Балалар жылының түгесілуіне де аз уақыт қалды. Келешектің тұтқасы балаларға осы жылы нендей базарлық тиді, әсіресе, әдебиет әлемінде? Әдебиет айналасында айтылатын пікір қайшылығы да сан алуан. Кейбіреулер әдебиеттің осы бір жанры кенжелеп, даму көшіне ілесе алмай келе жатқанын көлденең тартса, екінші тарап аманаты ауыр жанрға қалам тартушыларға деген қамқорлықтың қалың болмауы бұған себеп деген байлам айтады.
Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы қызметін Нұрдәулет Ақыш атқарады. Біз балалар әдебиетінің даму үдерісі, бүгінгі аяқ алысы туралы жазушы Нұрдәулет Ақышты сөйлеттік.
Jas qazaq: Нұрдәулет аға, балалар әдебиетінің қазіргі ахуалы нешік?
Нұрдәулет Ақыш: Адам баласына, соның ішінде өз ұлтымыздың өкілдеріне қатысты имандылық, жақсылық нышандары сонау фольклорымыздан бастап, күні бүгінге дейін балалар жазушылары мен ақындарының назарынан тыс қалып көрген емес. Қазіргі қазақ балалар әдебиеті де осындай парыздық міндеттерді арқалап, дамып келеді. Ауызды қу шөппен сүрте берген жарамайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ балалар әдебиеті тоқырап, дағдарып қалды деуге болмайды. Жас оқырманның эстетикалық танымын ұштап, ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында ақын-жазушыларымыздың қал-қадерінше тоқтаусыз жұмыс жасап келе жатқандығын көретін көз керек алдымен.
Өткен шақтың кезеңдерімен салыстырып қарар болсақ, көркемдік талаптардың жекелеген параметрлері бойынша ілгерілеу нышандары байқалғанымен, жекелеген авторларда кібіртіктеулердің бары рас. Барлық көркем шығармаларға қойылатын ортақ көркемдік-эстетикалық талаптарға толығымен жауап бере алатын, ауыз толтырып айтарлықтай тұщымды шығармалардың ұсынылуы сиректеу, мұндай талапқа өне бойы толыққанды төтеп беретін кесек туындылардың тууы тым баяу. Біз «қазақ балалар әдебиеті», «балалар кітабы» деп жалпылай айтқанымызбен, бұл бағытта қалам тартып жүрген ақын-жазушыларымыздың есімдері көбінесе елеусіз қала беретінін несіне жасырайық. Содан да шығар, басқа оқырман қауымды былай қойғанда, бүгінгі таңда балалар әдебиетіне қалам тартып жатқан жас талапкерлердің арасында да алдыңғы толқынды біле қоймайтындар кездеседі. Бұл дегеніңіз – балалар әдебиетінің кейінгі толқыны алдыңғы буын өкілдерінің кейбірінің есім-сойын да, шығармаларын да жете танып-түстей алмайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақ балалар әдебиеті тоқырап қалды дейтін пікірге жығылатындар да бар. Бұны әдебиет әлеміндегі балаларға арналған шығармалардың өрісінен жеткілікті хабардар болмағандықтан айтылған сөз деп санағанымыз жөн. Осы арада балалар әдебиетін насихаттау мәселесінің кенжелеп келе жатқандығы да әсер етуі мүмкін.
Jas qazaq: Балалар әдебиетін насихаттау жолында маркетинг механизмі дұрыс іске қосылмағандай көрінеді кейде. Кітап оқымайтын ұрпақ келді, смартфонды серік етушілерге кітап қызық болмай қалды деп байбалам саламыз. Осы «ойбайымыз» ұзаққа созылатын түрі бар секілді.
Нұрдәулет Ақыш: Қазіргі ғаламтордың қолданылу аясы кеңеюіне тікелей байланысты кітап оқудың азайып кеткені рас. Соған қарамастан, қаламгерлеріміз балаларға арналған шығармаларын жанрлық жағынан түрлендірудің жолында аз еңбектеніп жатқан жоқ. Ұмтылыс, серпіліс, ілгерілеушілік бар, соны шүкір ету керек. Насихаттың кемшін соғып жатқаны да басы ашық жайт. Балалар әдебиетінде бұрыннан бар канондарды жаңаша дамыту, заман талаптарына сай ойлармен бірге жаңа детальдарды, штрихтарды енгізу уақыт талабы екендігі сөзсіз. Бірақ бұлардың бәрі әдебиеттің көркемдік талаптары шеңберінде, бай әдеби тіліміздің басты ұстанымдарын сақтай отырып жүзеге асырған абзал. Әйтпесе, оқытушы қауымның таным-түсінігіне обал болады. Өйткені бүгінгінің оқырманы сонау өткен ғасырдың оқырмандары емес. Талап-тілектері де, рухани қажеттіліктері де басқаша. Жас қаламгерлердің жаңа ой, жаңаша идея айтуға деген ықыластары кейде оқырман қауымның рухани талаптарынан да туындап жататыны да сондықтан. Жаһандану үдерісі қарқынды жүріп жатқан дәуірде адами құндылықтардың әлсіреп бара жатқанын байқауға болады. Адаммен бірге қоғам өзгеріске түсіп жатқан тұста баланың тағдыры мен баланың сана-сезіміне қатысты тың дүниелер әкелуге – кез келген жазушының шеберлігі жете бермейді, жүрегі де дауалай қоюы екіталай. Өйткені балалар өздеріне арналған эпикалық шығармалардан кейіпкерлердің тағдыр жолына үңіле отырып, олардың ой-қиялымен, сезім сырымен, жетістік-кемшілігімен танысады. Осындай туындыларды оқу барысында ересектер де бала мінезінің қыр-сырын таниды. Бала психологиясындағы өзгешеліктерге назар сала отырып, дұрыс тәрбие берудің басқа да жолдарын іздестіруге де мүмкіндік мол болады.
Jas qazaq: Балалар әдебиетіне ғана емес, жалпы сөз өнеріне түрен салуға ұмтылған жазушылардың тілдік қорының қазынасы қаншалықты? Ұлттық дүниетанымды, ұстанымды ұрымтал тұсынан ұстап дәлме-дәл бейнелеп, сөзбен сомдауда кейбір қалам ұстаушылардың шеберлігі қандай?
Нұрдәулет Ақыш: Сөзіңнің жаны бар, ұлттық рухты қаузайтын балалар поэзиясына тән негізгі кемшілік неде десек, олар – жекелеген өлеңдердің асфальт төселмеген жолдай кедір-бұдыр болып келуі, ұйқас қуалаймын деп жүйесіз инверсияға бару немесе қисынсыз сөздерді тықпалау, бір-бірімен байланыспайтын тіркестерді «байлап-матап» орынсыз қиюластыру, қазақ лингвистикасының заңдылығын бұзу, уақыт тынысын сездіре алатын бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің тапшылығы белең алып келеді. Осы соңғы жылдары әлі әңгіме деңгейіне көтерілмеген, эпизодтық, тіпті шығарма ішіндегі штрих, деталь деңгейінде қалып қойған жазбаларды да әңгіме деп ұсына салатын бір тенденция пайда болды. Тек балалар әдебиетінде ғана емес, салиқалы прозаға араласып жүрген авторларда да бұл «кеселдің ошағы» бел алып келеді. Бәлкім, эксперимент сипатындағы бұл құбылыс уақыт талабына орай жаңаша ізденістің нышандары болар дейміз. Жас буынның жазғандарының бәрі маңдайлары жарқыраған талантты туындылар десек, артық айтқандық болар еді. Жастардың бұл жауапты салаға көптеп қалам тартқандары дұрыс-ақ. Бірақ әдебиетке қойылатын бәріне ортақ зор талаптарды, сөз өнерінің заңдылықтарын үнемі қаперде ұстап жүрмесе, биік деңгейлі шығарма туғызу, өмірге кесек туынды әкелу өте қиын. Олардың қай-қайсысына да қуанатынымыз – жас буынның дұрыс тәрбиесіне сөз өнері арқылы тамшыдай болса да азды-көпті үлес қоса отырып, қазақ халқының ұлт ретіндегі игі қасиеттерін ұлықтап көрсетуге күш салып жүр. Мұның өзі қаламгердің жүрек түпкірінен табиғи шығып жатқан ізгі идея екендігі сөзсіз. Десе де, сөз басында айтқанымыздай, жас жазушылардың тіл байлығын еселеп, сөздік қорын молайту үшін ізденген үстіне іздене түскені абзал дер едім.
