Бүгінде жас жұбайлардың неке қию рәсімінде қалыңдыққа қаратып: «күйеуіңнен мәһірге не талап етесің?» деп сұрау дәстүрге айналып барады. Бұл бізге қайдан келді, мәһір деген не – ол жағын ешкім ойланып жатқан жоқ. Қалыңдықтың қалаған затын жігіт қайтсе де әперуі тиіс. Тимей тұрып алып қалайық дей ме екен, қызыл-жасыл дүниеге көз тіккен арулар да қымбат нәрсеге «тапсырыс» береді.
Өткен аптада болашақ жарынан қымбат көлік сұраған бойжеткеннің мешіт ішінде сопайып жалғыз қалғаны туралы әңгіме желдей есті. Той күні белгіленіп, екі жақ та қызу дайындалған. Бірақ екі жас мәһірдің кесірінен екіге айрылыпты. «Маған мұндай ашкөз әйел керек емес» деп болмай қалған күйеу жігіт теріс бұрылып кетіп қалды.
Көпшілік «қыздың аузы арандай екен» деп жерден алып, жерге салды.
Ал қымбат дүние талап еткені үшін болашақ жарын тастап кеткен жігіттің әрекеті ше? Дұрыс па, бұрыс па? Ол жігіт өзіне жар таңдағанда кімге үйленетінін білмеді ме? Болашақ жарымен ертеңгі күніне жоспар құрмады ма? Неке қиюға бармай тұрып, неге келісіп алмады екен…
Өйткені қыздың ары, намысы тапталды. Ата-анасы жер шұқып қалды. Жігіттің әке-шешесіне де оңай тимегені анық.
Мәһірге қатысты Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы былай дейді:
«Әлеуметтік желіде талқыланып жатқан мәселеге қатысты айтарымыз: біріншіден, бұл, өкінішке қарай, қыз тәрбиесін жіберіп алғанымыздың бір көрінісі. Екіншіден, жігіттің өз эмоциясын басқара алмауы деп есептеймін.
Әйтпесе, имамдар неке қию рәсімінде мәһір сұраған кезде жігіттің жағдайын ескеру қажеттігін айтып-ақ келеді… Бұл мәселеге қатысты қабылданған пәтуа үкімінде осы жайт ескерілген.
1. Мәһір – қалыңдықтың ақысы. Келісілген мәһірді бермеу – күнә;
2. Мәһір ақшалай немесе заттай беріледі. Оның сипаты мен мөлшері анық көрсетілуі керек;
3. Мәһірдің ең аз мөлшері 10 дирхам, яғни 4,25 грамм алтын немесе оның құнына тең болуы тиіс. Жоғарысының шегі жоқ, бірақ оны екі жақтың жағдайына қарап белгілеген орынды;
4. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады».
Бұл туралы жастарымыз біле ме? Әй, білмейді-ау. Әйтеуір, мәһір беру туралы біреу бастаған да, әрмен қарай жұрт арасына тарап кеткен. Әйтпесе, ата-әжемізден де, ата-анамыздан да мәһір туралы естімеппіз.
«Қазір жас қыздар мәһірге iPhone13 сұрайды. Ол бес жылдан кейін кірпіш болады, лақтырып тастайсың. Қазір жаһандану заманында прогресс күшті жүріп жатыр. Бес жыл бұрынғы нәрсеге күлесіз. Сол сияқты мәһір деген де құндылық, көңіл», – дейді имам Нұрлан Бекжігітұлы.
Иә, «мәһір» тақырыбы қоғамды дүр сілкіндірді. Неше түрлі әзіл-шыны аралас әңгімелерді туындатты. Бірақ қандай да бір мәселе туындағанда таяқтың екі ұшы болады. Жігітті мақтап, қызды даттағаннан (немесе керісінше) ештеңе шықпайды. Біз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек.
Неден қателестік? Ұрпақ тәрбиесінде ме? Отбасы құндылығын түсіндіре алмадық па? Әлде бұл жағдайды екі жастың ақымақтығына балаймыз ба? Қалай болғанда да, тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген қыздардың құлағына алтын сырға: мәһірді сұрарда абай болыңыз. Әйтпесе, некесі қиылмай қалған бойжеткеннің кебін киесіз!
Мақпал Махаметқызы