jasqazaq.kz

Баласын гаражда туып, тастап кеткен қазақстандыққа 110 мың теңге айыппұл салынды

16 наурыз, 12:13

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа туған нәрестесін гаражда қалдырып кеткен жас анаға сот 110 мың теңге айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2023 жылдың қыркүйегінде Ғабит Мүсірепов ауданында әйел гаражда босанып, нәрестесін сол жерде шкафқа жасырып кеткен.

Бұл оқиға бойынша баланы «қауіпті жағдайда қалдыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот өтті. 25 жастағы әйел жоғары білімді, тұрмыс құрмаған, бұрын сотталмаған, оның емізулі қызынан бөлек тағы бір кішкентай баласы бар.

Сот анықтағандай, былтыр қыркүйекте әйел гаражда босанып, жаңа туған қызын шкафтың ішіне, ішінде металл заттары бар сөмкенің үстіне қойып, кетіп қалған. Ол бұл туралы дәрігерлерге де, туыстарына да хабарламаған.

«Әйел бала қажет емес деп шешіп, түсік тастау үшін арнайы дәрілер ішкен. Жүктілігі туралы ешкімге айтпаған, есепке де тұрмаған», – делінген сот үкімінде.

Әйел соңына дейін жүктілігін жоққа шығарған. Анасы күдіктеніп, дәрігерге қаралуын өтінгенімен, ол бала күтіп жүрмегенін айтып сендірген.

2024 жылдың 19 қыркүйегінде жұмыста жағдайы нашарлап, медициналық пунктке барудың орнына үйіне кетіп қалады, себебі жүктілігін жасыруды қалаған. Үйде анальгин ішкенімен, ауырсыну басылмай, толғақ басталған.

Оның жағдайына алаңдаған анасы жедел жәрдем шақыртады. Дәрігерлер үйіне келгенде, ол тексеруден бас тартып, айқай-шу шығарып, гаражға қашып кетеді. Ақ халаттылар амалсыздан қайтып кетеді.

«Гаражда босанған кезде бала жерге құлап түскен. Ол сәбидің кіндігі қай уақытта ажырағанын есіне түсіре алмады. Босанғаннан кейін баланы қолында 10-15 минуттай ұстап тұрған. Сол сәтте гаражға анасы кіріп келеді, бірақ қызы оған арқасымен тұрғандықтан нәрестені байқамайды. Анасына дүкеннен гигиеналық заттар алып келуін сұрап, ол баланы шкафқа салған», – делінген сот материалында.

Анасы кейін туысқанына хабарласып, ол акушерді шақыртқан. Әйел қан кету себебімен жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлер оның жақында босанғанын анықтап, жаңа туған баланы іздеуге кіріседі.

«Анасы дереу гаражға барып, сөмке үстінде жатқан баланы тауып алды. Нәрестені халатқа орап, үйге алып келіп, жастыққа жатқызды. Қыз баланың денесі тоңып, дыбыс шығармай жатқан. Анасы оны өлі деп ойлайды, бірақ кейін ернін қимылдатып, тіршілік белгісін көрсетеді. Сөйтіп оны қолына алып, денесін жылыта бастаған. Кейін медицина қызметкері келіп, кіндігін байлап, баланы ыстық суға салып, денесі жылытқан. Содан соң ауруханаға алып кетті», – делінген сот шешімінде.

Дәрігерлер нәрестеге «туу кезіндегі ауыр гипотермия» диагнозын қойды, денесінде жарақаттар анықталмады.

Сот отырысында әйел баланы өлтіру ниеті болмағанын айтты. Дәрігерлер мен туыстарына неге хабарламағанын білмейтінін, ол кезде қорқыныш сезінбегенін, бірақ қазір баласы үшін қатты алаңдайтынын мәлімдеді.

Сот бұл отбасының тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

«Заңды өкілдің айтуынша, айыпталушы өз кінәсін толық мойындады, бала қазір оның қасында, сондықтан отбасының амандығы үшін оған қатаң жаза тағайындамауды сұрайды», – делінген сот қаулысында.

Қылмыстық кодекстің 119-бабы («Қауіпті жағдайда қалдыру») бойынша 100 АЕК-ке дейін (393 200 теңге) айыппұл немесе 45 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Мемлекеттік айыптаушы сотта әйелге айыппұл салуды сұрады.

Сотталушының жеке басы, жас мөлшері, мінез-құлқы, кінәсін толық мойындауы, кішкентай балаларының болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріліп, оған айыппұл тағайындалды.

«Сотталушы кінәлі деп танылып, оған 30 АЕК (110 760 теңге) көлемінде айыппұл салынсын», – деп үкім шығарды судья Ғабит Мүсірепов атындағы аудан сотының судьясы Ғалия Ертаева.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда