Бауыржан Әленов: Құқықтық қоғам – қауіпсіздік кепілі

29 маусым, 14:28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ жұмысына қатысты пікірін білдіріп: «Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе», — деген болатын. Осы ретте Алматы облысындағы құқық қорғау қызметкерлері ел тыныштығын күзету жолында аянбай қызмет етіп, өзіндік үлесін қосып отыр.
Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов jasqazaq.kz тілшісіне өңірдегі құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының жүзеге асырылуы жайында әңгімелеп берді.

Кез келген қоғамда заң мен тәртіптің орнығуы маңызды екені белгілі. Алматы облысында «Ззаң және тәртіп», «Қауіпсіз қоғам» сияқты консолидациялық жобалар қалай жүзеге асып жатыр?

— Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Заң және тәртіп», «Нөлдік төзімділік», «Қауіпсіз қоғам» қағидаттарын іске асырудың маңыздылығына назар аударған болатын. Шынында да, қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілікті қажет ететін маңызды міндет. Біздің еліміздегі әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі керек.
Осыған байланысты біздің алдымызда бірқатар міндеттер тұр. Біріншіден, қоғамда құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру. Екінші маңызды мәселе — азаматтардың полицияға деген сенім деңгейін арттыру, қазақстандықтардың құқықтарын тиімді және әділ қорғау.

Біз әрдайым халықтын қорғанышы болуға тырысамыз. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әрбір азаматқа, оның құқықтық сана деңгейіне және құқықтық сауаттылығына байланысты екенін атап өткім келеді. Өйткені құқықтық қоғам – елдегі қауіпсіздіктің маңызды бөлшегі.

Сондықтан халықпен және құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерімен тығыз байланыс полицияның сервистік бағдарланған моделінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта бізбен 220-дан астам қоғамдық ұйымдар мен еріктілер өзара іс-қимыл жасайды.

Отандастарымызға азаматтық белсенділігі және құқықтық тәртібі үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Полицияға қазіргі кезде құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы хабарламалар кобеюде. Біз бұл фактілерге жедел ден қоямыз. Бұл қандай да құқық бұзушылықтың жолын кесуге, жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін дер кезінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Мәселен, жыл басынан бері Алматы облысының полиция департаменті 400 000-нан астам құқық бұзушылықты анықтады.

Сервистік модельді енгізу және «Қауіпсіз қоғам» қағидатын іске асыру шеңберінде біз полицияның қоғамдық орындарда тұрақты болуының әсерін қамтамасыз етеміз. Тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтарда, скверлерде жаяу патрульдер саны көбейді. Ең криминогендік учаскелерде полицияның заманауи стационарлық бекеттері орнатылып, жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, қоғамның сұраныстарына жедел ден қою мақсатында халықпен кездесулер, есептік кездесулер үнемі өткізіліп тұрады. Оған қоса, әлеуметтік желілердегі азаматтардың белсенділігін ескере отырып, біз апта сайынғы тікелей эфирлерді өткізуді тәжірибеге енгіздік, онда облыстық департаменттің басшылығы тікелей қатысады және келіп түскен барлық сұрақтарға жедел жауап береді.

— Соңғы кезде, әсіресе, жастар арасында есірткінің таралу қарқыны жұртшылықты алаңдатып отыр. Нашақорлыққа қарсы күрнес, заңсыз есірткі айналымына қарсы қандай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда?

— Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында, біз жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргіземіз. Биылғы жылдың басынан бері есірткіге қарсы бағыттағы 265 профилактикалық іс-шара өткізілді. 26 мамырдан 26 маусымға дейін созылған есірткіге қарсы айлықты өткізу кезеңінде ғана «Есірткісіз болашақ» қамқорлығымен 70 іс-шара өткізілді.

Есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен тарату фактілерінің жолын кесуге келетін болсақ, жыл басынан бері 104 есірткі құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 58 қылмыс, оның ішінде 27 дерек есірткі заттарын өткізумен, 23 дерек есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде сақтаумен байланысты.

Сонымен қатар, есірткінің синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымына қатысты 46 факт анықталды. Жыл басынан бері облыс аумағында 9 есірткі зертханасы анықталып, заңсыз айналымнан 13 тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленді. Интернет-ресурстарға тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Осы жылдың басынан бастап «Кибербақылау» бағдарламасы арқылы заңсыз мазмұны бар 66 сайт бұғатталды. Біз тұрақты негізде есірткі құралдарын, оның ішінде есірткі зертханаларын және тарату жолдарын анықтауға, жолын кесуге бағытталған іс-шаралар кешенін жүргіземіз.
Жалпы есірткі қылмысына қарсы күресудің ең тиімді жолы — оның алдын алу екенін айтқан жөн. Сондықтан, біріншіден, жасөспірімдермен және жастармен жұмысты күшейтуіміз керек. Ал оларға ең жақын жүретін кімдер? Әрине, ата-анасы, достары, құрдастары, мұғалімдер. Өкінішке қарай, қазір есірткі тұтынушының портреті өзгеріп кетті. Бұрын негізінен тұрмысы нашар отбасынан шыққандар немесе қылмыскерлер тұтынады деп келсек, қазіргі кезде есіркті ғаламтордың арқасында кез келген адамның қолы оңай жететін кеселге айналды. Сондықтан бұл жағдайға көз жұмып қарамай, қоғам болып күресуге шақырамын. Уақыт осыны талап етіп тұр. Халық арасында бұл індетке мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру маңызды.

