jasqazaq.kz

Балаларға үйірме керек

03 маусым 2022, 11:48

Биыл – Балалар жылы. Бірақ бұл жалаулатып түрлі мерекелік шаралар өткізу дегенді білдірмейді. Әр бала мемлекет тарапынан қандай да бір қамқорлықты сезінуі керек. Сондықтан балаларды бұқаралық спорт және шығармашылық үйірмелермен қамту жобасын әрмен қарай жалғастыру маңызды.

Өткен жылы балалардың түрлі үйірмелерге тегін қатысуына жағдай жасалғаны белгілі. Биыл тәп-тәуір басталған істің соңы айқай-шуға ұласты. Жыл басынан бері үйірмеге тегін қатысып жүрген балалар енді ақылы түрде баруға мәжбүр. Бір үйден 2-3 бала барса, ата-ананың қалтасын кәдімгідей жұқартып тастайды. Осы мәселеге қатысты бірнеше пікірді жариялауды жөн көріп отырмыз.

 

Дастан Алпысбаев, Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы Сөгеті ауылының тұрғыны:

«Осыдан біраз бұрын мәдениет үйінің спортзалында бірнеше спорт түрінен үйірме ашылды. Менің екі ұлым бар. Үлкені 3-сыныпта оқиды. Кенже ұлым бірінші сыныпты аяқтады. Үлкен ұл кішкентайынан спортқа жақын. Тегін үйірмеге балалар қабылдап жатыр дегенді естігенде бірден жаздырдым. Бокс секциясына үзбей қатысып жүрді. Тіпті қатысқанына көп болмаса да, қатарластарының арасында суырылып шықты. Аудандық турнирде жеңіп, облысқа жолдама алды. Шыны керек, баламыз көз алдымызда өзгерді. Спортпен айналысқаннан бері көп нәрсеге жауапкершілікпен қарайтынын байқадым. Өзінен кейінгі інісіне де қамқор бола бастады. Жақында оқу жылы аяқталды. Жазғы каникулда боксқа қатыстыра берейін деп ойлағам. Бірақ жаттықтырушысы тегін секцияның уақытша тоқтағанын айтты. Егер әрі қарай қатыстырғыларыңыз келсе, ақылы болады дейді. Ұлымды спорттан үзбейін деп ақылы қатыстыруға келістім. Бірақ ауылда көпбалалы отбасылар бар. Оларға ақылы үйірмелер қиын болайын деп тұр».

 

Қырғауыл Тәкейқызы, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, үйірме жетекшісі:

«Мемлекеттен қолдау болмаса, жағдайымыз қиын болайын деп тұр. Мектеп ішін үйірмеге сай дайындап, оқушыларға арналған қажетті құрал-жабдықтарға да қомақты қаржы жұмсалды. Бүгінге дейін 500-ден астам оқушыны түрлі үйірмелермен қамтыдық. Ұл балалар көбінесе спорт секцияларын таңдаса, қыз балалар шығармашылық үйірмелерге жақын. Әсіресе, би, домбыра тарту, сурет салу үйірмелеріне қызығушылық танытатындар көп. Осыдан екі ай бұрын мемлекет тарпынан қаржыландыру тоқтады. Біз тегін қатысып жүрген біраз балаларды үйірмеден шеттеттік. Қазір тек ақылы үйірмелер жұмыс істеп тұр. Біраз ата-ана шағым айтып, бізге келді. Мәселені шешу үшін аудандағы біраз кәсіпкерлерге де шығып көрдік. Олар көпбалалы отбасылардың бір баласына ай сайынғы үйірме ақысын төлеп тұруға келісті. Қазір мәселені жан-жақты шешуге тырысып жатырмыз. Біраз кәсіпкер осы мәселені көтеріп, облыс басшылығына да шықтық. Алдағы уақытта қаржы қайта қарастырылатынын айтты».

 

Дархан Байсейітов, балаларға спорттың қазақша күрес түрінен тәлім беретін жаттықтырушы:

«Мен ауылдық мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Былтыр бір кәсіпкер ауылдағы мәдениет үйінің спорт залынан тегін спорт үйірмелерін ашты. Бөлмелерді арнайы құрал-жабдықтармен толықтырды. Қазақша күрес үйірмесін жүргізуге ұсыныс түсіп, сабақтан кейінгі уақытты арнадым. Қосымша төлем де қарастырылған. Мектептегі күреске бейімі бар деген 10 -16 жастағы жиырма баланы іріктеп күрес секциясына қатыстырдық. Енді кәсіпкер қаржыландыру жағы тоқтағанын айтып, үйірмені уақытша тоқтатты. Қаржы бөлінсе, жалғасатынын жеткізді. Оның үстіне жазғы үш айлық демалыс та келді. Балаларды тараттық. Демалысты қалаға барып өткізетіндері де бар. Егер жалғасып жатса, каникул кезінде де балаларға жаттығу өткізуге болады. Өйткені спортқа қызығушылық танытқан бала жаттығуды үзбеуге тырысады».

Дайындаған
Мақпал Махаметқызы

Бүгін, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
Бүгін, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті