Көнеден бізге жеткен қанатты сөздің бірі «Балқан, Балқан тау, ол да біздің барған тау» деген жыр жолдары. Ерте заманды былай қойғанда кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде ата-бабаларымыз шайқаса отырып, Еуропаны азат етуде осы Балқан тауларына дейін барған екен. Бір кезгі Югославия мен оның астанасы Белград үшін болған қанды шайқастарға Қазақстанда жасқталған 73-ші гвардиялық Сталинград-Дунай Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы қатысты.
Жалпы, бүгінгі таңда Югославия үшін ұрыстарда қаза тапқан немесе іс-түссіз кеткен 200-ге жуық қазақстандықтардың есімдері белгілі. Жаңа деректерді іздестірумен «Аtamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі айналысып жатыр.
Ақпан айының соңғы күндері «Марибордағы Екінші дүниежүзілік соғыстың халықаралық зерттеу орталығының» (Словения) қолдауымен Белград қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай халықаралық симпозиум болып өтті. Симпозиум жұмысына Қазақстанмен қатар Сербия, Словения, Ресей Федерациясы, Босния және Герцеговина секілді мемлекеттердің өкілдері де қатысты.
«Аtamnyn Amanaty» ҚБ басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев өз сөзінде алқалы жиынға келген сарпашылар қауымдастығын қазақстандық бірлестіктің қызметімен, сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыс барысында іс-түссіз кеткен және қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді жүйелі іздестіру миссиясымен егжей-тегжейлі таныстырды.
Сонымен бірге, қазақстандық қоғам белсендісі симпозиумға қатысушыларды еліміздегі өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны туралы да хабардар етті.
Кездесу қорытындысы бойынша «Аtamnyn Amanaty» ҚБ және «Морибордағы Екінші дүниежүзілік соғыстың халықаралық зерттеу орталығы» ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Қазіргі таңда біздің еріктілер жоғарыда аталғандай Сербияда қаза тауып, бауырластар зиратында жерленген 200-ге жуық отандастарымыздың тікелей ұрпақтары мен туыстарын ел ішінен іздестіруде.
Алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Балқанда қалған боздақтардың елде тұратын туыстары да табылып жатыр. Соның бірі Сербияда жерленген Сыр өңірінің тумасы Биман Кушкумбаевтың (тегі құжатта осылай жазылған) ұрпақтары қазір Қазалыда тұрады екен. Артынша Қарағанды облысынан Абдуғалиев Қажкаримнің туыстары табылды. Олар енді жер қарайып, жаз шықса аталарының басына барып, бір уыс топырақ салып қайтпақшы.
Қазір «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің халықаралық істер жөніндегі үйлестірушісі Ардақ Закиева Сербиядағы Қазақстанның консульдығымен бірге осы мәселемен айналысып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, із-түссіз кеткен отандастарымызды іздестіруде бізге үнемі қолдау көрсетіп жүрген ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Еуропа мемлекеттеріндегі біздің Елшілік басшыларына зор алғыс сезімін білдіреміз.
Әбубәкір Смайылов,
«Аtamnyn Amanaty» ҚБ Басқарма төрағасының орынбасары