«Балуан Шолақ» фильмі немесе қазақтың бұлшық еті туралы туынды

04 тамыз 2017, 12:32

«Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек».  

(Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан)

«Сегіз қырлы, бір сырлы»

«Бұл күнде отыз бесте менің жасым,

Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.

Кешегі сентябрьдің базарында

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын».

Бұл – алашқа ән оздырған атақты Балуан Шолақтың әні. Балуан Шолақ Баймырзаұлы таңғажайып композитор, әнші, ат құлағында ойнайтын шебер болған. 35 жасында 51 пұт (816 кг) кірдің тасын көтеріп, жұртты қайран қалдырған. Араға 14 жыл салып, яғни 49 жасында 1 тонна 70 келі (67 пұт) тартатын тасты көтеріп, әудем жерге апарып қойған екен. Ғасырдан астам аса уақыт бойы жел мен судың өтінде, күннің ыстығында мүжіле бастаған қара тас қазір Жамбыл облысы Шу ауданында тұр.

Жазушы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» еңбегінде палуанның тұлғасы айрықша суреттеледі. Онда:

«Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді. Аттың үстінде «шайтандай», зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, ағаш үйдің қабырғасын басыман сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп етеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып, киінеді, қыздың қалыңмалына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе, «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің әншісі, саусақ біткеннің домбырашысы және сырнайшысы, жүрген жері ойын-сауық…» – деп келтіреді.

Міне, осындай алып күш иесі болған Нұрмағанбет Баймырзаұлы туралы фильм түсіріліп жатыр. Соңғы жылдары отандық кинематографистер тарихи-биографиялық жанрдағы фильм түсіруді қолға алғаны байқалады. Соның бір дәлелі – осы «Балуан Шолақ» фильмі.

Әр режиссер экранда бейнесін жасағысы келетін тарихи тұлғадан өзіне үндестік іздегісі және тағдырынан сабақтастық тапқысы келетін сияқты.  Режиссердің сөзінен  фильмді түсірудегі мақсаты айқын және кейіпкеріне деген көзқарасын  аңғарамыз. Нұргелді Садығұлов бұған дейін көптеген деректі фильм мен қарапайым адам тағдырын баяндайтын картина түсіргенімен, тарихи тұлға туралы ауқымды толықметражды көркем фильм жасамаған режиссер. Десе де, «Қазақфильм» басшылығы бұл жобадан жақсы туынды шығатынына сенім білдіріп отыр. Олай дейтініміз, фильмнің сценарийін кинода ойып алар орны бар жазушы, драматург Дулат Исабеков жазған. Жазушы есімімен көз алдымызға «Гауһартас» көркем фильмі келетіні анық. Қазақ кино жауһарының біріне айналған «Гауһартас» фильмі қазақы болмысты айнытпай көрсете алған бірден-бір туынды. Араға біраз жыл салып, қаламгер өзінің «Жаужүрек» пьесасы негізінде жазылған «Балуан Шолақ» фильмі де болашақта қазақ көрерменінің жүрегінен орын табады деп сенеміз. Бір қызығы, фильмнің әдеби сценарийінен бастап режиссерлік сценарийге дейін қазақ тілінде жазылуы және түсірілім тобы түгел қазақ тілінде сөйлейтін мамандар. Мұндай жылылық «Қазақфильм» тарихында болмаған. Бұрын түсірілетін фильмдердің барлығы дерлік орыстілді мамандардың қолынан шығатын. Алайда «Балуан Шолақтың» шығармашылық тобы бұл стереотипті бұза білді.

Осындайда жазушы, драматург Смағұл Елубайдың «Өзге ұлттың араласуымен өз ұлтыңның тарихы туралы фильм жасай алмайсың» – дегені еске түседі екен.

«Балуан Шолақ» көркем фильмінің режиссері ретінде Нұргелді Садығұлов бекітілген. Ол «Мен Балуан Шолақ тұлғасына 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүргенімде қатты қызықтым. Сол кезден бастап осы кісі жайлы фильм түсіргім келді. Балуан Шолақтың бойында ақындық, серілік, әншілік және алып қара күш бар. Оның еліне, жеріне, отанға деген махаббаты әрқайсымызға үлгі боларлық. Менің ойымша, бүгінгінің жастары Балуан Шолақтай ерді білуге тиіс».

Балуан Шолақ бейнесін экранға алып келу үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Бастысы, түсірілім тобы палуанның тұлғалық қасиетін түсіріп алмай, биік дәрежеде көрсетуді мақсат тұтқан. Сол себептен де, түсірілім тобы Балуанның ұрпақтарымен тілдесіп, оның тағдырын зерттеп, мол ақпарат жинады. Соның негізінде режиссер фильмде Балуанның өмір хронологиясын емес, оның өмірінде орын алған ерекше оқиғаларды бір-бірімен қабыстыруға тырысады. Сценариймен таныса келе, режиссер Балуанды ел азаматы ретінде танытқысы келетіні байқалады. Мәселен, сценарийде Балуан Шолақ қазақ ауылдарын келімсектерге тартып алып беруге қарсы шығып, уезд бастығының қызын тұтқынға алып, ауылды қазақтарға қайтаратын сахна бар.

Режиссер фильмнің бас кейіпкері – Балуан Шолақтың рөліне актерді көп іздеген. Кастингке кәсіби актерлермен қатар спортшылар да қатысқан. Бірінің дене пішіні сәйкес келмесе, екіншілерінің образ жасауда шеберлігі жетпеген. Көп сынақтан соң Балуан Шолақтың рөліне актер Еркебұлан Дайыров бекітілді. Балуанның образына сәйкес келуі үшін актер күрестен дәріс алып, он келі салмақ қосыпты. Еркебұлан Дайыров: «Рөлге мені таңдағаны үшін режиссерге алғысым шексіз. Ұлтымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақ образын жасау – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Бұл рөл физикалық және психологиялық тұрғыдан қиынға соғатынын жасырмаймын. Алайда образды алып шығам деп сенемін» – деді. Отаршылдық саясатқа қарсы шыққан асау қазақ туралы баяндалатын бұл фильм көрермен назарына ұсынылып, кино қоржынымызды байытады деп білеміз. Алайда күш атасына арналған алғашқы картинна «Қажымұхан» фильмінде орын алған кейбір олқылықтарды қайталамаса екен деген үмітіміз бар.

Көркем фильмнің көкжиегіндегі ой

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» президенті Бақыт Қайырбеков өз сөзінде «Балуан Шолақ» – тарихи жадымызды жаңғыртатын фильм. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әлеуметтің дамуы мен рухани жаңғыруы төңірегінде өзекті мәселелерге тоқталып кетті. Біз – киногерлер мемлекетіміз бен ұлтымыздың рухани жаңғыруы жолында еңбек етеміз. Үстіміздегі жылы өндіріске жіберілген фильмдердің көбі дерлік тарихи фильмдер. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында белгілеп берген бағдарлама арқылы Қазақстан кинематографистеріне үлкен жауапкершілік артып отыр. Біз, кинематографистер жүктелген міндетті абыроймен орындап шығуға тиіспіз» – дейді.

Тарихи тақырыптағы немесе тарихи тұлғалардың өміріне негізделген туындыларды түсіру күрделі. Әсіресе, көркем фильмде. Онда  көркемдік шындық пен тарихи шындық біріне-бірі қарсы келіп қалу қаупі бар. Осы орайда, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтен Балуан Шолақ сияқты тарихи тұлғаларды үлкен экранға алып келудегі ерекшеліктер жайында сұраған едік:

«Балуан Шолақ» әлі түсіріліп біткен жоқ. Фильм туралы алдын ала бірдеме айту қисынсыз. Бірақ режиссері жас жігіт. Қолынан іс келетін кәсіби маман. Сондықтан, жақсы картина шығатыны анық. Тарихи фильмдерді түсірудегі ең басты шарт: тарихи деректерге қатты сүйену керек. Көркем фильм түсіргелі жатқан жағдайда қиялға шомып кетпеу керек. Өмір шындығы мен өнер шындығын теңестіре білу керек. Өмір шындығын өзгертпей дамыта білген жөн. «Аманат» фильмінде Конфуцийдің: «Тарихты тұлғалар жасайды, ал кішкентай адамдар оны көшіреді» –  деген сөзін әдейі қостық. Соңғы кездері біздің көрші елдер тарихты өз ыңғайына қарай қайта жазып жатыр. Ол жақсылыққа апармайды».

