Білім саласындағы бітпейтін дау әлі күнге жалғасып келеді. Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында дипломды басып шығарып, тарата беретін мекемеге айналған жекеменшік жоғары оқу орындарына ең қатал шаралар қабылдануы тиістігін айтты. Шынында да, еліміздегі жоғары және кәсіптік-техникалық мамандар даярлауға қатысты түйткіл азаймауда. Айталық, бүгінге шейін бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексеріліп, 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылған. 12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілген. Ал күні кеше тағы да 5 университеттің заң талаптарын бұзғаны анықталды.
Кезінде берілген мүмкіндікті басқаша пайдаланған азаматтар бас-басына білім ордасын ашқан. Оқу орындары тек ақша жинаудан басқаны ұмытып кеткендей. Әсіресе оңтүстік өңірде ауданда университет ашып алғандар бар. Осының барлығы білім сапасына әсер етіп, қазір бармақ тістейтін жағдайға жеттік. Өкінішке қарай, кез келген шешімінің арғы жағында студенттердің тағдыры тұрғаны қолында билігі бар азаматтарды да толғандырмаған. Мұндай кемшіліктер қазір қоғамға қаншалықты әсер етіп отыр? Білім сапасы шын мәнінде алаңдатарлықтай ма? Осы секілді сауалдарға жауап іздеп, біз Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованы сөзге тарттық.
Jas qazaq: Сіз білім саласында ұзақ жыл қызмет істедіңіз. Бүгін болып жатқан жағдайдан хабарыңыз да бар. Реформаға қатысты көзқарасыңыз қандай?
Б.Хаменова: Менің ойымша, білім және ғылым министрлігін басқаруға осы саланың майын ішкен, тәжірибесі мол, елдің болашағы үшін қызмет етуге барын салатын, аса тәжірибелі әрі іскер адам керек-ақ. Өмірдің өзі осыны талап етіп тұр. Егер бұған ерекше көңіл бөлмесек, әлі біраз жыл кенжелеп қалуымыз бек мүмкін. Ал уақыт болса ешкімді күтпейді. Зымырап барады. Онымен бірге жастар, ел ертеңі өсіп келеді. Міне, солардың болашағын ойлау үшін бас ұстаз саланың отымен кіріп, күлімен шығуы тиіс.
Еліміздегі шектен тыс көп білім ордалары бізді озық елдер қатарына қоса алмайды. 18 миллион тұрғынға 132 жоғары оқу орны мен 824 колледж деген көптік етеді. Бізге керісінше сапалы маман даярлайтын ықшамдалған оқу орындары қажет.
Jas qazaq: Осы мәселеге неге ертерек көңіл бөлінбеді? Әу баста біз не қажеттігін, не қажет еместігін екшелеп алғанда, жұмысымыз жемісті болар ма еді?
Б.Хаменова: Мән берілді, айғайлап та айтылды. Бірақ нарық талаптарын ескермеу, ақылы оқудың соңына мықтап түсу осы деңгейге жеткізді. Қазір жекеменшік оқу орындарының саны 43 пайыз екен. Ондағы мыңдаған студенттің тағдырын бәріміз ойлауымыз тиіс еді. 191 мың ғана қыз-жігіт мемлекеттік тапсырыс аясында оқиды. Ал ақылы бөлімдердегі студенттерден қаншама қаражат жиналып жатқанын есептеп көріңіз? Сан болғанымен, сапа мәз емес. Әсіресе түлектерді жұмысқа тұрғызу күрделі мәселе. Әрбір төртінші түлек жұмыссыз жүр. Сондықтан, осы салада жүргізіліп жатқан тексеруді өз басым қолдаймын.
Осыған дейін 34 жоғары оқу орны, оның ішінде 22-і жоспардан тыс тексерілген. Сараптама көрсеткендей, көптеген ЖОО-ы заң талаптарын өрескел бұзған. Айталық, штат бірлігінің, тәжірибелі оқытушылар құрамының жетіспеуі, түлектерді жұмысқа орналастырудың нашарлығы, оқу бөлмелері мен жатақханалардың аздығы секілді кемшілік барлық жерде бар. Осыны ректорлар, директорлар жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ неге шешпеді? Айналып келгенде, барлығы жоғары білім стандартын ескермеуден шығады.
Өкінішке қарай, білім ордалары белгіленген шектен төмен балл алған абитуриенттерді білімі туралы құжатына қарамастан, ҰБТ тапсырған сертификатын сұрамастан, оқуға қабылдаған жағдай ұшырасады. Қатаң талап қана осындайға жол бермейді.
Jas qazaq: Жоғары оқу орындарының лицензиясын уақытша тоқтату өз алдына, мүлде қызметі тоқтатылса, қандай зардабы болуы мүмкін?
Б.Хаменова: Лицензияны ешкім түбегейлі тартып ала алмайды. Ол тек соттың шешіміне байланысты. Бүгінде Мәжіліс қабырғасында әкімшілік кодекс қаралып жатыр. Бәлкім, білім және ғылым министрлігі өз ұсынысын айтса, болашақта ЖОО-ларға қатысты талап күшейетін болар. Бірақ, мен көп нәрсеге күмәнмен қараймын. Өйткені, біз жалтақпыз. Қазір ЖОО-ынан кемшілік анықтап жатырмыз деді ме? Ол қандай университет, ректоры кім, қай жерден қателесті? Бәрін-бәрін ашық жарияласын. Жұрт білсін бәрін. Біздің мұндағы мақсатымыз – ақиқатты талап ету. Әділдік болған жерде ғана тура жолмен жүреміз.
ЖОО-лардың уақыт талабына сай болмауына тағы бір мәселе түрткі боп тұр. 10-20 жылдан бері университет, колледж басқарып отырған азаматтар бар. Әрқайсысының тәжірибесі мол дерлік. Оларды аймақтарда артта қалған, құлап жатқан білім ордасын көтеруге жіберейік. Жөнге келтірсін, түзесін, алдыңғы қатарға қоссын. Міне, мықтылықтың төркіні осында жатыр.
Айта кететін бір мәселе, бізге нақтылық жетіспейді. Жолымызды, бағытымызды айқындасақ қана жұрт министрлікке де, басқаларға да сенеді. Ал қазір «ондаған ЖОО-ларды тексеріп жатырмыз, қысқартамыз» дегеннен пайда жоқ. Құр дақпырттың, науқаншылдықтың қажеті жоқ. Жоғарыдан нұсқауды күтпей-ақ тірлік жасауға болатын еді ғой. Әрбір ректор, директор өз білім ордасын заманауи деңгейге көтеріп, әр студент оқу орнын мақтан тұтқанда ғана деңгейіміздің көтерілгеніне көз жеткіземіз. Осы жерде балаларды мектептен бастап кәсіби біліктілікке баулу, оқу стандарттарын жұмыс берушілермен бірлесіп жасау секілді бастамаларға мән беріп, көзбояушылықтың барлық түрінен арылған жөн.
Jas qazaq: Мұғалімдер даярлайтын оқу орнын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту керек деген пікірге қалай қарайсыз? Бұл маман тапшылығын одан әрі ушықтырып жібермей ме?
Б.Хаменова: Оптимизация жасасын. Сапалы маман дайындасын. Алайда мұғалімдер даярлайтын нақты білім орындарын жабуға қарсымын. Мүмкін, бұл деректердің шығуына педагогикаға қатысы жоқ кейбір ЖОО-лардың факультет, кафедра негізінде педагогтар даярлап жатқаны себеп болар. Біз қалайда мұғалім тапшылығы болмайтындай мүмкіндікті қарастыруымыз тиіс.
Өкінішке қарай, мемлекеттен алған грантты жабу үшін болашақ педагогтар қатарына кім көрінгенді қабылдап жатқандар бар. Бізде кейде керісінше жұмыс жүргізіледі. Мысалы, Елордада жалғыз педагогикалық колледж бар. Оның өзі біреуге сатылып кеткен. Осы мәселені Үкімет отырысында айттым. Әлі күнге бір адам жауап берген жоқ. Аса жауапты мәселеге бұлайша селқос қарауға болмайды.
Jas qazaq: Біз білім беру саласында ширек ғасырдан бері озық елдердің жақсысын үйреніп, жаманынан неге жирене алмадық?
Б.Хаменова: Меңгеріп жатырмыз, бірақ жүйелі емес. Бұл жағы дұрыс қолға алынбауда десек те болады. Бір мысал, дамыған елдерге барсаңыз, жоғары оқу орындарында ғылымға ден қойған, жаңалық ашуға құштар жастар оқиды. Біздегі жағдай салыстыруға келмейді. Бір мысал, Германия халқы бізден әлденеше есе көп. 100-ден аса ғана жоғары оқу орны бар. Соған қарамастан, жұмыс күші тапшы көрінеді. Бірінші кезекте дәрігер, IT мамандары, пойыз машинистері мен тас қалаушылар жетіспейді. Елдегі жоғары оқу орындарына жыл сайын жарты миллионға жуық жас түседі. Ал оларды бітірген қыз-жігіттер арасында жұмыссыздық 2 пайыз ғана. Потсдам қалалық сауда-өнеркәсіп палатасының директоры Вольфганг Шписс қазақстандық телеарнаға берген сұхбатында Бранденбург аймағында мамандар жетіспейтінін айтады. Осы мәселеге сауда-өнеркәсіп палатасы қол ұшын созып келеді. Тіпті кәсіпорындарда жастардың алыс қашықтықтан болса да білім алуына жағдай жасалған. Жұмысшы мамандығын насихаттау үшін мектептерде түрлі акция ұйымдастырылатынын, оқушыларды кәсіпорындарға апаратынын тілге тиек етті.
Міне, нағыз үйренетін тәжірибе. Ал күні кеше Президент жоғары оқу орындары түлектерінің 60 пайызы жұмыссыз екенін айтты. Мен оған 824 колледжді бітіргендердің 50-60 пайызы да жұмыссыз екенін қосар едім. Осыдан соң не айтуға болады?
Jas qazaq: Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Балалардың тағдырына неге селқос қараймыз? Әлде ата-ананың қалтасын қағуды ғана білеміз бе?
Б.Хаменова: Мұның тамыры тереңде. Ең алдымен, біз отбасында балаға не керектігін, қандай мамандықтың аса қажеттігін әлі күнге түсіндіре алмай келеміз. «Көршінің баласы прокурор болады, менің де балам прокурор, сот болсын» дегенді қою керек. Қазір қолына қос-қостан диплом алып бос жүрген заңгер, қаржыгерден аяқ алып жүре алмайсыз. Сондықтан баланың да ойын біліп, қандай кәсіпті қалайтынын ертерек ескеру керек. Мектеп жасынан өзіне қажетті мамандықты таңдаған бала өкінбейді. Әрі балы жетпеген баланы педагогикалық мамандықтарға жібере салуға болмайды. Мысалы, ЖОО-ға түсу үшін 60 балл жинау керек. Педагогикалық мамандыққа түсуге 50 балл жетеді. Оңай жолды таңдап, амалсыз педагог болған жас талантты балалар тәрбиелей алмайды. Сондықтан да болар біз әр баланың шырағын жаға алмай отырмыз.
Jas qazaq: Жоғарыда айтқанымыздай, түлектердің 60 пайызының жұмыссыз жүруіне не себеп? Олар өз мүмкіндіктеріне сенбей ме, әлде баратын жерінде жалақының төмендігінен қашқалақтай ма?
