
Соңғы уақытта елдің әр аймағында балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері жиілеп кетті. Әсіресе өз баласын ұрып-соғатын аналар мен әкелер туралы жаңалықтар қоғамды алаңдатып отыр. Баланы тәрбие нысаны емес, агрессияны шығарудың құралына айналдыратын мұндай қатыгездіктің түпкі себептері неде? Осы сұрақтарға психолог Сымбат Абдрахманова жауап берді.
-Бұл мәселені бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес. Ғылыми психологияда балаларға қатысты зорлық-зомбылық көбіне созылмалы стресс, эмоцияны реттеу қабілетінің төмендеуі және отбасылық қақтығыстардың ұзақ уақыт бойы жиналуының салдары ретінде қарастырылады.
Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, кедейлік, жұмыссыздық, қарыз, әлеуметтік қолдаудың болмауы, отбасындағы жанжал секілді ұзаққа созылған психоәлеуметтік стресс ата-ананың миындағы өзін-өзі бақылауға жауап беретін жүйелердің жұмысын әлсіретеді. Мұндай жағдайда адам эмоциясын саналы түрде басқара алмай, агрессияны өзінен әлсіз әрі тәуелді адамға — балаға бағыттауы мүмкін.

Кейбір отбасыларда бала ерлі-зайыптылар арасындағы шешілмеген қақтығыстың «құралына» айналады. Психологияда бұл құбылыс ауыстырылған агрессия (displaced aggression) деп аталады. Америкалық психолог Альберт Бандура және кейінгі зерттеушілер адамның тікелей қарсы тұра алмайтын нысанға деген ашуын қауіпсіздеу нысанға бағыттауға бейім екенін көрсеткен. Бала арқылы күйеуден немесе жұбайынан кек алу — саналы қатыгездіктен гөрі, эмоционалдық жетілмегендік пен психологиялық шекараның бұзылуының көрінісі.
-Бұрын ата-аналар балаларын ұрып тәрбиелеуі қалыпты саналатын, қазір ол тәрбие құралы ретінде қабылданбайды. Мүмкін, қазіргі жағдайдың бір себебі осы шығар?
-Ғылыми деректер бұл пікірді қолдамайды. Баланы ұру ешқашан тиімді тәрбие құралы болған емес. Бұрын ол қалыпты әрі заңды деп есептелгені рас, алайда айырмашылық зорлықтың өзінде емес, оған деген қоғамның көзқарасының өзгеруінде.
Америкалық зерттеуші Элизабет Гершоффтың 2016 және 2021 жылдары жүргізілген кең ауқымды мета-талдаулары физикалық жазаның салдарын нақты көрсетеді. Онда ондаған жыл бойы жүргізілген жүздеген ғылыми зерттеу қамтылған. Нәтижесінде физикалық жаза:
• баланың агрессиясын арттыратыны,
• мазасыздық пен депрессия белгілерін күшейтетіні,
• ата-ана мен бала арасындағы сенімді бұзатыны,
• ересек өмірде сол баланың өзі зорлық көрсету ықтималдығын арттыратыны
ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Мәселе физикалық жазадан бас тартуда ғана емес, оның орнына позитивті тәрбиелеу дағдыларының жүйелі түрде үйретілмеуінде. Көп ата-ана «ұруға болмайтынын» біледі, бірақ ашуды қалай басқару керегін, баламен қауіпсіз шекараны қалай қоюды, тәртіпті күш қолданбай қалай орнатуды білмейді. Стресс жағдайында олар бұрынғы, таныс, бірақ қауіпті модельге – күш қолдануға қайта оралады.
-Қазіргі ата-аналардың психологиялық дайындығы төмен деуге бола ма?
-Иә, бұл фактордың маңызы өте жоғары. Зерттеулер ата-ананың психикалық денсаулығы мен баланың қауіпсіздігі арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетеді. АҚШ Ауруларды бақылау орталығының деректеріне сәйкес, депрессия мен мазасыздық бұзылыстары бар ата-аналарда балаға қатал қарым-қатынас көрсету қаупі әлдеқайда жоғары.
Көп ата-ана өз эмоциясын тануға, ашуды қауіпсіз түрде шығаруға, баланың жас ерекшеліктерін түсінуге үйретілмеген. Бұл дағдылар бұрынғы ұрпақтан берілмеді, ал қазіргі қоғам ата-анадан жоғары эмоционалдық тұрақтылықты, сабырды, саналы тәрбиені талап етеді. Осы сәйкессіздік ішкі кернеуді күшейтіп, ол көбіне балаға бағытталады.
-Бұл мәселені тереңірек түсіну үшін жаңа зерттеулер қажет пе?
-Негізгі психологиялық механизмдер халықаралық ғылымда жақсы зерттелген. Дегенмен Қазақстанның әлеуметтік, мәдени және отбасылық ерекшеліктерін ескеретін ұлттық зерттеулер өте қажет.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ата-аналардың стресс деңгейін, тәрбиелік көзқарастарын және психологиялық көмектің қолжетімділігін жүйелі түрде зерттеген елдерде зорлықтың алдын алу бағдарламалары әлдеқайда тиімді іске асады. Бізге тек дерек жинау емес, сол деректерге сүйеніп ата-аналарға арналған оқыту бағдарламаларын, ерте психологиялық қолдау жүйесін дамыту маңызды.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық
Фото: mnews.kz