Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясы ұйымдастырған ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеруге бейімдейтін жоба мәреге жетті.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеуді көздеген «Бәріне ортақ журналистика» курсы биыл екінші рет өткізілді. Әлбетте, үш айдың ішінде бұл саланы жан-жақты меңгеру мүмкін емес. Біз жобаға қатысқандардың қаламын ұштап, өз-өзіне деген сенімін бекітуді мақсат тұттық.
Биыл курсқа қатысушылар газет редакциясынан бөлек, КТК телеарнасының жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Олар камера алдында өзін еркін ұстауды үйренді. Сұхбаттасу мен монтаждау жұмыстарының қыр-сырын меңгерді.
Біздің осынау бастамамыз шығармашылық әлеуеті мол, бірақ соны көрсете алмай жүрген өзге де ерекше жандарға үлгі-өнеге болса дейміз. Шын мәнінде, олардың мүмкіндігі шексіз!
Jas qazaq-тың бастамасына қолдау білдірген «Шеврон» компаниясына терең ризашылығымызды білдіреміз. Еліміздің түкпір-түкпірінде осындай жауапты да сауапты әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына тікелей мұрындық болып жүрген компанияның қызметіне табыс тілейміз!
Курсқа қатысушыларға телевизия жұмысымен танысуға жағдай жасап, ақпараттық қолдау көрсеткен КТК телеарнасына алғысымыз шексіз.
Тәлімгерлерге журналистиканың әліппесін үйреткен ұстаз-әріптестерімізге де ризашылығымыз зор.
Айнұр Сағынбайқызы, «Шеврон» компаниясының коммуникациялар және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі:
«Біз инклюзивтік саясатты қолдаймыз. Қазіргі таңда барлық адам білім алуға, оқуға, жаңа нәрселерді үйренуге құштар. «Шеврон» компаниясы экологияны сақтауға, әлеуметтік жобалардың өрісін кеңейтуге, жас ұрпақтың білім алуы мен жасыл экономиканың дамуына арналған жобалардың жүзеге асуына атсалысып келеді. Jas qazaq газетінің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобасына қолдау көрсету біз үшін өте маңызды. Курстың ерекше жандарға берері мол. Әрбір мүмкіндігі шектеулі жан – қоғамның бір мүшесі. Олар осы курс арқылы өздерін дамытып қана қоймай, жаңа дағдыларды меңгеріп, бойындағы ерекше қасиеттерін ашады. Өмірге бейімделіп, қоғамның маңызды бір бөлшегіне айналады».
Гүлһая Жуашбаева, тәлімгер:
«Журналистика маған таныс сала. Жұмысым мақала дайындаумен тікелей байланысты болатындықтан, мәтін жазу жағы маған қиын емес. Дегенмен бұл курста үйренгенім көп. Өзіме қажетті ақпараттарға қанық болдым.
Ең бастысы, жан-жақты дамуыма ықпал етті, өз мүмкіндіктерімді шыңдап, кеңейтуге үйретті».
Захра Маханова, тәлімгер:
«Мен бұл жобаға екінші рет қатысып отырмын. Биыл курстың ауқымы кеңейді. Өйткені газет редакциясымен қатар, КТК телеарнасының ғимаратында өткен сабақтарға қатыстық. Біз телеарнадағы жаңалықтар бөлімінің жұмысымен танысып, сұхбат алу, монтаждау жұмыстарымен таныстық. Одан бөлек, Jas qazaq газеті кәсіби түрде мақала жазуды үйретті. Алдағы уақытта журналистика саласында жұмыс істеуге ұсыныс түсіп жатса, қуана келісер едім. Журналистика жанры менің жан-дүниемді баурап алды. Әлі де үйренерім көп».
Эльмира Оразбақова, тәлімгер:
«Кітапханашы болғандықтан, мақала жазу, мәліметтерді іздеу, аударма жасау жұмыстары маған таныс. Бірақ «Бәріне ортақ журналистика» курсына қатысқан күннен бастап журналистиканың сан қырлы жанрлары туралы мәлімет алдым. Өзіме таңсық көптеген дүниелермен таныстым. Ең ұнағаны спорт саласының ардагерлері мен өнер адамдарымен сұхбаттасу болды. Олардың өмір жолымен танысып, балалық шақтың қызықты оқиғаларын тыңдап қана қоймай, қағаз бетіне түсіру – мен үшін үлкен тәжірибе. Бұл курс маған қатты ұнады.
Журналистика саласына бала кезден қызығатынмын. Азғантай уақыт ішінде өзімді журналист ретінде сынап көрдім. Әсіресе, камера алдында сөйлеу, жаңалықтарды оқу – курс барысындағы ең қызықты сәттердің бірі дер едім».
Айдана Мейіржанова, тәлімгер:
«Журналистика курсы туралы алғаш рет естігенде қатысуға бірден келісім бердім. Бірінші сабақтан бастап курсқа қызықтым. Өйткені мұнда тәжірибеге басымдық берілді. КТК телеарнасында жаңалықтар бөлімінің қызметімен танысып, монтаждау бөлмесінде бір сюжеттің қалай жасалатынын көрдік. Сол сәтте бірден туындаған сұрақтарымды телеарна тілшісіне қойып, сұхбат алдым.
Өзіміздің дайындаған шағын жазбаларымыз газет бетінде және сайтында жарияланды. Курстан көп нәрсе үйрендім, әлі де үйренерім көп».
Бақкелді Ұпан, тәлімгер:
«Мен бұл жобаға Қонаев қаласынан қатыстым. Негізгі сабақтарға қатысу үшін Алматыға арнайы келіп жүрдім. Ал тәжірибеге қатысты тапсырмаларды онлайн алып, орындадым. Өзім банк саласында қызмет етсем де, журналистика саласы маған өте қызық болды. Әсіресе, курс барысында ақпарат жазу, өңдеу, орыс тілінен аудару, инфографика жасау сынды тың дүниелерді үйрендім. Тәлімгерлер кез келген уақытта қолдау білдіріп, бізді толғандырған барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріп отырды. Бұл курстан мен нақтылықты, тиянақтылықты үйрендім. Журналистикаға маманданған жандардың өз ісіне тыңғылықты екені тәнті етті».
Ақниет Жүнісбекова, тәлімгер:
«Осы курс басталған кезде Абай атындағы ҚазҰПУ-нің физика-математика факультетін тәмамдап жатқам. Журналистика курсы мені өзіне баурап алды. Өзіме мүлдем бейтаныс саланы меңгеремін деп тіпті де ойламаппын. Бірақ сабақтың қызық болғаны соншалық, апта сайын асыға күттім. Газетке ең алғашқы шағын мақалам жарияланғаннан кейін, құлшынысым арта түсті. Журналистиканың сан-салалы жанрлары баурап әкетті. Біз курс барысында мақала жазудан бөлек, адамдармен қарым-қатынас орнату, сұрақ қою, газеттің дизайнын жасау мен видео ақпараттарды монтаждауды үйрендік. Қай жанр болмасын, осы саланың ең үздік мамандары бізге дәріс берді, әрдайым қолдау білдірді. Журналистика саласы туралы толыққанды ақпарат алдық. Бізге осындай мүмкіндік берген жоба демеушісі мен ұйымдастырушыларына алғыс білдермін. Осындай әлеуметтік жобалар жыл сайын жалғасын тапса деген тілек бар».
Жанерке Төлеген, тәлімгер:
«Бәріне ортақ журналистика курсы маған көп септігін тигізді. Курс сабақтарына Орал қаласынан онлайн қатыстым. Тәлімгерлер апта сайын журналистиканың жанрларын түсіндіріп, бірден тапсырма беріп отырды. Мен курс аясында қаламымды шыңдап, көкейімде жүрген ойларымды қағаз бетіне түсірдім. Бізге мүмкіндік берген курс ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Осындай әлеуметтік жобалардың жалғасын тапқанын қалаймын. Біз сияқты ерекше жандарды қоғамға бейімдеп, өз мүмкіндіктерін қолдануға демеу болғандарыңызға рақмет».
Дайындаған
Мақпал Ноғайбаева
Суреттерді түсірген
Ғалия Қалиева,
Айдос Құсайынұлы