Банк салымы – ақшаны сақтау мен көбейтудің дара жолы

17 сәуiр 2021, 10:32

Өмірде өзіңе-өзің сенімді болып жүргенге не жетсін! Бірақ адам тағдыры тосын сыйлар мен сынақтарға толы ғой. Әсіресе, болжауы қиын болашақ, адам көңіліне әрі үміт әрі күдік ұялататыны белгілі. Дегенмен қай заманда болмасын, адамдар болашаққа сеніммен қарауға тырысады. Ал бүгінде көңілге сенім ұялатар құралдардың бірі – ақша екені даусыз.

Ақша – кез келген тауар мен қызметтің құнын білдіретін, айырбас құралы қызметін атқаратын, жалпыға бірдей балама тауар.

«Ақша санағанды жақсы көреді», — деген сөз бар. Шынында да ақша адамды өмірге есеппен қарауға бейімдейді. Ақшаны үнемдеп, есеппен жұмсай білетін адам оны жинай да біледі.

Мамандардың айтуынша, әрбір адам айлық табысының 10-20 пайызын болашаққа деп жинап отыруы тиіс. Бұл ретте ақша жинаудың ең қарапайым және қолжетімді әдісі — банк салымы.

Әрине, қолда бар ақшаны инвестициялаудың басқа да жолдары жетіп артылады. Мысалы, биржа арқылы акция, облигация сатып алуға болады. Бұл қаржы құралдарының табыстылығы едәуір жоғары болуы мүмкін. Бірақ тәуекелі де жоғары болатындығы сөзсіз. Сондықтан форвард, фьючерс, своп секілді қаржы құралдарын айтпағанның өзінде, акция мен облигацияларды сатып алу үлкен біліктілікті, қаржылық сауаттылықты талап етеді.

Ақшаны әр түрлі валюта сатып алу арқылы жинауға да болады. Бірақ мұны жақсы табыс көзі деп айту қиын. Өйткені валюта бағамы әр кез құбылып отырады. Сондықтан «жеткілікті білім болмаса, тәуекелге барып, күрделі қаржы құралдарына ақша жұмсауға болмайды», — дейді мамандар.

Ақшаны үйде сақтап, жинауға да болады. Бірақ барынша қолжетімді болғанымен, мұндай әрекеттен пайда көре алмайсыз. Үйдегі ақша инфляцияның себебінен біртіндеп құнсыздана береді. Сол үшін қарапайым азаматтар үшін ақша жинаудың ең тиімді жолы – банк салымы болып қала бермек. Қазақстанның депозиттерге міндетті кепілдік беру қоры жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізу лицензиясын алған кез келген банктегі депозиттерге кепілдік береді. Тек ислам банкі жүйесіндегі салымдарға Қор кепілдігі қолданылмайды.
Бүгінде отандық банктерде ұлттық және шетелдік валютадағы салымдар «Мерзімсіз», «Мерзімді» және «Жинақ салымдар» болып үш топқа бөлінген. Үшеуінің де толықтырылатын және толықтырылмайтын, яғни үстінен ақша салуға болатын және болмайтын түрлері бар. Бұл ретте теңгелік салымдардың пайыздық мөлшерлемелері шетелдік валютада ашылған салымдармен салыстырғанда едәуір жоғары екендігін айта кеткен жөн.

Қолда бар ақшаның көлеміне және оны алдағы уақытта жұмсау мақсатына қарай белгілі бір салымды таңдауға болады. Егер ақша қомақты болса, сақталуына кепілдік берілген шекті сомадан асырмай, үш салымға бөліп салуға, тіпті әр түрлі банктерге орналастыруға мүмкіндік бар. Өйткені кепілдік әрбір банк бойынша жеке-жеке жүзеге асырылады.
Депозиттен керек кезінде мерзімінен бұрын ақша алып тұру үшін толықтыруға және мерзімінен бұрын ақша алуға шектеу қоймайтын мерзімсіз салымды таңдаған дұрыс. Оны кез келген уақытта толықтыруға және одан азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға болады. Бұл салым қомақты табыспен қамтамасыз етпесе де ақшаңызды инфляциядан қорғайды. Ал сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзімі аяқталғанша сақталады.

Мерзімді салым — пайыздық сыйақысы жоғары, үстінен ақша салуға және мерзімінен бұрын ақша алуға мүмкіндік беретін, әр түрлі мерзімдерге ашылатын өте икемді теңгелік салым. Тек мерзімінен бұрын жартылай немесе толығымен алу барысында сыйақысы төмендетіледі. Бірақ шот жабылмайды.

Жинақ салым – сыйақы мөлшерлемесі ең жоғары, қысқа және ұзақ мерзімдерге ашылатын, мерзімінен бұрын алуға болмайтын теңгелік салым. Егер салымшы жинақ салымын белгiленген мерзiм өткенге дейiн талап еткен жағдайларда, ақшасы толығымен қайтарылады, ал салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді. Бұл үшін банкке алдын ала өтініш беру қажет. Әрі қарай банк жинақ салымын салымшының талабы келіп түскен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен кейін беруге міндетті. Сондықтан бұл салым ақшасын банкке белгілі бір мерзімге салуды жоспарлаған және оны уақтысынан бұрын алмайтындығына сенімді салымшылар үшін өте қолайлы. Жинақ салымды нағыз тиімді инвестиция деуге болады. Өйткені ең жоғары сыйақы осы салымда.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры тарапынан кепілдік берілген өтем сомасы салымның түрі мен валютасына тікелей байланысты. Яғни, бұл шекті сома: шетел валютасындағы барлық депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеден; теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы банктің шоттардағы ақшалар бойынша – 10 миллион теңгеден; теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды. Бұл жерде бір айта кететін жәйт, шетел валютасында ашылған салымдар бойынша өтемді Қор банк лицензиясынан айырылған күнгі валюта бағамы бойынша теңгемен есептеп төлейді. Сондай-ақ салымшының бір банкте салымдардың түрі мен қандай валютада ашылғандығына қарай әртүрлі депозиттері бар болса, олар бойынша Қор кепілдік беретін ең жоғары жиынтық сома – 15 миллион теңге.

Бүгінде елімізде банк салымдары тұрғындар арасында жылдан жылға танымал болып келеді. Оған мына статистикалық мәлімет дәлел бола алады: 2020 жылдың басында жеке тұлғалардың отандық банктердегі депозиттерінің жалпы көлемі 9,3 трлн теңге болса, 2021 жылдың басына қарай 10,9 трлн теңге болды. Бір жыл ішіндегі өсім 1,6 трлн теңгені немесе 17 пайызды құрады.

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?