Өткен аптада ақтөбелік ардагер Көшкінбай Ахметов облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысқан жиында ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселе көтерді. Ол «Қазір қыз мінезді ұлдар көбейіп барады. Себебі балабақшада әйелдер тәрбиелейді, мектепте әйелдер сабақ береді. Колледж бен өзге оқу орындарында тағы да әйелдер басым. Бұл болашақта ер баланың шешім қабылдауына кері әсерін тигізеді», – деді. Біз осы тақырыпты жан-жақты зерделеу үшін ардагер-ұстаз Молдағали Батқан, этнограф Болат Бопайұлы және Гарвард университетінде білім алып жүрген белгілі журналист Шыңғыс Мұқанның ой-толғамын ұсынғанды жөн көрдік.
Тұлғалық қасиеттің тұғыры
Молдағали Батқан, ардагер ұстаз:
Қазақта әдемі мақал бар: «Ағаш жапырағымен көрікті, адам ұрпағымен көрікті». Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, біз шынында, бала тәрбиесінен айырылып қалдық. Қазаққа шырай берген баяғы ұрпақ қазір жоқ. Неге?
Біріншіден, кешегі кеңес үкіметі кезіндегі тең-құқықтық, өзімшілдік саясаттың құрбанына айналдық. Ұлтқа төнген үлкен қасіреттің бірі осыдан келді. Сөйтіп қазақтың қыз-келіншектері ұлттық рухтан ада болды. Даналық, кісілік, тектілік, ұяңдықтан айырылды. Ер-азаматпен жағаласып тұратын, беттен алып, төске шабатын жат мінез жұқтырды. Міне, сөйтіп тең-құқықтық саясаттың кесірінен әйелдердің бойындағы ұлттық мінез, қазақылық қасиет жойылды. Осыдан кейін ондай анадан туған ұрпақтың не болатынын ойлай беріңіз…
Тарихқа көз жүгіртсек, француздар әлемде ең мәдениетті ұлт, өркениетті ел деп аталған болатын. Еврейлер сол халықтың қыздарын «Әлемдегі ең сұлу әйел – француздың қыз-келіншектері» деп мақтап-мақтап, нәзік жанды әйелдер қауымын аздырды. Әйелдің тәрбиесі бұзылған соң, ұлттың тамырына вирус жұғады екен…
Бізге де Кеңес үкіметінің тұсында сондай саясат жүргізілді. Тең-құқықтық саясат – қазақтың дәстүрлі әйел менталитетін өзгертіп, бала тәрбиесін бұзды. Еркек оттың басындағы рөлінен, бала тәрбиесіндегі әкелік ықпалынан айырылып қалды. Баяғы бабалар айтатын «Қатын – би, еркек – құл» болған заманға дөп түстік. Бұл – ащы да болса шындық.
Қазір мектептегі ұстаздардың 99 пайызы – әйелдер. Жалпы оқу-ағарту саласы – балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарындағы ұстаздың дені – нәзік жандылар. Бала үйде анасының ықпалында өссе, мектепте апайының тәрбиесін көреді. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Әйелдің психологиясымен қалыптасқан бала жасық, жігерсіз, нәзік болып өседі. Намыссыз бен сатқын – осындай ұрпақтан шығып жатыр. Өйткені баланың бойындағы атаның қанымен берілген табиғи мінез бұзылған соң, оның жан-дүниесі өзгереді.
Үйде шешесі билік құрған, мектепте апайынан тәлім алған соң, баланың бойында тұлғалық қасиет қалыптаспайды. Тұлғалық, көшбасшылық қасиетті бала көп жағдайда әкесі мен ер мұғалімнен ғана ала алады. Мектепте немесе жоғары оқу орындарында «Дене шынықтыру», «Еңбек» сияқты пәндерден беретін бірлі-жарым ғана ер мұғалім бар. Бірақ олардың өзі оқушысын араққа жұмсайды. Бірге тұрып темекі шегеді. Осындай өз қадірін өзі қашыратындарды жоққа шығара алмаймыз…
Жалпы ұрпақ тәрбиесіндегі жіберген олқылықтың орнын толтыратын жол бар ма? Әрине, бар. Ол үшін дәрігерлер мен ұстаздардың ұлттық статусын, мәртебесін қалпына келтіруіміз қажет. Сонда ғана жоғалғанымызды табамыз. Әйел мұғалімдердің орнын жарым-жартылай болса да ер-азаматтармен ауыстырсақ, ұрпақты да, ұлтты да сақтап қалуға болады.
Бұрын бізге сабақ берген мұғалімдердің ұстаздық тұлғалық қасиеті ерекше болатын. Біз оларды көрген жерде құрметтеп, алдын кесіп өтпейтінбіз. Қазір керісінше. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: халықтық педагогикаға өтпей, бұрынғы ата-бабаларымыз сияқты ұлы тұлғалар тудыра алмаймыз.
Болат Бопайұлы,
Қазақ ұлттық салт-дәстүр академиясының академигі, этнограф:
Ұлдың қыздай қылықты болғаны қынжылтады
Атам қазақ «баланы жастан» дейді. Бағы заманнан-ақ өмірдің шамшырағы болған бақыттың бастауын – оттың басы, ошақтың қасында отырып-ақ дастархан басында балаларына болашақ құнды бағдарлама айтып, құлағына құйып отыратын.
Қазақтың алып батырлары мен көсем, шешендері, айтқыш, тапқыш, айтулы ақсақалдары, әнші-күйші өнерпаздары, тігінші, шебер, ұста, іскерлері мектеп-медресе табалдырығын аттамай жатып атаның ақылымен, ананың арына әбден суарылып, білімнің алғашқы көзді бастауын, көкірегін ашып, білім табалдырығын аттайтын-ды. Ұлтымыздың осындай ұлттық құндылықтары дәл бүгінгі күндері сарқылып бара жатқандай.
Неге?
Бүгінгі ғылым дамып, экономика өркендеп, тұтас әлем елдерінде жаһандану жаппай жүріп жатқан, әсіресе, рухани құндылықтың орнын тасқындап басып бара жатқан заттық мәдениет дәл бүгінгі ұрпақтың көзқарасын ғана өзгертіп қоймай, мінезін де орасан зор дәрежеде өзгертуде.
Ол ғана емес!
Балабақша, мектеп, орта техникум, жоғары оқу орындарында оқып жатқан барлық тәлімгеріміздің мінезіне бірден ықпал етіп келеді. Бұлай дейтін себебіміз, тасқындап кірген ғылым-техника мен әлемдік мәдениеттің ықпалы күллі адамзат баласын бір-біріне жақындастырып бара жатқандығы айдан анық көрінеді.
Мынау зымыран заманға ілесіп өркениетті өмір сүрудің өзі – қазіргі қоғам адамдары үшін де, ата-аналар үшін де, балалар үшін де оңайға түсіп тұрған жоқ. Қарыс қадам бассаң, бәрі экономикаға, ақшаға тіреле кетеді. Ақшасыз адам қанатсыз құстай ұша алмайды. Тұрмысын жалғастыра алмайды. Сондықтан, ата-ана бала тәрбиелей ме, жоқ ақша таба ма?! Таң бозынан кетіп ақшам сөне үйге оралған әке-шешенің халін дәл қазіргі таңда айтып жатудың өзі сын!..
Қазір «ақшалы кісі – ағай, ақшасыз кісі – малай» деген сияқты заманына қарай мақал туып үлгерді. Ақыл айту оңай, жұмыс істеу қиын. Бірақ сол істейтін жұмыс табыла қалмайды. Табыла қалған күнде де, беретін ақысы жарытпайды… Бұл мәселені жайдан-жай қозғап отырған жоқпыз. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деп бұрынғылар да бекер айтпаған. Біздің бүгінгі ұрпақ қара нанға қарық болған шығар, десе де қазақы құндылыққа аш.
«Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді». Бұл – менің сөзім емес. Ата-бабаларымыз шегелеп кеткен шындық. Осыған орай айтсам, күллі білім ордаларының барлығында тек әйелдер қауымының ұрпақ тәрбиелеуі – қайсар қазақтың қарымды да, қайратты ұлдарына қалай әсер етіп отыр?!
Ендеше осы арадағы түйткіл не?
Түйткіл мынада: қазір ұстаз деген ұлы мамандықтың жалақысы, яғни еңбегінің өтемі тым төмен. Әрі біздің елде ұстазға деген сый-құрмет те кемшін. Бір сөзбен айтқанда, білімді ұстаздан қалталы кәсіпкер беделді. Сондықтан, атпал азаматтар алтын басын кішірейтіп, төмен жалақыға телміргісі келмейді. Бұл – бір қарамаққа тұрмыстық мәселе болғанымен, ұлттық руханиятқа анағұрлым тәуелді екенін біреу білсе де, біреу біле бермейді. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай етіп түйіндер болсам, білім ошақтарына үлкен жалақымен жалынды да, жігерлі жігіттерді тарту – болашақ айбынды да, айбатты, қарымды да, қайратты азаматтарды жетілдіріп шығаруға салған инвестиция болмақ.
Әлбетте, бұл мәселені әйелдер қауымының орнын төмендету үшін айтып отырған жоқпыз. Ащы да болса шындық. Бүгінгі жас жеткіншек жігіттердің қыздай қылықты болып бара жатқаны қатты қынжылтады. Бір сөзбен айтқанда, азаматқа тән айбаты кеміп кеткен. Оның бірден-бір себебі – тек әйелдер қауымының аудиториясынан тыныс алудан деп кесіп айту артық та, жалған да емес. Сол үшін «тал бесіктен бастау алған тәрбиені», әсіресе, ұлдар қауымы ер-азаматтардан алса, туа бітті табиғатына анағұрлым жақындар еді.
Ертеңгі ұлдарымыз бірін-бірі «батырым» деп атасын десек, білім саласында атпал азаматтардың қатарын көбейтуді көп кешіктірмей қолға алған абзал. Ол үшін мемлекет қоржынынан аздап артық ақша шығатыны ақиқат. Десе де, ұтылмаймыз. Ұтамыз…
Шыңғыс Мұқан,
Гарвард университетінің студенті (Кембридж қаласы):
Тәрбие мен экономика – егіз
Осыдан бір жарым жыл бұрын, Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен оқу демалысына шықтым. Америкаға аттандым. Гарвард университетіне түстім.
Ойымда жауабын тапсам деген жалғыз сұрақ болды. Әлемдегі теңсіздіктің мәнін анықтағым келді. Қазіргі дамыған елдер қайтып осы деңгейге жетті? Оның сыры неде? Неге осыны үйреніп, елге алып келіп, дамып кетпеске?
Мемлекеттер дамуының сырын іздеу адамдарды зерттеуге алып келді. Зерттей келе көзім жеткен дүние – адам дамуы мемлекет дамуымен тікелей байланысты екен. Жаңалық ашқан жоқпын. Баршаға аян шындық.
Зерттей келе көзім жеткен тағы бір құпия – мемлекеттік мәселе отбасылық тәрбиеден басталады. Отбасы да бойға сіңетін құндылыққа байланысты болып шықты.
Адамзаттың басым бөлігі ХХ ғасырдың басына дейін аграрлық қоғамда өмір сүрген. Аграрлық отбасыда отағасының қолында шексіз билік болады. Бір адамның үйде бас болғанын жаман деп отырған жоқпыз. Көбіміз әкеміздің қас-қабағына қарап ауылда өстік. Бұл жерде психологиялық астар бар. Қазақ отбасыларында әкенің айтқаны – заң. Қатал әке – ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біледі. Барлық сұраққа – өзі жауап. Оған ешкім күмән келтірмейді. Ой талас, бөтен пікір жоқ.
Бара-бара қаталдық әлгі баланы көнгіштікке алып келеді. Өскен соң бойұсынғыштық бағыныштылыққа апарады. Өзің шешім қабылдасаң, дұрыс болмайтын сияқты. Сөйтіп тәуелділіктен тәуекелсіздік пайда болады. Тәуекел жоқ жерде әлеуметтік өзгеріс орын алмайды, экономиканы ілгерілететін инновация шықпайды.
Бертін келе мектепте ата-ана функциясы жартылай мұғалімге ауысты. Олар да сол ортадан шыққан, баланы шеңберде ұстауға тырысады. Одан соң әке мен ұстаздың орнын басшы басады. Басшы – сенен бастама күтеді, сен – басшыдан нұсқау күтесің.
Еліміз 2050 жылы дамыған 30-дыққа енуді жоспарлаған екен. Оған нұсқаумен емес, әр азамат шығармашылық әлеуетін жүзеге асыра алғанда ғана кіреміз. Шығармашылық әлеуеттің дамуы (innovative potential, creativity) – отбасыдағы еркіндіктен, ал оны жүзеге асыру – қоғамдағы еркіндікке байланысты. (Сергей Брин немесе басқаларының жұлдызы Ресейде емес, өзге елде жануы, осының мысалы. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме).
Сонымен, экономикалық өсім де, отыздыққа ену де отбасыдағы тәрбиеден басталады. Бір қарағанда, экономика мен тәрбиенің қатысы жоқ сияқты. Ал шындығында адам қасиеттерін мемлекет қабілетіне айналдыру – тікелей тәрбиеге байланысты.
Еріксіз әрі бойұсынғыш ұрпақ ешқашан да еркін әрі қайсар xалыққа айналмайды.
Қазақы тәрбиедегі құндылықты зерделеу – озығын қалдырып, тозығын қайта қарау – Руxани жаңғыру бағдарламасы аясында қоғамдық талқыға салатын басты шаруа. Осы мәселе қытайларды да қатты алаңдатыпты. Себебі бүкіл инновацияның көбі Америкада пайда болады. Сөйтсе, Американың балалары ғылыми фантастиканы көп оқиды екен. Бұл әдеби жанр қиялдауға, арман қууға алып келеді. Бұны бір деп қойыңыз.
Екіншіден, қияли баланың ойын жүзеге асыруға көмектесу ата-анаға байланысты. 2014 жылы Вашингтонда өткен жастар форумына қатыстым. Сахнаға 20 жасқа дейінгі өнертапқыштар шықты. Аты-жөндері есімде жоқ. Солардың ішінде бір жігіт қаншама эксперимент жасағанын, үйдің ас бөлмесін неше рет өртеп алғанын, сынаққа қажет бір химиялық элементті әке-шешесімен бірге неше күн іздегенін әңгімелеп берді.
Еркіндік дегеніміз – еркелету емес, міне, осы өз ойын іске асыруда қолдау деген сөз. Қиялдауға үйрету, қиялды іске асыруға көмектесу деген сөз. Америкада бір жарым жылдан бері тұрып жатырмын. Баласын еркелетіп отырған бірде-бір ата-ананы көрмеппін. Керісінше, балаларымен үлкен адамдарша сөйлесіп отырады. Баласы бір нәрсе қаласа, неге оны қажет етіп отырғанын талқылайды. Сол таңдаудың жауапкершілігін баланың өзіне артады.
Қазақ отбасыларында осы жасқа келіп байқағаным, иә еркелетеді, иә ұрсып алады. Балалармен мәймөңкелесудің қажеті жоқ, олармен сөйлесу керек. Сабақта не қызықтырады? Достары кім? Кім болғысы келеді? Оған қалай жетуге болады деп ойлайды? Былай істесең, олай болады деп сұраққа дайын жауап беру де тәуелділікке алып келеді. Сұрақ қойса, сол сұраққа өзі қалай жауап берер еді деп сұраңыз. Білмеймін десе, ол сұрақтың жауабын қандай кітаптан іздеуге болатынын сұраңыз. Бірге кітапханаға барып, сұраққа жауап іздеңіз. Өз сұрағына өзі жауап тауып үйренуді бала кезінен үйреткен жөн. Ол бала қазір ата-анадан жауап күтсе, үлкейген соң, биліктен жауап күтеді. Оның сұрауы қанағаттандырылмаса, кім кінәлі? Дұрыс білім бермеген ата-ана кінәлі! Жұмыс тауып бермеген мемлекет кінәлі.
Сонымен қатар сұрақ іздеу жолында бала талай рет сәтсіздікке ұшырайды. Сенен түк шықпайды деп қолыңызды бір сілтесеңіз, ол келесіде қателеспеуге тырысады. Қателеспеуге тырысу – тағы да тәуекелсіздікке алып келеді. Тәуекел жоқ жерде жаңалық жоқ, үйрену жоқ. Сондықтан, кез келген сәтсіздік – бұл үйрену жолы. Әрбір жетістіктің артында жүздеген сәтсіздік жатыр. Адам жетістіктен үйренбейді, сәтсіздіктен үйренеді.
Ал балаға ұрысу, тіпті ұру мәселесіне келсек, ашуға міну – баланың жетесіздігінен емес, әке-шеше жетіспестігінен. Неге? Себебі ата-ана сөзбен айтып түсіндіре алмаған соң, ашуға мінеді. Ата-ана айтып түсіндіре алмаса, оған бала кінәлі ме, ата-ана ма? Түсінікті етіп жеткізу – тыңдаушының емес, айтушының міндеті. Ол үшін не істеу керек? Балалармен сөйлесу керек. Күнде. Сөйлескен сайын, ата-ана мен бала арасында байланыс орнайды. Балаңыз сізді бір айтқаннан түсінетін болады. Ашуға мінудің қажеті жоқ. Еркелетудің де қажеті жоқ. Жетістікке жетсе, қуаттаңыз. Сәтсіздікке ұшыраса, арқасынан қағыңыз.