Сатыбалды Нарымбетов соңғы жылдары еліміздің кинематографистері тарихи тақырыпты қолға ала бастағанына ризашылығын былай жеткізді: «Қазір қазақ өзін-өзі тану үстінде. Біз, қазақтар Октябрь көтерілісінен кейін ғана пайда болған жоқпыз. Қаншама ғасырлар бұрын қалыптасқан, тарихы бай ұлт екенімізді түсіне бастадық. Бұл бірінші фактор. Ал екінші фактор, менің немерелерім біздің өткенімізді білуі үшін тарихи фильм түсіруім қажет. Өткенін білмеген, «жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» болмай ма?» –  деді. Расында, жаһандану заманында өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ өзге ұлттың идеологиясының жетегінде кету қаупі бар бүгінде. Бұл үрдіске төтеп беру үшін кинематографистер өскелең ұрпақтың сұранысын қанағаттыратын контент,  яғни фильм ұсынуы қажет.

 

Тамыры тереңге тартқан

Жалпы тарихи фильмге ден қою үрдісі біздің елде ғана емес, посткеңестік мемлекеттердің барлығына тән көрініс. Оның себебі, кеңестік құрсаудан босаған ел өз ұлтының тарихын қайта қопаруға, өзге рең беруге ұмтылысымен түсіндіруге болады. Көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанда бірқатар тарихи тақырыптағы картина түсірілді. Мәселен, «Викинг» (Ресей), «Құрманжан датқа» (Қырғызстан), «Әмір тағдыры» (Әзербайжан), «Кавказ үштігі» (Грузия), «Пір әйел» (Армения) және тағы басқалар.  (Шетел фильмдерінің атауы шартты түрде аударылды). Десе де сан жағынан және тағылымдық тұрғысынан тарихи фильмдерді өндіруде Қазақстан алдыңғы қатарда тұр. Осы орайда, «Қазақ хандығының» 550 жылдығына орай Президент Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен түсірілген «Қазақ Елі» сериалының кинонұсқасы «Алмас қылыш» фильмін тілге тиек еткіміз келеді.

Фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш «Қазақ хандығы» сериалы халқымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хат келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желі арқылы жылы лебіз алдық. Көптеген пікірталас болды және сын да айтылды. Осы жобаның жалғасы түсірілгенін біз де қарапайым көрермен де қалап отыр. Мен үшін мұндай жобаны түсіру үлкен жауапкершілік пен мақтаныш. Сондықтан, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» деген шартты атаумен сериалдың екінші маусымын қолға алғанымыз туралы қуана хабарлаймыз», –  деді. Режиссердің сөзіне және әлеуметтік пікірге сүйенетін болсақ, көрермен сапалы тарихи туынды көргісі келеді. Бүгінде қазақ кинематографистері тарихи туынды жасауда көп тәжірибеден өтті.

Жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай «Бұрындары көлемді картинаны түсіру үшін шетелден арнайы маман шақыртатын едік. Бүгінде қазақ кинематографистері, кәсіби мамандар, техникалық база да жетерлік. Осы орайда, Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш» фильмі және қазақ киносының ақсақалы Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманаты» шетелдік мамандардың көмегінсіз түсірілгенін айта кеткім келеді. Өз тарихымызды өз сөзімізбен, өз жүрегімізбен толғаған өнер туындысы болды бұл фильмдер. Мінеки, біз тарихи драмаларды өз қал-қадірімізше көтере бастадық. Ендігі мәселе, тарихи туындыларды әр екі жылда біреуін түсіруіміз керек. Мысалы, биыл «Балуан Шолақтың бейнесін таспаға алу қолға алынып жатыр. Бұл да үлкен жұмыс болады. Тарихи фильмдерді көптеп түсіру туралы ойымды Қазақстан Президентінің алдында көтердім. Қазір Елбасы да, халық та сенім білдіріп отыр. Қазақ киносының алтын ғасыры енді басталды» – деді.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан да қазақ киносына үлкен көмек көрсетіліп отыр. Қазақстан киноға қаржы бөліп отырған санаулы мемлекеттің бірі. Бұл отандық кинематографистерге берілген зор мүмкіндік. Осы мүмкіндікті кинематографистер ұтымды пайдалана отырып, тарихымызды тануда өз үлесін қосуы керек. Қазақтың тарихы киноға сұранып-ақ тұр. Олай болса, өткен шежірелі тарихымыздың экрандық бейнесін өскелең ұрпаққа өнеге ететін уақыт туды.

 

Айнұр Исаева,

«Қазақфильм» киностудиясы баспасөз қызметінің жетекшісі

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала