қойғанын біледі. Ханға барып, ойын айтайын дегенде, жағымпаз уәзірлер оны сарайға кіргізбеген.
Темірлан орнынан тұрып:
– Жақсы әкеден жақсы бала туса игі, жақсы әкеден жаман бала туса, барынан жоғы жақсы, – деп қылышын суырып алып, зинақордың басын шауып, жерге домалатып түсіреді. Хан:
– Міне, нағыз хан болатын адам, – дейді қуана дауыстап. Содан өзі, абыз ақсақалдары, әулиелері жиналып, Темірланға бата береді.
Түсіндің бе, балам, атаң осы тарихты оқып біліп, сондай ақылды, батыр болсын деп атыңды Темірлан қойған шығар, – деп баланың намысын, рухын оятатын, жігерін жанитын сөздер айттым. Кейін білдім, «атам менен үміт етіп жақсы ат қойыпты, мына іс-әрекетім теріс екен» деген тоқтамға келіп, ойланған шығар, тәртібін де, сабақ үлгерімін де дұрыстапты. Ол баламен әлі де байланысымды үзгем жоқ.
– Оралтай інім, сенің бұл талпынысың педагогтарымызға ой салатын талпыныс екен.
– Жақында тоғызыншы сыныпты бітіріп, қазақтың тілін, салт-дәстүрін зерттеп, дамытатын техникумда оқып жатқан қыздар кездесу кешін өткізді. Кешті жүргізуші «кімде қандай сұрақ, ой-пікір бар» дегенде, бір қыз орнынан тұрып: «Құдайға шүкір, біз біраз кітапты оқып, жазушыларды көріп жүрміз. Бірақ мына кісінің қарапайымдылығы менің өмір-бақи есімде қалатын шығар», – деді.
Ол қыздың пайымынан адамды танып, баға бере алатынын, тегін қыз емес екенін байқадым. Бұл үлкен қасиет. Құдай қаласа, алда іздеп барып, інілерімнің біріне таныстырып, келін етіп алсам деген ниеттемін.
– Ниетіңе жетуіңе тілектеспін.
– Бауыржан атамыздың адам тану қасиеті өте күшті еді ғой. Ол кісі бір көргеннен-ақ кім екеніңді біле қоятын.
– Моряк болып жүргеніңдегі адмирал Николай Николаевич Сергеевтің саған оң көзімен қарағаны туралы айтшы?
– Бірінші Петрден бері, жеті атасынан бастап әулетімен адмирал болған екен. Өң-түсі түрікке ме, арабқа ма ұқсайтын. Маған шын ниетімен бүйрегі бұрып тұратын.
Кемеде қызмет етіп жүргеніме екі жарым жыл өткен. Ертең жексенбі, жетінші ноябрь мерекесі. Сыртқа шығып, 4-5 сағат қыдырып серуендеуімізге демалыс береді. Бүгін кеменің іші-сыртын түгел тазалап, жуымыз керек.
Бізде бұрыннан қалыптасқан тәртіп бойынша, алдымен еденді жуып, тазалап, содан кейін ғана сандықшадағы киімдерімізді сыртқа апарып, шаңын қағатынбыз. Мен:
– Бұл дұрыс емес, алдымен сандықшадағы киімдерімізді тазалап алуымыз керек. Шаң еденді соңынан тазалаймыз, – дедім. Солай істеуге кірістік. Кезекші командиріміз ашуланып:
– Екі сағат өтті. Сендер әлі ештеңе істемегенсіңдер. Еденді неге жумадыңдар! – деді зіркілдеп. Мен ол кісінің сөзін қайталадым. Моряктар ду күлді. Командирім мені мазақ етті деп ойлап қалып, жаза ретінде маған бес тәулік кемеге кезекшілк етуді бұйырды. Намысым келді. Кезекшілікті бірінші жылғы моряктар атқаратын.
Лаж жоқ, бұйрыққа бағынып, күзетте тұрмын. Екі жарым жыл қызмет еткен моряктар айналып жүруге ерініп, дәлізбен, каюта алдымен өтетін. Солай бір моряк келе жатыр еді:
– Тоқта! Кері бұрыл! – деп едім, тыңдамады. Өзім ертеңгі демалыстан құр қалғаныма ызаланып тұрғанмын. Бірден әлгінің жағасынан ұстадым да, иегінің астынан бір ұрып едім, ол тарс етіп құлады. У-шу болды. Үлкен командиріміз Николай Николаевич каютадан шыға келіп :
– Не болды? – деді таңырқап. Мән-жайды айтып түсіндіріп:
– Мен сізді бірінші, адам ретінде, екінші командирім ретінде сыйлаймын. Устав өзгереді. Бүгін сондай әділетсіз жағдай орын алды. Бір ескертусіз екі жарым жыл қызмет еткен адаммын. Қазір кезекшілікте тұрғаныма жас моряктар күліп жатыр.
– Болды, түсініспеушілік орын алыпты. Командиріңнің жазасын өзгертсем, оның абырой-беделі түсіп қалады, – деді мені тыныштандырып. Басқа біреу болса, «морякты соққыға жыққаның қалай?!» деудің орнына, «кезекшілік мерзімің біткен соң, маған кел», – деді. Ол кісінің парасаттылығы, азаматтығы ұнады.
Айтқанын орындап, каютасына бардым. Шай іштік. Өмір тарихымды тәптіштеп сұрап, брін біліп алды.
– Сен бізде қал. Мичман етемін, партияға өтесің, өзім кепілдеме беремін. МГУ-дің қалаған факультетіне түсірем. Сен оқитын жігітсің, – деді. Мен елге ертерек қайтқанды жөн көрдім. Кейін сол шешіміме өкіндім.
— Үлкен қателік жіберген екенсің.
– Өзі жай емес, мықты кісі еді. Кейін «Красная звезда» газетінен контрадмирал болғанын оқыдым. Құттықтайын деп іздеп, адресін таппадым.
Тағы біраз әңгімелескен соң Оралтай:
– Аға, рұқсат етсеңіз, мен қайтайын, Бауыржан атамның көзісіз. Маған бата беріңіз? – деді. Мен сөзге келмей алақанымды жайдым. Оралтай да алақанын жайды.
Ақ ниетпен берер батам, адам бол,
Ол үшін сен ең алдымен адал бол.
Ар жолында адаспағын ешқашан,
Ел дегенде алынбайтын қамал бол.

Саған қастық ойлағандар оңбасын,
Тектілерден текті болсын жолдасың.
Қайда жүрсең, Алла тағала қорған боп,
Батыр Баукең аруағы қолдасын, –

Әумин. Бетімді сипадым. Ол да бетін сипады.

Мамытбек Қалдыбайұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бауыржантанушы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?