— Жақында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойылды. Өзіңізге белгілі, жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Алматы облысының полициясы қылмыстың алдын алу үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын күшейту бағытында қандай шараларды қолға алды?

— Шындығында, тұрмыстық зорлық-зомбылық – құқық қорғау саласын баяғыдан толғандырып келген мәселенің бірі. Өйткені осы проблемамен бірінші болып көзбе-көз жүздесетін де біз болып саналамыз. Бұл бағыттағы кейбір нормативтердің нақтыланбағаны салдарынан кезінде біздің жұмыста да бірқатар кедергілер туындап жататын. Енді заң қабылданды. Әр тараптың іс-әрекеттері реттелді. Қызметкерлеріміз енгізілген құқықтық нормативтермен жіті танысты. Әлі де бұл бағытта насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Жуырда, 2024 жылдың 14 маусымында, Алматы облыстық сотында «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу бойынша қылмыстық істерді тергеу алгоритмін талдау» шеңберінде үлкен семинар өткізілді. Онда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚК-нің 108-1 бабы) және ұрып-соғу (ҚК-нің 109-1 бабы) қылмыстық істерді тергеу алгоритмін талдадық. Семинарға Алматы облыстық сотының төрағасы Т.Ибрашев, қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Қ.Жантасов, облыстық соттың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Ол жерде сотқа дейінгі тергеу амалдары бойынша, сот сараптамасын тағайындау және оның қорытындысымен таныстыру, қылмыстық құқық бұзушылықтардың квалификациясы, жасалынған қылмыс бойынша сараланып, сотқа жолдау туралы мәселелер, жаза тағайындау, өтеу барысы талқыланды. Осы сынды семинарлар мен талқылаулар жоспарға сәйкес әлі де жалғасын таппақ. Бүгінгі күні полиция қызметкерлеріне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыру, көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттері де жүктелген.

— Бүгінде құқық қорғау және арнайы органдарға деген халықтың сенімін арттыру, заңдылық пен құқық тәртібін және кез келген бұзушылықтарға қарсы қоғамды қалыптастыруда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ішкі істер органдарына халықтың сенім деңгейін арттыруға бағытталған полицияның кәсіби сервистік-бағдарланған моделін құру бойынша кезең-кезеңмен жұмыс жүргізілуде. Полиция жұмысының жаңа моделі, ең алдымен, қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға және қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешуге бағытталған. Басты басымдық — полиция қызметінің сапалылығы. Полицияның азаматтармен әрбір байланысы сапаның бес шартына сәйкес келуі керек, оның ішінде заңдылық, жан-жақтылық, сыпайылық, хабардарлық және уақыт өткізбей қимылдау. Әрі қарай — қауіпсіздік мәселелерін шешу. Үшінші маңызды басымдық — серіктестік. Қауіпсіздікке тек полицияның күшімен қол жеткізу мүмкін емес. Бұл процеске бүкіл қоғам қатысуы қажет. Азаматтардың қауіпсіздігі мәселелерін шешу үшін біз әкімдермен, басқа да мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен туындайтын мәселелерді бірге шешу үшін бірлескен жұмыс жүргіземіз. Бұл жұмысқа қоғамдық тәртіпті қорғауға өз еркімен қатысқысы келетін қоғамдық көмекшілер тартылады. Жоғарыда атап өткенімдей, біз 220-дан астам қоғамдық құрылымдармен және еріктілер ұйымдарымен өзара әрекеттесеміз.

Полицияның кәсіби сервистік-бағдарланған моделін құру шеңберінде полиция көрсететін мемлекеттік қызметтерді бюрократияландыру және оңтайландыру процесі белсенді жүргізілуде. Оң мысал ретінде тіркеудің, көлік құралдарын алудың, әкімшілік айыппұлдарды төлеудің функционалдығын атап өтуге болады. Бүгінде мұны банктің мобильді қосымшалары арқылы жасауға болады. Полиция көрсететін 40-тан астам мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілді.

Сонымен қатар, Еуропа хаттамасы бойынша жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің жеңілдетілген рәсімі енгізілді.
Сондай-ақ заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, біз апта сайын әлеуметтік желілер арқылы халықпен тікелей эфирлер өткізетінімізді атап өткім келеді. Бұл тұрғындардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Полиция қызметкерлерін азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасау, сыни жағдайларда әрекет ету және құқық бұзушылықтар бойынша оқыту жүргізіледі.
Қазір полицияның жұмысы толығымен азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге, шақыруларға жедел келуге, өтініш берушілермен және жәбірленушілермен достық қарым-қатынаста болуға, нәтижесінде, адамдар полицияның жұмысына қанағаттануы үшін бағытталған.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы
Суреттер: Алматы облысы ПД баспасөз қызметі

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген