Шымкенттегі Еңбекші ауданындағы 18 шағын ауданда орналасқан №21 және №25 көпқабатты үй аулаларында балалар ойын алаңшасы тұрғындар игілігіне берілді.
Аталған аулаларды абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тікелей тұрғындардың ұсынысымен іске асырылды.
Ашылу салтанатына аудан тұрғындары, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жайшибеков , «Amanat» партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Г.Жартыбекова және Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты. Аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына белсенді атсалысуға шақырды.
Өткен жылы бағдарлама аясында 73 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, жеке секторда 6 кешенді балалар алаңшасы құрылды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,8 есеге өскен.
Әл-Фараби ауданы тұрғындары үшін де қос қуаныш. Түркістан көшесі №2/3 үйінің ауласы мен Қарасу шағын ауданы №23 көпқабатты үйінің аулаларында абаттандыру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Мұнда су жаңа балалар ойын элементтері, бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылған.
Сонымен қатар Түркістан көшесі 2/3 үйінің ауласындағы спорт алаңы ағымдағы жөндеуден өтті.
Ал, Қаратау ауданы Тұран шағынауданындағы «New city» тұрғын үй кешені ауласында балалар алаңшасы 25 қазан – Республика күніне тарту етілді.
Балалар алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтады.
–Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бүгін 25 қазан – Республика күні қарсаңында 9/3, 9/4, 9/6, 9/7 үйлердің ауласында жаңа балалар ойын және спорт алаңшасы қолданысқа беріліп отыр. Жалпы, биылдың өзінде 51 ойын және спорт алаңын салу жоспарланған болатын. Оның 41-і ойын алаңы. Мұның барлығы бүлдіршіндеріміздің игілігі үшін жасалапы жатқан дүниелер. Барша аудан тұрғындарын Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді аудан әкімі.
Жаңадан ашылған алаңшада демалуға арналған бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері орнатылған. Ал, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға да мүмкіндік бар. Жаттығуға арналған спорт тренажерлері салаутты өмір салтын ұстанушыларға сеп болмақ. Орнатылған ойын және спорт элементтерінің барлығы Шымкенттегі кәсіпорында өндірілген отандық өнім. Мердігер компания екі жылға кепілдік мерзім беріп отыр.
Тоқтар Жақаш