Б.Хаменова: Қазіргі кезде сапасыз маман ешкімге керек емес. Мен 15 жыл колледж басқардым. Білім ордаларының 43 пайызы жекеменшік деп жатырмыз ғой. Олар баланы қалай қабылдайды? Бала жоғары оқу орнына барады. Барған соң, сол жерден «пайдалы кеңес» алады. «Ресейдің бір жоғары оқу орнымен келісім бар. Сізді соған түсіреміз. Ақшаңызды қолма-қол алып келсеңіз, сол жаққа төлейміз. Ол жақта жарты жыл оқып, екінші жартыжылдықтан бастап біздің студентіміз боласыз» дейді. Міне, оқу орны өздері біле тұра, кемшілікке жол береді. Биыл осындай тәсілмен оқыған 37 мың студент елге қайта оралған. Бұдан бізде мемлекетшілдік рухтың төмендігін осыдан байқайсыз. Қысқасы, құлқынның құлы болып барамыз. Сананы ақша биледі. Әр бала елдің ертеңі, терегі екенін ескере бермейміз. Мен көпке топырақ шаша алмаймын. Дегенмен, сапа неге төмендеп кетті дегенде, осындай жағдай ойға оралады. Жұмыссыздық екі жаққа да ортақ кемшілік.
Jas qazaq: Халықаралық білім деңгейін зерттеу орталықтары елімізде білім деңгейі өте төмендегенін айтып жатыр. Осы үрдіс қашанға созылуы мүмкін?
Б.Хаменова: Егер қатаң шаралар қолданбасақ, бұл үрдіс ұзаққа созылады және зардабы ауыр болады. Сол себепті біз басы артық білім орындарынан құтылуымыз қажет. Өз тәжірибем бойынша айтайын, бізде қаншама инвестор бар. Солардың бірде біреуі жергілікті мамандарды жұмысқа алғысы келмейді. Алған күнде де оны өз орталықтарында қайтадан оқытады. Неге? Білім таяз. Оқытқан бағдарламамыз шетелдік өндіріс талаптарына сай емес. Университеттердің заманға сай білім бере алмауы осыған жеткізді. Өте қажетті маманнан гөрі әлі күнге топ-тобымен заңгер, қаржыгер даярлаудамыз. Нарық қандай маманға зәру екенін толық білмейміз. Мысалы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым министрлігі өзара келісіп, нарыққа қандай маман қажеттігін неге зерттемейді? Тағы бәр мәселе – оқу стандарттары. Оған миллиондаған қаражат жұмсалуда. Бірақ нәтиже жоқ. Негізінен, білім беру стандарты жұмыс беруші орынның стандартымен бірдей болуы тиіс. Мысалы, алпауыт компаниялар мұнайшы болғысы келген жастарымызды алмайды. Неге десеңіз, олар қолданатын құрал-саймандардың кейбірін біздің балалар көрмеген де. Демек, оқу орны өзінше оқытады. Жұмыс беруші біліктілігі жоғары маман іздейді. Оқу стандарттарын барлығы кеңесе отырып, қабылдау керек дегенім осыдан шығады.
Осы жерде жастарға да айтарым бар. Санаға сілкініс керек. Сабаққа қанағаттанбайсың ба, ұстазға, факультет басшысына, ректоратқа шағымдан. Өйткені, сен 500 мыңнан 1 500 000 теңгеге дейін қалтаңнан қаражат төлеп отырсың. Соны ата-ана ішпей-жемей аузынан жырып беріп отырғанын түсіну керек.
Jas qazaq: Қазір кейбіреулердің араны ашылып кетті ме, әлде қандай ережеге сүйенетіні белгісіз, әйтеуір, білім ордалары қалаған мамандыққа бала оқытатын болды. Осыған қалай тосқауыл қоямыз?
Б.Хаменова: Бұл таза министрліктің жұмысы. Жергілікті жерлерде бақылау комитеті деген бар. Солар лицензия береді. Осының бәрін ректорлардан сұрауымыз керек. Жауап берсін. Шындап келгенде, мәселені қолында билігі бар азаматтардан бастаған жөн. Қазір басы дауға қалған ЖОО-ы кезінде қалай ашылды, кім рұқсат берді? Сұрақ осыдан басталуы тиіс. Лицензия бердің бе, алты айдан кейін қара. Беталыс дұрыс емес пе, қайтарып ал. Шара қолдан. Әңгіменің төркіні сонда. Осындай бей-берекетсіздіктен мүлде жұмыс табылмайтын мамандықтар да оқытылуда. Бәріміз бір күндік мәселені ғана ойламауымыз керек. Нарық зерттелмейінше, қазіргі үрдіс жалғаса береді.
Jas qazaq: Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