
Қазгидромет болжамына сәйкес, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы, Тасқала және Бәйтерек аудандары су тасқыны қаупі жоғары аумақтар санатына кіреді. Сондай-ақ Бөрлі, Қазталов, Шыңғырлау, Қаратөбе, Бөкей ордасы, Теректі, Сырым, Ақжайық, Жаңақала және Жәнібек аудандары орташа қауіп деңгейінде көрінеді. Мамандардың болжамынша, өңірдегі Деркөл, Шаған, Шежін-1, Шежін-2, Быковка және Қараөзен өзендері қауіпті деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Қазіргі уақытта облыс бойынша қардың биіктігі 6–44 сантиметр аралығында болса, топырақтың қату тереңдігі орташа есеппен 34-85 сантиметрді құрайды.
Осы орайда аймақтағы көктемгі апаттардың алдын алу мәселесі туралы Jas Qazaq тілшісі Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Жанболат Жасқайратұлынан толық мәліметті сұрап білді.
Жанболат Жаншиннің сөзінше, Ирикла су қоймасынан секундына 139 текше метр су келуде. «Қойманың жалпы көлемі 3,257 млрд текше метр, ал бос сыйымдылығы 738 млн текше метр. Қазіргі таңда су қоймасының толуы 77 пайызды құрайды», – деді ол. Алдағы уақытта су қоймасына 0,7-ден 1,3 текше шақырымға дейін су келуі мүмкін. Максималды су жіберу көлемі секундына 201 текше метрге жетеді деп күтілуде. Мұндай жағдайда Орал қаласы маңындағы Жайық өзенінің деңгейі 450-560 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін. Айта кетейік, қауіпті деңгей – 850 сантиметр.
Су тасқынының алдын алу мақсатында облыста бірқатар инженерлік жұмыстар жүргізілген.
«Бағдарламалық құжаттар аясында 12,5 шақырым қорғаныс бөгеті нығайтылды. Бұл жұмыстар Орал қаласы, Тасқала және Бөрлі аудандарында жүргізілді», – деді Жанболат Жаншин. Сонымен қатар Тасқала ауданында 0,6 шақырым канал кеңейтіліп, Орал қаласында 1,3 шақырым арық орнатылған. Бәйтерек ауданындағы Чирово су қоймасы жөндеуден өткен.
Төтеншеліктердің айтуынша, Деркөл, Жақсыбай, Қалдығайты, Өлеңті және Қайынды өзендерінің арналары кеңейтілген. Бұдан бөлек, Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде төрт автоматтандырылған гидробекет орнатылған. Қазіргі уақытта Орал қаласында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ автожолдарда 162 су өткізу құбыры орнатылып, ауыстырылған.
«Су тасқыны жағдайына мониторингті жақсарту мақсатында қосымша 10 гидробекет ашылды. Оның ішінде Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде үш автоматтандырылған бекет жұмыс істейді. Биыл тағы екі жаңа гидробекеттің құрылысы басталады», – деді Жанболат Жаншин.
Қазіргі таңда өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аумағы 12 мың шаршы метр жерде мұз жарылған. Жұмыстар аяқталған соң жауапты мердігерлер кезекшілік ұйымдастырады.
Сонымен қатар облыс аумағында қар шығару және су өткізу жүйелерін тазарту жұмыстары жалғасуда.
«Қазіргі уақытта 937 мың текше метр қар шығарылды. Автожолдарда 140-тан астам су өткізу құбыры, елді мекендерде 147 шақырым арық тазартылды», – деді Жанболат Жаншин. Бұдан бөлек, 8,3 мыңнан астам ойық бұрғыланып, 518 шаршы метр мұз кесу, 10 мың шаршы метр жер қаралау және 385 шаршы метр қамыс шабу жұмыстары жүргізілген.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында төтенше жағдайларды жою үшін арнайы күштер мен құралдар дайындалған. Жаншиннің мәліметінше, өңірде 2 009 техника, 128 жүзу құралы, 482 мотопомпа және 4 568 адам жеке құрам әзір тұр. Орал қаласы мен аудан әкімдіктері 7 062 тонна инертті материал, 336 990 дана қап (оның ішінде 55 890-ы қапталған) және 423 тонна жанар-жағармай дайындаған.
«Жағдай күрделенген жағдайда Маңғыстау және Қызылорда облыстарының төтенше жағдайлар департаменттері мен Ақтөбе облысындағы әскери бөлімнен қосымша күштер тартылады», – деді ол. Қажет болған жағдайда 196 адам, 27 техника, 36 мотопомпа және 7 қайық жіберіледі.
Сондай-ақ халықты эвакуациялау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бүгінде облыста 32 мың адамды қабылдай алатын 317 уақытша орналастыру пункті дайын.