Жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Әдеттегідей, тамыз айы киім-кешек пен оқу құралдарын алумен өтіп кетеді.
Біз мектеп формасын сататын ірі сауда орындары мен киім-кешек сататын базарларды аралап көрдік. Обалы не керек, мектеп формасының түр-түрі тізіліп-ақ тұр. Былтырғымен салыстырғанда, баға едәуір өскен. Оқу құралдарының да бағасы шарықтап тұр. Бір оқушыны бастан-аяқ киіндіру үшін 100 мың теңгеден де көп ақша жұмсауға тура келеді. Оған сөмке, дәптер, қалам сияқты асай-мүсейді қосыңыз. Оған шамамен 30-40 мың теңге жұмсалады десек, бір баланы мектепке дайындауға 130-140 мың теңге кетеді. Биыл азық-түлік бағасы ерекше шарықтаған кезде ата-ананың қалтасына кәдімгідей салмақ түсетіні айтпаса да түсінікті.
Сонымен ер балаларға арналған мектеп кәстөмі – 20000-25000 теңге, қыздарға бөліктен тұратын форма (кәстөм+юбка, шалбар) – 25000-35000 теңге, ақ жейде – 10000-15000 теңге, аяқ киім бағасы сапасына қарай 15000 теңгеден басталса, спорттық киім-25000-30000 теңге аралығында. Бұл – қаладағы ірі сауда орталықтарындағы бренд киімдердің бағасы. Ал базардағы баға 5000-7000 теңгеге арзан.
«Бізде бағалар киім сапасына қарай қымбатырақ. Түркия мен Бейжіңнен әкелінген фирмалық тауарлар. Бір тұтынушы баласына 150 000-200000 теңге көлемінде қаржы жұмсауы мүмкін. Сапаға сенім артып келетіндер бар. Отандық өндірушілердің өніміне де сұраныс жоғары. Бірақ олардың бағасы бізден де қымбат»,– дейді сауда орталығының сатушысы Алина Әлімбаева.
Алматыдағы «Барахолка» аталып кеткен базарда да адам қарасы көп. Саудагерлер сөрелерін мектепке қажетті киім-кешекпен, оқу-құралдарымен жайнатып қойыпты. Өзін Әлия деп таныстырған келіншек: «Өткен айда ғана 10 бет жазу дәптерін 15 теңгеден алғанмын. Ал бүгін сол дәптер 40 теңгеден сатылып жатыр. Мектеп формасын 20 000 теңгеге алдым. Оған кәстөм мен шалбар ғана кіреді. Әлі жейдесі, аяқ киімі мен сөмкесі, спорттық киімі мен керек-жарақтары тағы бар. Биыл мектеп жасында бір ғана балам қалды. Қайта алдыңғылары баға имантаразы кезде оқып алды. Жүз мың теңгеге шамалап келіп едім, мұндағы бағаларды көріп, есім шығып тұр», – деп қынжылды.
Алматы тұрғыны Сәуле Абайқызы да шарасыз. «Мен төрт баланың анасымын. Үшеуі мектепте оқиды. Бәрін бірдей мектепке жабдықтай алмаймын. Ортаншы қызым үлкен әпкесінің формасын киеді. Ал кіші ұлым биыл мектепке алғаш рет баратындықтан оған бәрін жаңадан алуымыз керек. Тамыз айы біздің отбасы үшін қарбалас. Қайта біраз керек-жарақтарын бір ай бұрын алып қойғаным дұрыс болыпты. Бүгін бағаларға қарасам, біршама өскен. Әсіресе, аяқ киімнің бағасы удай. Бірінші сыныпқа арналған спорттық аяқ киімді 18000 теңгеге алдым. Бұрын бұл бағаға екі аяқ киім келуші еді»,– дейді.
Қалай болғанда да, баланы мектепке дайындау – ата-ананың міндеті.
Соңғы ақшасын жұмсаса да баланың көңілін тауып, бәйек болатыны да сондықтан. Бірақ биыл бағаның аспандап тұрғаны-ай!
Мақпал Ноғайбаева
Марат Шибұтов, саясаттанушы:
«Меніңше, мектеп формасы онша керек емес. Бұл біздің жеңіл өнеркәсіпті жұмыспен қамтудың тәсілі ғана. Міндетті мектеп формасы балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті жоймайды. Өйткені қазір кімнің табысы қандай екенін байқау қиын емес. Мәселен, баланы қандай мәшинемен мектепке алып келеді, қай жерде тұрады, қандай смартфон ұстайды – бәрі көзге көрініп тұрады».