Желіде «Астана LRT» ЖШС басқарма басшысының аппарат жетекшісі Арғын Төлеутаев қарамағындағы қызметкерлерінің біріне жұмыстан шығарамын деп қорқытып жатқан видео тарады. Роликте басшы қызметкерден жұмысты орындамағаны үшін жауап сұрап жатыр, деп хабарлайды Вaq.kz.
«Мен сізді жұмыстан шығаратын себеп табамын. Түсінікті ме?» — видео дәл осындай сөйлеммен басталады. Онда «Астана LRT» ЖШС басқарма басшысының аппарат жетекшісі Арғын Төлеутаев қарамағандағы қызметкерге ұрысып жатыр. Жанжалдың себебі – топ-менеджердің өндірістік проблемаларды қайтадан талқылағысы келмеуі. Дәл осы сәт түсірілген видеоны Facebook-тегі «Астана, хочу похвалить/пожаловаться» тобына бастығынан сөгіс естіп тұрған маманның өзі жіберген.
Ал, роликтің басты кейіпкері Арғын Төлеутаев видеоның астына маған жала жабылды деген пікір қалдырды.
«Қайырлы кеш! Қарап отырсам, танымалдығым әр минут сайын өсіп жатыр. Таныс болайық. Мен – роликтің бас кейіпкерімін. Өзінің қызметкерлері тапсырманы орындамаған кезде ұрысатын дәл сол қорқынышты басшымын. Өзім туралы қысқаша айта кетейін: Астанада 2013 жылдан бері тұрамын. ШҚО тумасымын. Компанияда 2014 жылдан бері жұмыс істеймін. Үйленгенмін, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Бұл посттан мен не көріп тұрмын: менің қызметкерім қысқа видео түсірді және маған бүкіл қоғам алдында жала жапты. Пікірлерден не көріп тұрмын: ролик авторының қылығын дұрыс емес дегендерді қолдаймын. Ол үшін барлығыңызға алғыс айтамын. Шындық менің жағымда екенін бұған дейін жаздым және артында не болатынынан қорықпаймын. Мен ешкімнен тығылмаймын. P.s. Осындай танымал болып тұрғанымда блогер болуды жоспарлап отырмын. Барлығыңызға тек жақсылық және сәттілік тілеймін», — деді аппарат жетекшісі.
Видеоның астына пікір қалдырғандар екіге бөлінді. Бір топ Арғын Төлеутаевты қорғаса, екінші топ басшылардың осындай «қылығын» әшкерелеу керек дегенді алға тартты.
«Мен сізді және сіздің ұйымыңызды білмеймін. Бірақ кейде қызметкерлерден тек осындай жолмен нәтиже күтуге болады. Мұндайда ұрыс шығарудың қажеті жоқ. Сізді басшылығыңыз қолдайды деп үміттенемін. Басқаларға үлгі болу үшін оны (видеоны түсірген қызметкерді – ред.) жұмыстан шығару керек. Бекем болыңыз. Оқырмандардың көп бөлігі сізді қолдайды. Алдағы уақытта қызметкерлеріңізге ұрысатын кезде сақ болыңыз», — деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.