Jas qazaq: Дұрыс айтасыз, ізденіс керек, бірақ одан да үлкен аманат балалар әлеміне бойлап, солардың таным-түсінігіне сай шығарма жазу – орасан жауапкершілік.
Нұрдәулет Ақыш: Балаларға арнап көркем туынды жазудың бір қиындығы мүмкіндігінше әдеби тіл нормаларын дұрыс қолдана білуге байланысты шығар деп пайымдаймын. Бәлкім, көркемдіктің жүйесін бұзып, ерсілі-қарсылы сөйлей беретін ересек оқырмандарына арнап қалам тербейтін авторларға кейде аздап кешірім болатын шығар. Ал тілі енді қалыптаса бастаған бүлдіршіндердің аузына теріс тіркестерді, үйлеспейтін сөздерді тізбелей берсек, тілбұзарлықтың көкесін, зардабын сонда тартамыз. Сондықтан біреулер ойлап жүргендей, балалар қаламгерлеріне артылатын жүк тіпті де жеңіл емес. Жеткіншектердің жас ерекшеліктерін қатаң ұстанатын педагогика заңдылықтарына ескерсек, балалар әдебиеті деп жалпылай айтылғанымен, жазылатын шығармалардың оқырманның жас мөлшеріне қатаң лайықтай білудің өзі де осы қағидаға тікелей байланысты. Балалар әдебиетінде қиын салаларының бірі – кішкентай балаларға арнап шығармалар жазу. Бұл жағынан келгенде, жас оқырмандарды кітап оқуға тарта білудің мүмкіндігі зор деп айта алмаймыз. Керісінше, шектеулі екендігі байқалады. Бұл салада еңбек ететін жазушылардың санаулы болатыны да сондықтан шығар, бәлкім. Бүлдіршіндер үшін жеңіл ұйқасқа құрылған қарапайым тақпақтармен жеткізудің маңызы зор. Бала бір-екі жасты қосып, сәл есейген сайын оларға арналған тақпақ-өлеңдердің де күрделеніп, көркемдік талаптары жоғарылай түсетіні белгілі. Осындай шағын жанрларды игеруді шығармашылық мұраты етіп ұстанған авторлардың еңбегі, таланты тіпті де еленіп жүрген жоқ. Осы жағы өкінішті, әрине. Қазақ балалар әдебиетіндегі кіші жастағы балаларға арналған жаңылтпаш, санамақ, жұмбақ сияқты жеңіл жанрлардың табиғатындағы ерекшеліктер бар. Формалық ізденістерге түскен бұл жанрлар бойынша көптеген шығармалар жазылып та жатыр. Көңіліңді өсіретіні төменгі буынға арнап жазатын осындай авторлардың ізденістерінде мазмұн, түр, ұйқас жағынан жаңалыққа ұмтылу нышандары сезіледі. Бұл – құптарлық қуанышты құбылыс. Ондай ұмтылыстардың өзі аз да болса, көңіл жылытарлық. Ауыз әдебиетінен келе жатқан көне форманы бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың өлеңіне қолданудың өзі ұлттық нышанды сақтаудың бір үлгісі дер едім. Мәселе тек бұрқыратып көп жазып тастауда емес, керісінше, әдебиет атты сырлы әлемге тән көркемдік талаптарды жөнімен игере білуде.
Бүлдіршіндерге арналып шығып жатқан суретті кітапшалар да аз емес. Біразының мұқабасы қалың, қатырма қағазды. Ең кіші жастағы оқырмандарымызға нақ осындай кітапшалар жетіспей жатқан заманда, мұндай үрдіс, әрине, қуанарлық жағдай. Жалпы кішкентай балаларға арналған суретті кітапшалар мен кітаптарды шығаруға аса мұқият, зор талап қоя отырып қарағанымыз жөн.
Jas qazaq: Жас буынның әдеби ағымдарға арна салуы қаншалықты орынды?
Нұрдәулет Ақыш: Жастардың дүниежүзілік әдеби ағымға ілескісі келгендерін құптау керек, жақсысын үйреніп, жаманынан жирену үшін. Сонымен бірге көркем әдебиеттің ұлттық сипаты болуы балалар әдебиетіне тікелей қатысты. Еліктеу мен солықтау осы екен деп ұлттық негізіміз ұмтылып қалмауы тиіс… Жас буын өкілдері тарапынан реалистік шығармаларды жазуға деген ықылас бәсеңсіп бара жатқаны байқалады. Бұл бағыттағы ізденіс олқы екені байқалады. Жалпы балалар әдебиетіне ойысқан қаламгерлердің кейбір ескі сарыннан арылғаны дұрыс та шығар. Өйткені жаңаша көркемдік талдаулар жасай алатын, креативті ойлауға бейім жас қаламгерлер өсіп келеді. «балалар әдебиетін» трендке айналдырайық деп жүрген қаламгерлеріміз бар. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, жаңашылдыққа ұмтылуды желеу етіп, жаһандану заманында ұлттық ділімізден, салт-дәстүрімізден қол үзіп кетуге болмайды. Өйткені кейінгі буын өкілдері арасында ондай тенденцияның бой көрсете бастағанын көріп, біліп те жүрміз. Бүгінгі таңда қоғамымызда орнығып қалған ұранның бірі – жас қаламгерлерді қолдау керек, оларға әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларын оңалтуға көмектесіп әрі кітаптарын шығару керек деген қағида. Әртүрлі адамдардың, соның ішінде алдымен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы басшыларының және жастармен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар өкілдерінің атынан жиі айтылатын әңгімелердің бірі – осы. Мұндай қамқорлықтың нышаны кеңес дәуірінде де болған. Ол замандардағы комсомол ұйымы бар, басқа да мемлекеттік орындар бар, жастарға қамқорлық жасаудың жолдарын мүмкіндігінше қарастырып, жүйелеп отыратын. Жас буынға көмек беру – біздің жазылмаған дәстүріміз. Дегенмен бұл арада ойланатын бір нәрсе бар екенін ескеру керек. Алдымен шынайы талантты жас қаламгерлер мен орташа жазатын немесе әдебиетті ермек ретінде ғана көретін талапкерлердің аражігін ажыратып алу қажеттігі. Қамқорлықты содан кейін жазу өресіне, шығармасының шамасына қарай көрсету керек. Бұлай іріктеп, сүзгіден өткізіп алмасақ, біз «жастарды көтермелеу орынды, оларға міндетті түрде қамқорлық жасау керек» деген идеяның желеуімен артық аттанға басатын кезіміз де жоқ емес. Тәжірибелі әдебиетшілердің көзімен қарағанда, жастардың ең олқы тұсы – қазақ тілінің әдеби нормасын жеткілікті түрде игере алмауы, тілдің ескі заманнан қалыптасқан мәйегін, әдеби көркем тілдегі сабақтастықты аңғара бермейтін жағдайлар кездеседі. Соның салдарынан тіл байлығының шектеулі болуы, қалыптасқан сөз тіркестері мен сөздерді дұрыс қолдана алмаушылық, кейбір мақал-мәтелдердің мәніне тереңдей бойламауы басым. Кейде бұрыннан айтылып жүрген әңгімелерді, ойлар мен сюжеттерді, идеялық көркемдік ұстанымдарды қайталап шиырлау – қазіргі әдебиетті жасаушы кейінгі буын өкілдерінің ішінде жиі ұшырасады. Сондықтан да жастарға қамқорлықты бәріне емес, абайлап жасау керек, орынсыз көтермелеушілік, жойдасыз мақтангерлік, эмоцияның ырқымен кететін марапаттар басқа да салалармен бірге балалар әдебиетін де онша өсіре қоймайды.
Jas qazaq: Осы күнде өзіңіз одақта балалар әдебиеті кеңесіне төрағалық етесіз, қамқорлық қаншалықты бұл өріске?
Нұрдәулет Ақыш: Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жанындағы Балалар әдебиеті кеңесі өз жұмысын қарқынды жалғастырып келеді. Ең алдымен, кеңестің негізгі міндетін айтайын – жекелеген жаңа шығармаларды талқылау, қоғаммен байланысты үзіп алмау, реті келсе, нығайта түсу, әдебиеттің осынау маңызды саласына қадам басқан жастарға ақыл-кеңестер беру, сол үшін білім және мәдениет ошақтарында түрлі тақырыптағы кездесулер ұйымдастыру, балалар қаламгерлерін ынталандыратын жолдарды қарастыру. Сонымен бірге балалар қаламгерлерінің мүшелтойларын атап өту, тәуір деген туындыларды әдеби сыйлықтарға ұсыну сияқты шараларды атқару. Басын ашып күлбілтелемей айту керек, осы жұмыстардың барлығын кеңес мүшелері көк тиын алмастан, қоғамдық негізде атқарып келеді.
Республикалық Кітап палатасы 2020 жылды балалар әдебиетін өркендету мақсатында бәйге жариялауды қолға алып жүр. Өте құптарлық іс. Жеке кәсіпкерлер мен компаниялардың түрлі бәйгелер жариялауы жақсы дәстүрге айналды. Сол игі бастаманы одан арман кеңейте түссе, балалар әдебиетіне деген қалам тербеушілердің де шабытына, талантына тамшылау болар еді. Осы арада балалар әдебиетінің халықаралық байланысы жөнінде бір мысал айта кетуге болады. Қазақ балалар әдебиетін шетелге таныстыру мақсатында Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті кеңесінің қолдауымен жас қаламгер Зәуре Төреханова бастаған топ қазақ-мажар жобасын ұсынып отыр. Қаржыландырудың қиындығына қарамастан, қазір бұл бағыттағы жұмыс ақырын да болса алға жылжып келеді. Келешекте осындай ақжолтай бағыттағы басқа да жобалар жүзеге асырылса екен дейміз. Қазақ балалар әдебиетін ғаламтор мен электрондық құралдар арқылы насихаттау да күн тәртібінде тұр. Авторларға серпін беретін мұндай қамқорлықтың керек екендігі сөзсіз. Балалар әдебиетін дамытамыз, өрісін ұлғайтамыз десек, біз балаларға арналған кітаптарды таратуды жүйеге қою керек. Одан кейін Оқулық орталығы ұйымдастырып жатқан «Мектеп кітапханасы» сериялы кітаптарды шығару жұмыстарына қолдау көрсету қажет. Балаларға арналған көркем әдебиет кітаптарын мемлекеттік деңгейде марапаттау. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығы бұл сала бойынша соңғы рет кеңес дәуірінде Мұзафар Әлімбаевқа ғана беріліпті.
Мемлекеттік тапсырыспен шығару үшін балаларға арналған кітаптарға жеке-дара мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланса, дұрыс болар еді. Қазіргі таңда қазақ балалар әдебиетін дамыту мәселесі тоқырап қалған жоқ, түрлі қиындықтармен болса да, ілгері жылжуда. Бүгінгі балалар әдебиетін дамытуға қатысты Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы мүмкіндігінше қолдау көрсетуде. Осындай қолдау мәдениет және спорт министрлігі тарапынан да көрсетілсе, балалар әдебиеті дамудың даңғыл жолына түсер еді.
Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы